Ғибрат ғасыры

Үлгі, үрдіс
және үштаған
Тарқамайтын құмары,
Тілтанудың шынары.
Тұғыры алтын сырлы сөз,
Тағдырының тұмары!
(Тақырыптың тұздығы)
Академик Шора Сарыбаевтың туғанына жүз жыл толды. Жүз жыл! Ол жер бетіндегі жасын ғұмырында сол жүз жылдың тоқсан үшінші белесін көріп кетті. Міне, енді, ардақты ағаның рухын ұлықтаған жеті жылды артқа тастап, ғасырлық белесіне де жеттік. Жалпы, ғасырлық ғибрат қалдырған Шора Сарыбаевты кім деп танимыз?
Ол – ең алдымен, қазақ тіл білімінің тарихында айрықша із салған танымал ғалым. Екіншіден, өз саласының шыңына шыққан зерделі зерттеуші, атақты академик. Үшіншіден, ұзақ жыл қызмет істеген Тіл білімі институты директорының орынбасары болған білікті басшы. Төртіншіден, үлкенге де, кішіге де сыйлы, ешкімге де жаттығы жоқ ақкөңіл азамат. Бесіншіден, жоғары оқу орнында талай жыл дәріс берген парасатты профессор. Алтыншыдан, бірнеше шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Жетіншіден, төңірегін күміс күлкімен көмкерген, өз ортасын қашанда той-думанға айналдырып жүрген әйгілі әзілкеш. Сегізіншіден, «Қайрат» футбол командасының орталық стадионда өткен бірде-бір ойынын қаза қылып көрмеген, тіпті жалғыз ұлының есімін де соның атымен атаған жанкешті жанкүйер. Тоғызыншыдан, өзі қалаған бұйымын қалауынша жинаған көнекөз коллекционер. Оныншыдан…
Кейде қолынан көп іс келетін жан-жақты адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәріптеп жатамыз. Шора ағамыздың өзі ықыластанып атқаратын шаруаларын асықпай санамалап көрсек, ол кісінің қырлары сегіз тұрмақ, он сегізден де асып кететін тәрізді. Ғибратты ғалым қай кезде де көңілді жүрді. Көңілді жүрген соң қолайына келетін қай іске де пейілі бұрылған болуы керек.
Шора Сарыбаев осыдан жүз жыл бұрын Ташкент қаласында әйгілі ағартушы Шамғали Сарыбаевтың отбасында туған. Қазақ зиялыларының талайының табаны тиген шежірелі шаһарда дүниеге келген ол сәби кезінен-ақ ұлт ұлағатын санаға сіңірген сыңайлы. Осылайша балалық шағында бағытын түзеп, бағдарын айқындап алған пайымды перзент бүкіл тағдырын тіл білімімен байланыстырғанды жөн санады. Бұл ғылымның сан алуан тармақтарына терең бойлап, диалектология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, морфология, алтайтану саласына түрен салды. Ол үлгісі мен үрдісі қалыптасқан, дәстүрі бай классикалық ғылымның көрнекті өкілі болды. Аталған салалардың қай-қайсысына да білек сыбанып кірісті. Ғылыми еңбектерінің бәрі дерлік кейінгі буынның қолынан түспейтін құнды дүниелерге айналды. Бұрынғы Одақтың барлық республикаларына тарайтын беделді ғылыми журналдарға оның мақалалары үзбей басылып тұрды. Ол сапалы ой-пікірлері мен сындарлы ұсыныстарын жариялап, қалың жұртшылықтың ықыласын иелену арқылы тумысынан зиялылар әулетінің бойтұмары іспетті Сарыбаев деген ататекті белгілі брендке айналдырды. Әрине, екі ғасыр ішінде елге танымал болған басқа Сарыбаевтардың да өзіндік орны бар. Бірақ тілтанудың тұғырлы тұлғасы боп қалыптасқан бұл Сарыбаевтың жөні бөлек.
Соңғы жиырма жылдың бедерінде Ұлттық Ғылым академиясының тіл білімі саласындағы төрт бірдей академигі ел-жұртқа кеңінен танымал болды. Олар – Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздықова, Шора Сарыбаев және Өмірзақ Айтбаев. Әсіресе тоқсаннан асқан алдыңғы үшеуінің сергектігіне қарап, жүз жастың есігін еркін ашатын шығар дейтінбіз. Бірақ ғасыр жасау олардың маңдайына жазылмапты.
