9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр

Көпті көрген көнекөз қария Абдурахман Сафаров ғасырдан астам ғұмырында өмірде талай қиындықты да, қызықты да көрді. Әсіресе, жан алып, жан беріскен кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста алғашқы ұрысқа түскен кезі есінен бір шықпайды. Елордалық Ұлы Отан соғысының ардагері оны жас ұрпақпен талай болған кездесу, отырыстарда айтып келеді. Әлі де айта береді. Өйткені ондай қантөгіс енді қайталанбаса екен дейді. Адамдар тек қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбітшілік заманда өмір сүрсе екен деп тілейді.

[smartslider3 slider=2916]

Ол 1920 жылы 20 мамырда Өзбекстанның Жаңажол ауданы Тоғыс ауылында дүниеге келді. Еңбекке ерте араласты. Жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін көктемгі далалық жұмыстарға үлкендерге көмекке барып жүрді. 1940 жылы 14 қазанда оны Қызыл әскер қатарына шақырды. Ал 1941 жылы майданға жіберілді. Неміс басқыншыларынан Смоленск, Калуга, Витебск қалаларын азат етуге қатысты. Майдан даласының алдыңғы шебінде жүріп, Берлин мен Кёнигсбергке дейін жетті. Осы ерліктері үшін қазір оның кеудесінде І, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені мен «Кёнигсбергті азат еткені үшін», «Мәскеуді қорғауға қатысқаны» және «Ерлігі үшін» медальдары жарқырайды.

 Бір қызығы, жүз жасаған қария сексен жылдан аса уақыт өтсе де, майдан даласындағы жаумен соғысқан кез келген сәттерін күні бүгінгідей етіп әңгімелеп береді. «Біздің жастық шағымыз өте қиыншылықта өтті ғой» деп есіне алады ол сол бір қиын-қыстау кезеңдерді ой елегінен өткізіп. «Алғашқы әскери дайындықтан Курск қаласында өттім. Тұңғыш рет мылтық атуды үйрендік. Сөйтіп, майданға кіргенде ауылда өскен бізге тірі адамға мылтық кезену оңай болған жоқ. Бірақ жаудың аты жау – сені оны өлтірмесең, ол сенің көзіңді жояды. Сондықтан бәрін де бастан кештік, бәріне де көндік» дейді ол.

«1941 жылдың 15 маусымында біздің алдымызда Ельно қаласын жаудан азат ету міндеті тұрды. Бұйрықтың аты – бұйрық. Оны қайткенде де тек орындауың керек. Мен кіші командир едім. Қасымдағы майдандастарымның рухын көтере отырып, жеңіске деген құлшыныспен сол күні ұрысқа кірісіп кеттік. Алты сағат кескілескен шайқастан кейін қала кеңес әскерлерінің қолына өтті. Міне, осы жеңіс бізге күш берді. Одан кейін Можайск, Подольск ауылдарын басқыншылардан босаттық» деп ардагер майдан естеліктерін өрбітті.

Өзінің туған ауылы Тоғысқа Абдурахман Сафаров соғыс аяқталған соң бір жылдан кейін ғана оралды.

Бейбіт күннің қадірін жете сезінетін ол сырттай оқи жүріп, педагогикалық білім алды. Сөйтіп, Ташкенттің бір мектебінде жас ұрпаққа математика пәнінен қырық жыл сабақ берді.

Бүгінде майдангер мәуелі бәйтерек сияқты ұрпақ сүйіп, немере, шөберелерінің ортасында бақытты өмір сүріп жатыр.

2000 жыл – жаңа ғасыр тоғысы Абдурахман Сафаров үшін есте қаларлықтай, елеулі болды. Ол өзінің туып-өскен жерінен өкше көтеріп, Қазақстанның жаңа астанасына қоныс аударды. Бас қала майдангерді құшақ жая қарсы алды. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысының ардагері отбасымен бірге Есілдің жағалауынан жанға жайлы барлық жағдайы бар кең пәтер алды. Ақсақал қазір жасы 100-ден асса да, әлі тың. Жеңіс мерекесі қарсаңында жас жеткіншектерге жүріп өткен өмір жолын әңгімелеуден бір жалықпайды.

 

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button