Мәдениет

Ғасырларды сөйлеткен композитор

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармонияның концерт залында көрнекті композитор, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» атты концерт өтті.

Қазақстан композиторлық мектебінің негізін қалаушыларының бірі саналатын композитор мұрасы музыкалық өнердің көптеген жанрын қамтиды. Соның ішінде опералар, симфониялар, ораториялар, концерттер, әндер, романстар, хорлар, драмалық қойылымдарға арналған музыка, т. б. бар.

Сыдық Мұхамеджанов қазақ музыкасында жаңа жанрлардың негізін қалады. Атап айтқанда, алғашқы ұлттық комикс операсын, алғашқы қазақ ораториясын, оркестрмен дауысқа арналған концерт жанрын енгізді. Концерт бағдарламасы оның шығармаларынан тұрып, симфониялық туындылар мен вокалдық шығармалар ұсынылды. Оркестрге арналған 4 бөлімді «Көне Түркістанда» сюитасы, дауыспен оркестрге арналған концерт, «Ақан сері- Ақтоқты» операсынан «Ақтоқтының ариясы», «Айсұлу» операсынан «Айсұлудың ариясы» мен «Серкенің каватинасы», ұлы Абайдың өлеңіне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім» романсы, «Ғасырлар үні» ораториясы әуеледі.

Концертке филармонияның шы­ғармашылық ұжымдары мен солистері қатысты. Симфония­лық оркестр (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, дирижері – Арман Жайым), камералық хор (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова), әншілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ пен Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның Мәде­ниет қайраткері Баян Жүсіпова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әйгерім Аманжолова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Талғат Аллабиринов, Фируза Рахметова, Нұрсәт Алмас өнер көрсетті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button