Ел арасында тарап кеткен «Сан қырлы Сарыбаев» деген тіркес бар. Шора ағамыз ойға оралғанда оның әмбебаптығы туралы айтылмай қоймайды. Бірақ бәрібір бірінші кезекте оның ғылымы тұрады. Ғалымның қалдырған мұрасы бүгінгі зерттеушілердің кәдесіне жарап келеді. Ана бір жылы Шора ағамыздың талай жыл бойы жинаған құнды кітаптары, дәлірек айтқанда, жеке ғылыми кітапханасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға табысталды. Өте сирек жәдігерліктерге айналған бұл кітаптар мәдениет орталығының мазмұнын байытып, мәртебесін арттыра түсті. Тілші-ғалымды академик дәрежесіне дейін жеткізген қастерлі қазына әлі де талай ұрпақтың ғылым жолына түсуіне септігін тигізеді деп сенеміз.
Өз саласында зор табысқа кенелген зиялы зерттеуші лингвистикамен айналысудың рахатын ештеңеге де айырбастамайды. Қалған тірлігінің бәрі ғылымды ілгерілетіп, соған деген ықыласын арттыра түсу жолындағы қосымша әрекеттер болатын. Ол мұны өте жақсы түсінді.
Шора Сарыбаев о баста нағыз ғылым адамының денсаулығы мықты, жаны таза, санасы сергек, көңілі көтеріңкі болуы керек деген қағиданы берік ұстанған-ды. Сол себепті жас күнінен өзін-өзі күткен деп ойлаймыз. Ғылым әлеміндегі ұзақ сапарға өзін жақсылап дайындаған тәрізді. «Күлкі – денсаулық дәрумені», «Сергектік – сана тазалығының кепілі», «Уайым-қайғыдан аулақ болу – миды тынықтырудың кілті», «Қимыл-қозғалыс – жүйелі жұмыстың тетігі», «Әдемі әзіл – орнықты ойдың бастауы» деген секілді ескірмейтін ережелерді қаперіне алып, алға қарай адымдай берді. Сол сергектің арқасы болар, тоқсанды орталап барып жалған дүниемен қоштасты.
Енді бүгін жеті жылы кем бір ғасырдың салмағын сараласақ, ғибратқа толы кезең болғанын көреміз. Ғасыр ғибраты. Ғибрат ғасыры. Бұл – алдымен, ерен еңбектің ғасыры. Шора ағамыз тынбай жұмыс істегенді ғана білді. Екіншіден, өмірлік өнегенің ғасыры. Ол ғылыми еңбектері арқылы талай ұрпаққа үлгі көрсетті. Үшіншіден, тағылымды тәрбиенің ғасыры. Ол өзінің іс-әрекеті, мақсат-мұраты, аманатқа адалдығы арқылы бірнеше буынды тәрбиеледі. Осы үш қасиеті оның үйлесімді үштағаны еді дей аламыз.
Сыр, сапар
және сұхбат
Көргендіні сыйлайды,
Көңіліңді қимайды.
Күлкілердің түрінен,
Коллекция жинайды!
(Тақырыптың тұздығы)
Тоқсаныншы жылдардың аяғында Сыр еліне Шора Сарыбаев келді. Жалғыз келген жоқ. Қасында ең жақын шәкірті Кәрімбек Құрманәлиев бар. Кәрімбекті сонау студент кезімнен жақсы білемін. Жап-жас күнінде Алматы шет тілдері институтында құрылған «Тұлпар» деген әдеби ұйымды басқарып, өзге оқу орындарындағы әріптестерімен тығыз байланыс жасап тұратын еді. Сол мезгілде таныстық. Ғылымға бәрімізден ерте келді. «Ғылыми жетекшім – өте жайлы адам», – деп қуанып жүретін. Шора Сарыбаевты айтады екен ғой. Тыным таппай жортып, Омбы қазақтарының тілін зерттеді. Солтүстік жаққа қайта-қайта сапар шекті. Ақыры Шөкеңнің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғады. Содан бері ол Шора ағамызды туған әкесінен кем көрмейді. Қайда барса да жанында жүреді. Ұстазының айтқанын екі етпейді. Жеке көлігімен қалаған жиынына алып барады. Ол кісі әбден жұмысын бітіріп шыққанша сарылып күтіп тұрады.
Енді, міне, сол дәстүр бойынша Шөкеңді ертіп, Сыр бойына келіп отыр. Бұл тұста Кәрімбек Қазақ қыздар педагогикалық институтының шет тілдері кафедрасын басқаратын еді. Ұмытпасам, ол еліміз бойынша сол тұстағы ең жас кафедра меңгерушісінің бірі болды-ау деймін. Жетекшісі де, шәкірті де бірінен-бірі өткен жігерлі. Сол жігердің арқасында әкелі-балалы екеуі бұл күндері Сыр бойында жортып жүр.
