Басты ақпаратҚоғам

Ғасырдан асқан ұстаздық жол

Бүгін – мұғалімдер күні. Ұлт ұрпағының ұғымтал болып өсуіне, білім мен тәрбие беру ісіне үлкен үлес қосып, саналы ғұмырын осы салаға арнаған мұғалімдер жетерлік. Білім мен білік, қажыр мен қайрат сынға түсетін ұстаздық қызметті өмірінің мәні де, сәні де ете білгендердің қатарында елордалық Сәрсембековтер отбасы да бар. Бір отбасының бірнеше буыны ұстаздық мамандықты таңдаған әулеттің бүгінде педагогикалық еңбек өтілі – 124 жыл.

«Алты Алаш бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз еңбегі, ұстаз абыройы бәрінен биік. Сондықтан да қазақта атадан балаға жалғасып, ұстаздықты мұра еткен отбасылардың үйінде де ерекше береке болатындай. Ал Сәрсембековтер әулетінде 6 бірдей мұғалім бар.

Әулеттің ұйытқысы, жет­пістің желкесінен асқан Мұратқали Сәрсембеков 35 жылдық еңбегім ақталып, ұстаз бақытына жеттім дейді.

«Мен Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Суықбұлақ орта мектебін бі­тірдім. Әскерге барып келген соң, ұстаздық жолды таңдадым. Семей облысының Педагогикалық институын тәмамдап, химия және биология пәні мұғалімі ретінде Суықбұлақ орта мектебінде қызмет еттім.

Ұстаз шәкіртімен мәңгі мәуе­лі. Оқушының жетістігін көру – мұғалім үшін бақыт. Түлеп ұшқан оқушыларым бүгінде белді мамандар, еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада абыройлы еңбек етуде. Отбасымдағы балаларым да бұл саланы таңдағанына қуанамын. Себебі ұстаздық жолда атқарған адал еңбек ешқашан бағасыз қалмайды» деді ардагер ұстаз.

Мұратқали Сәрсембековтің зайыбы Зияш Сәрсембекова да ұзақ жылдар бойы мұғалім болып қызмет еткен. 36 жыл физика және математика пәні мұғалімі ұстаздықты арман-тілектен бұрын, қанмен, текпен дарыған мамандық, атакәсіп деп есептейді.

Ардагер ұстаздар – бүгінде 3 ұлын тәрбиелеп, олардың қызығын көріп отырған бақытты жандар. Ұлдарының бірі Ерлан Сәрсембеков – Астана қаласының Міржақып ­Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі.

«Абыройлы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жарымды да осы саладан таптым. 16 жылдан асқан еңбек жолымда саланың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін жете ұғындым. Педагог ретінде айқындап алған мақсатым – әр оқушының бойынан ерекше қабілеттерді тауып, оларды жаңа белестерге жеткізу» деп бөлісті мұғалім.

Бұл әулеттің бір ерекшелігі – отбасына түскен үш келіннің үшеуі де мұғалімдер. Олардың қатарындағы Лаура ­Сәрсембекова – елордалық Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры. Өткен 20 жылында ол Астананың бірқатар мектептерінде әр жылдары директордың оқу, бейімдік жұмысы орынбасары қызметін атқарды.

– Әу баста мұғалім боламын деп ойламадым. Оған себепші болған әжем мен әкем еді. Сол кісілердің ықпалымен жоғары оқу орнына түсіп, бұл саланы жаныма жақын тарттым. Қызметімді Шығыс Қазақстан облысында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы ретінде бастадым. Кейін салада өсуіме қанат бітірген, әркез қанжығалап отырған менің ата-енем еді. Келін болып түскенде, олар түсіністікпен қарап, дастархан басында отырғанның өзінде «барып сабағыңа дайындала бер» деп үнемі қолғабыс білдіріп отырады.

Арада жылдар өтіп, отбасымызбен Астанаға көшіп келдік. Бірнеше білім беру мекемелерінде тәжірибемді жинақтап, соңғы екі жылда мектеп директоры ретінде жұмыс істеудемін. Қазіргі таңда Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясында 108 мұғалім оқытса, 1370 оқушы білім алады, – деді Л.Сәрсембекова.

Мектеп директорының айтуынша, ұстаздың басты миссиясы – балаға өмір сүру дағдыларын үйретіп, қоғамға оңай бейімдеп, өз орнын таба білуге көмектесу.

«Балаларыма тәрбие бергенде үнемі адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату, көркем мінезді болудың мән-мағынасын ұғындыруға тырысамын. Себебі мұғалім үшін тиімді әрі дұрыс коммуникацияның орны айрықша. Мұғалім білгенімен ғана шектелмей, білімін одан әрі жетілдіруі қажет. Қазірде оқушыларға ұлттық құндылықтарға негізделген білім беруді, өз ойын анық әрі нақты жеткізетін тұлға ретінде қалыптастыруға басымдық беріледі. Оқу процесіндегі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқушылардың жалпы адами қасиеттерін арттыруға септесіп, бүгінде нәтижесін көрсетіп келеді» деді ол.

Ерлан мен Лаура Сәрсем­беков­тер – көпбалалы ата-ана. Үйдің тұңғышы Мадина Мұратқали – Астана Халықаралық университетінде биология пәні мұғалімі мамандығының 2-курс студенті.

«Мамандықты таңдауыма отбасым себепші болды. Балаға білім бере отырып, мейіріммен сусындатқаны әсер етіп, өзім де осы саланы жаныма жақын көрдім. Мен ата-анамнан баламен дұрыс жұмыс істеудің, олардың тілін табудың әрі сапалы білім берудің әркез жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеріп отырамын. Мұғалім – баланың мектептегі білім беретін ғана емес, тәрбиеге үйрететін екінші анасы. Отбасымызда ата-анамыз бізді ынталандыру мақсатында жақсы жетістігіміз не үлгеріміміз үшін шабыттандырып отырады. Қазіргі буын сапалы әрі жаңашыл оқыту жүйесін күтеді. Сабақ барысында мейлінше көрнекіліктің жарқын түрлерін көрсету, қиын болып көрінген тақырыптың өзін ойын түрінде үйрету оқушылар үшін маңыз­ды» деп ой бөлісті студент.

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің. Ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып жатқан қасиетті мамандықты қоғамда дәріптеп, ұстаз атауын ұлағаттап жүрген әулеттердің болуы еріксіз сүйсіндіреді. Біліммен сусындатып, рухани және адами қасиеттерді балаға дарытып жүрген ұстаздардың еңбегі қашанда құрметті.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button