Жаңалықтар

ҒАЖАЙЫП КҮНТІЗБЕ

IMG_87451

Бірде Жаңа жылдың қарсаңында әйелдерге арналған күнтізбе сатып алдым. Басқа күнтізбелерден ерекшелеу базарлығым өзіме өте қаттты ұнады. Ашық бояумен салынған гүл мен миуалы жемістерге толы себеті бар натюрморт суреті де, әзіл-қалжыңы аралас атауы бар толтыратын бос бөлімдері де, сандары айқын күнтізбесі де – бәрі көңілімнен шықты.

Үйге келе сала, қолыма қалам алып күнтізбемді ыждаһаттап толтырмаққа отырдым. Сөйтсем, кейбір отағасына арналып, «сорпаның қайнау уақыты, шұлық-шұлғауыңды бәлен жерден тауып ал, ыдыс жуу кезегі» деген нұсқаулары біздің қаракөз ханымдарға онша келіңкіремейді екен. Осы күйінде толтырыла қалса, отағасы ойрандамаса да отбасында бір кикілжің болары айдан анық. Сонда да болса бос қалдырмас үшін ол жерлерді басқаша толтырып қоюды жөн көрдім. Ыдыс жуу кезегі деп, дүйсенбіден жексенбіге дейін бөлінген орынға мен отбасыма арнап «Осы күннің бәрінде де мен сендерді жақсы көрем» деп жазып қойдым. Тағы да бір жерінде «Өмір өте тамаша, таңғажайып!» деп ұрандаттым.

Ал,  өзіме ерекше ұнап, өзгертпестен толтырмақ болған бөлім «Сүйіктім, маған сыйға…» деген тарау еді. Көп ойланбастан- ақ көкейде жүргенді бүгіп қалмай, лекітіп тізбектете жөнелдім. Сонымен, «сүйіктім, маған сыйға: құндыз бөрік, асыл ішік, гауһар сақина мен сырға, Гавай аралдарына жолдама…».  Әй, армандасам да артық кеттім-ау деп, жақшаның ішіне «Түркияға болса да жарайды» деп түзетіп қойдым.

Жаңа жыл да жетті, күнтізбе қабырғаға ілінді. Үйдегілер жапырласып, қарап жатыр. Отағасы «Маған сыйға…»  деген тарауға жеткенінде басын шайқап, «Тағы біраз ойлансаңшы, мына тілектерің аздау емес пе?»  деді мысқылдап. Мен байғұс бая-шая: «Жұрттың келіншегі кигенді осы жасқа келіп мен неге кимеймін? Адамның қоры бұл күнде, ең болмаса, Қытайға барып келді, осы мен кімнен кеммін?»  деймін қалжыңға наз араластыра.

Дегенмен, бұл өзі бір қызық дүние болды. Сол күннен бас­тап үйге келген қонақтар қолдарына қалам ала салып, төрде ілулі тұрған күнтізбенің ашық қалған жерлеріне бізге деген өз тілектерін жазуды әдетке айналдырды. Сонымен, күнтізбе тек күн санау міндетін атқарып қоймай, өздігінен үйіміздің тілекшісіне де айналып кетті.

Жарты жылдай уақыт өтті, елеулі өзгеріссіз күндер өтіп жатты. Жадырап жаз да жетті. Бірде қызын ертіп нағашы әпкем келе қалды. Бір сөзінде жақында Түркияға демалысқа баратынын айтып қалды. Мен: «Ой, не деген бақыттысың! Мен болсам,ондай демалыс жайлы қиялдап, онымды тек қағазға түсіріп қойдым»  дегенім сол-ақ екен, қасымда отырған қызым жұлып алғандай:  «Сіз де барыңыз» дегені…

Мен таңғалып қызыма қараймын. Ол болса:

–Жақында жұмысқа тұрғаныма бір жыл толады. Бастық «демалысқа жібере алмаймыз, бірақ есесіне сыйақысын қоса, демалыс жалақысын береміз»  деген. Жолдамаңызға кең-мол жетіп қалады, – дейді жымиып.

Есімді «Алматы-Бодрум» ұшағында бір-ақ жидым. Түркия жерінің сан ғажайыптары –  ол бір бөлек әңгімеге арқау, ал бұл саяхат күнтізбеге жазған тілектердің орындалуының бастамасы ғана еді.

Жаз өтіп, күз келді, Астана құрылыстарында құлшынып еңбек етіп жүрген жолдасым үйге оралды. Қанжығасы майланса керек, күлімдеп,  келе сала  «Жүр, кеттік» дейді. Есігінен аттай алмай жүрген зергерлік дүкенге жетектеп әкеп:

– Ал, қалағаныңды таңда, – деді.

Осыдан соң өмір өте тамаша, таңғажайып демей көр!

Қыс түсті. Жаңа жыл есейіп, ескі жылға айналды. Жаңасына ауыстырмақ болып, ескірген күнтізбеге тағы да көз жүгірттім. «Төрт көзіміз түгел, әкелген берекеңе тәубе»  деп, өткен жылға салауат айтып, жаңа жылға «Қош келдің!»  деймін. Үйдегілер жамырасып: «Тілектеріңнің бәрі де орындалды ғой, разымысың?!» дейді. Оңайлықпен жеңілетін мен бе: «Жоға, әлі де құндыз бөрік, асыл ішік алынбай қалды» деймін қасарысып.

–Бодрумнан алған былғары күртеше мен тон солардың орнын баспай ма? – дейді олар да  менен қалыспай.

Қаламмен жазылған нәрсені балталасаң өшпейді демекші, ойнап- күліп жүріп жазылған тілектер осылайша жыл өтпей мүлтіксіз орындалды.

Шіркін, сонда да адамнан пендешілік қалған ба, сол кезде жақшаны ашпай қойсам, Гавай аралдарынан бір-ақ шығар ма едім деген ой мені анда-санда әлі де мазалап қоятынын сіздерден жасырмай-ақ қояйын.

Не нәрсені қиялдасаңыздар да, армандарыңыз анық орындалады, тек әрқашан өмір өте тамаша және таңғажайып екенін ұмытпаңыздар!

Жаңа жыл баршаңызға берекесін әкелсін, ағайын!

 

Маруана ХАМЗАҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button