Көп ұзамай Шора ағаның Сыр еліне келген себебін де анықтап біліп алдық. Қызылорда қаласында оның ең жақын досы Әніс Жақыпов тұрады. Осындағы университеттің профессоры. Жұртқа өте сыйлы адам. Ғибратты ғалым. Ертеректе түйе атауларын ерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған. Сол еңбек еліміздің тілші-ғалымдарынан жоғары баға алған. Әніс ағаның танымдық кітабын табанынан таусылып кітапханадан іздеп жүргендерді талай көрдік. Түйе атауларын тізіп, жіктеп-жіліктеп, талдап-таразылаған әрі тиянақты жазылған бірден-бір еңбек болса, неге іздемесін?!
Өзі өмір бойы Сыр бойында қызмет істеген профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың зерделі замандасы. Кешегі елге тұтқа болған әлеуетті Әукеңдер дүниеден өткен соң Әніс аға байырғы оқу орны ақсақалдарының бірі боп қалған-ды. Бірақ біз осы кезге дейін бұл ағамыздың Шора Сарыбаевтың досы екенін білмеппіз.
Сол Әніс ағаға біз де бөтен емеспіз. Соның алдында ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры боп қызмет істеп, қала әкімінің орынбасарлығына ауысқан бетіміз. Ардақты ағалар Алматыдан келген меймандармен бірге біздің де дастархандас болғанымызды жөн санапты. Сол тұстағы Қызылорда қалалық телерадиокомпаниясының төрағасы Шаһизада Әбдікәрімов те қасымызда жүрді.
Әніс ағаның үйінде отырмыз. Кәрімбек жетекшісіне де, жетекшісінің досына да өте еркін сөйлейді. Елден бұрын кандидаттық қорғап, кандидат бола тұра профессорлық атаққа қол жеткізіп, айдарынан жел есіп тұрған кезі. Шора Шамғалиұлы бір әңгімені өз жөнімен бастап келе жатса, «Ой, көке, бұл онша қызық емес, одан да ана бір күлдіргі оқиғаны айтыңызшы», – деп кимелеп кетеді. Оған сөзімді бөлдің деп реніш білдіріп жатқан Шөкең жоқ. Ерке баласына бір қарап қойып, әңгімесін келген жерінен әрі қарай жалғай түседі. Шәкіртінің де көңілін қалдырмайды.
Мен Шора Шамғалиұлымен алғаш рет дастархандас болғандықтан, олардың жарасымды сұхбатына көп араласпай, елге танымал екі кісіні асықпай тыңдадым да отырдым. Екеуі де – көненің көзі. Сөздері шегедей. Әзілі жебедей. Қалжыңы кесіп түседі. Бірақ зілі жоқ. Бір-бірін ара-тұра іліп-шалып қояды. Сондай жарасымды. Әсіресе, Шөкең. Жұдырықтай ғана кісі. Өте тартымды адам. Айналасын күлкіге көміп отырады екен. Әзіл-қалжың айтқанның өзінде тыңдаушысына бірді-екілі дерек ұсынады. Сені жалықтырмайды. Қайта қанаттандырып, тағы не айтар екен дегізіп, еліктіріп әкетеді. Туысы бөлек тұлға. Харизма дегеніңіз бір басында жеткілікті көрінді. Сөзді қалағанынша ойнатады. Тілден жаңылмайды. Әйтеуір бірдеңе тауып алады. Сәл-пәл сылтып басып жүрсе де, дене қозғалысы жеп-жеңіл. Тез қимылдайды. Шапшаң жылжиды. Ауық-ауық біздің Кәрімбекті де қалжыңмен қажап-қажап жібереді.
Бұл жолы біз – Кәрімбек екеуміз екі білімді ғалым – Шора Сарыбаев пен Әніс Жақыповтың сындарлы сұхбатының куәсі болдық. Екеуі де – өте терең. Қазіргі тіл мәдениеті мәселелерін сөз етті. Тілдік қолданыстарға қатысты оралымды ойлар айтты. Әр сөзі селт еткізеді. Әкімдікке келген соң журналист кезімде қолымнан тастамайтын диктофонымның қайда қалғанын ұмытқан едім. Енді соған өкініп отырмын…
Бір жағынан қонақ сыйлағанымыз бар, екіншіден, Кәрімбекпен қашаннан қалыптасқан жолдастығымыз бар, Шора ағамыз Алматысына аттанып кеткенше хабар үзгеніміз жоқ. Осындай елге танымал зиялы кісілер келгенде Сыр бойындағылар бір жасап қалатын еді. Шора ағамыз да бұл жолы Қызылордаға өзгеше леп әкелді.
