Руханият

Ғажайып жандар

Дүниеге келген әрбір адамның өмірі қызық оқиғаларға толы, ал Ұлы Отан соғысына қатысқан немесе сол жылдары тылда аянбай еңбек етіп, Жеңіске қол жеткізген ардагер аталарымыз бен әжелеріміздің жанқиярлық ерлігі кез келген поэмаларға, эсселерге арқау болары сөзсіз. Солардың қатарында тыл және еңбек ардагері Қабжан Біләлов бар.

абжан ақсақал 1934 жылы Қарағанды облысының Шарықты ауылында өте білімді, өнегелі жанұяда дүниеге келген. Әкесі Біләлді 1937 жылы аудандық комитетте қыз­мет істеп жүрген жерінен ұстап әкетеді. Адал адам жазықсыздан жазықсыз сталиндік зұлымдықтың құрбаны болып, ату жазасына кесіледі. Бұл кезде Қабжан ақсақал үш жастағы бала болатын. Сол жылдардан бастап Қабжан ақсақал 1957 жылға дейін, әкесі ақталғанша «Халық жауының ұлы» деген жүректі жаралайтын, жанға ауыр тиетін атақпен өмір кешеді. Қиын-қыстау жылдардан енді ғана бас көтере бастағанда, соғыс оты жарқ етті. Әскерге кеткен үлкендердің орнын белі әлі бекімеген Қабжан ақсақал сияқты жасөспірімдер басты. Әкесі жоқ жетім бала анасының қамқоршысы бола білді. Ерте есейіп, анасы Рымкеш Сыздықовамен бірге колхозда таң атқаннан күн батқанға дейін еңбек етті.

Қабжан ақсақалдың балалық шағы осындай қиындықтарымен есте қалыпты. Бұған қоса ол өзінің көп оқи алмағанына өкінеді. Өзі мектепке баратын шағында анасымен Жауғашар деген елді мекенде тұрыпты. Мектеп болса жиыр­ма шақырым жердегі Қызылшілік ауылында болса керек. Сол жаққа балалар өгізбен барып оқып жүріпті. Қарағанды аймағының ауа райы  құбылмалы, аязы мен суық желі бас көтертпейді. Табиғаттың осындай ерекшелігінен мектепке жеткенше талай қиындықтарға ұшырап қалатын көрінеді. Осындай қиындықтардан кейін Қабжан ақсақал төменгі сыныпты әрең бітіріп, оқуын жалғай алмай қалады. Кәмелеттік жасқа толған кезінде  Ленин атындағы колхоздан Қоян­ды машина-трактор станциясына оқуға жолдама алады. Оқуын бітіріп, тың және тыңайған жерлерді игеруге етене қатысып, механизатор болып еңбек етеді.

1961 жылдары Ленин атындағы колхоз Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданына қарас­ты «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозының құрамына өтеді. Сол кездері Қабжан ақсақал өзі жақсы білетін мал шаруашылығына ауысады. Өзі шопан-бақташы болып, жұбайы Қапиза Құсаинова көмекшісі болып бір табын сиырды өз қарамағына алып, Шөптікөл бөлімшесінің Қанай қыстағында тіршілігін жалғап кетеді. Мұнда жоспар бойынша 100 сиырдан 70 бұзау алу қажет болса, еңбекқор атамыз 100 сиырдан 90-94 төл беріп отырыпты. Сол жылдары бұл үлкен көрсеткіш еді. Ол талай рет озат бақташы атанып, суреті «Құрмет тақтасында» үзбей ілініп тұрған. Осындай еңбегінің арқасында ақсақал Қазақстан коммунистік партиясы қатарына өтіп, 30 жыл  мүше болған екен.

Ақсақалдың соғыс жыл­да­рындағы тылдағы еңбегі ескеріліп, «1941-1945 жылдардағы ҰОС тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін», одан кейін 1960-75 жылдардағы мерекелік медальдармен марапатталған. Бұған қоса  «Ерен еңбегі мен батылдығы үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» және «Тыңға 50 жыл» медальдары тағы бар. Ардагерлердің Республикалық бірлестігінің «Құрмет» төсбелгісі де ақсақалдың кеудесінде жарқырап тұр.

Зейнет жасына шық­қан­нан кейін балаларының қасына Қарағандыға көшіп келеді. Ал 2012 жылы Астана қаласында тұратын баласының қолына келіп, немерелерімен бақытты өмір сүріп жатқан жайлары бар.

Соған қарамастан көпшілікке үйренген, үйлерінен адам үзілмеген ақсақал мен әжей туған ауылдарының адамдарынан әлі күнге дейін қол үзбеген.

Қабжан ақсақал мен Қапиза әжей 1954 жылы атамыздың туған күнінде шаңырақ көтеріпті. Биыл 2024 жылдың 12 желтоқсанында атамыз 90 жасқа келсе, олардың отау құрғандарына 70 жыл толыпты. Ал бүгінде тоғыз балаларының қуанышына бөленіп келеді. Ақсақалдың балаларының тәрбиелі болып өсуіне шаңырақ иесі мен жұртқа сыйлы әжейдің тату-тәтті өмірі мен өнегелі еңбектері әсер еткені айтпаса да көрініп тұр.  Жарын аялап, балаларын күтіп, немерелеріне қуанып, шөберелерін еркелетіп отырған Қапиза әжей бір әулеттің шаңырағын мықтап ұстап отырғаны айқын байқалады. Өніп-өскен ұрпағының үлкендері берген тәрбие балаларының бойынан айқын көрініп тұр. Татулықтары жарасқан жандардың берекелі өмірі кімді болса да қызықтырады.

Қабжан Біләлов ақсақалдың туған күнінде Астана қаласы Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі аудан әкімшілігімен бірлесіп, ақса­қал­ды мерекелі туған күнімен және жұбайы Қапиза әжеймен бірге қол ұстасып шаңырақ көтергендеріне 70 жыл толуымен құттықтады. Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин мен Алматы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмат Абдраимов Қабжан ақсақалға және Қазипа әжейге сый-сыяпаттарын жасап, ол кісілердің үлкен жанұяны қанаттандырып өсіргендері үшін алғысын айтты.

 Баянды ӘЛПИ,

журналист, жазушы,

Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің

мүшесі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button