Бізді таң қалдырған нәрсе – осындай аты мәшһүр адамның аса қарапайымдылығы. Қарапайым киінеді. Қарапайым сөйлейді. Қарапайым қимылдайды. Бірақ қарабайырлықтан аулақ. Қастерлі қарапайымдылық. Мұның да сырын түсінгендейміз. Ғылымды алғашқы кезекке қойып, мансап мәселесіне бас ауыртпағаннан-ау деп түйдік іштей. Менмендіктен аулақ. Кіммен болса да емін-еркін араласып-құраласып кете береді. Әйтпесе, әйгілі шаңырақта өсіп-өніп, әлеуетті әулеттің тәрбиесін көрген ол қалай асқақтаймын десе де еркінде емес пе? Ол сол қарапайымдылықты қасиет тұтты. Қарапайымдылық оның қастерлі қағидасына айналды.
Ғылым, күлкі
және футбол
Жоғары оның өресі,
Жұқалтаңдау денесі.
Жан алысып, жан берген,
Жанкүйердің төресі!
(Тақырыптың тұздығы)
Шора Шамғалиұлы жаңа ғасырдың басынан бері «Қайнар» университетінде жұмыс істеді. Бұл бір Алматыдағы қазақ зиялыларының басын қосқан ерекше оқу орны еді. Осы тұста ғылыми еңбегімізді қорғаған бізді «Қайнарға» факультет деканы, академик Өмірзақ Айтбаев пен оның орынбасары Мақпал Оразбек жұмысқа шақырды. Осылайша Шора ағамен бірге қызмет істедік. «Қайнардың» филология факультетіне өңкей бір сайдың тасындай ойлы оқытушылар жинақталған-ды. Тілші-ғалымдар Өмірзақ Айтбаев, Зейнеп Базарбаева, Сапарғали Омарбеков, фольклортанушы Болатжан Әбілқасымов студенттер алдында лекция оқитын. Солардың арасында Шора Сарыбаев ағамыз жасындай жарқылдап жүрер еді.
Жалпы, Еренғайып Омаров ағамыз басқаратын «Қайнар» университеті оқу корпусы шағын, аудиториялары ықшам болғанымен, бірлігі жарасқан оқу орны еді. Сол бірліктің берекелі болуына Шора Шамғалиұлы да мол үлес қосты. Оны студенттер өте жақсы көреді. Себебі өзі де әзіл-қалжың айтып әрбір студентті баурап алады. Әйтеуір лекцияның үзілісінде ұл-қыз Шөкеңді ортаға алып, айналсоқтап шықпай қояды. Мейірімді әрі ақкөңіл адам кімге ұнамаушы еді?!
Университет ұжымы Шора Сарыбаевқа ерекше құрметпен қарады. Оның үстіне оқу орны басшыларының бірі Кәрімбек Құрманәлиев Шора ағамыздың шәкірті болған соң, бұл құрмет еселене түсті. Осында өткен жиырма жыл Шора Сарыбаевтың бақытты кезеңі деп білеміз. «Қайнардың» қайнарынан қанып ішкен мезгілде бұған біздің анық көзіміз жетті.
«Қайнар» университетінің профессорлары мен оқытушылар құрамы түрлі іс-шараларға қатысып тұрады. Мұндайда Шора ағамыз өте белсенді боп кетеді. Кейде студенттер алдында өнер көрсетеді. Шөкең өнер көрсеткенде анау-мынау әртістерің шаң қауып қалады-ау. Ол темірдей тәртіпті ұстанып, сіресе қатқан оқытушылар санатынан болған жоқ. Егер ғылым жолын қумай, өнердің соқпағына түскенде де қара үзіп шыққандай бар екен. Жасы ұлғайғанына қарамастан еркін қимылдайды.
Кәрімбекпен бірге Шора ағамыздың үйінде бірнеше рет болдым. Бұл шаңырақты үй дегеннен гөрі мұражай немесе мұрағат деген дұрысырақ болар еді. Қабырғада кітап өз алдына, жарты ғасырдан бері жиналған газет қиындылары қатталып тұр. Бәрі де ұқыпты жинақталған. Кез-келген папканы қойған жерінен тауып береді. Ол ол ма, соның бәрінің дерегі арнайы картотекаға жинақталған. Ол картотеканы өз қолымен түзген – тағы да Шөкең. Кітапханашы да, мұрағатшы да, тұтынушы да – бір өзі. Яғни бір өзі – бір институт. Енді оған коллекция жинаушысы екенін қосыңыз. Бұл материалдарға да шуақты шаңырақтың бір бұрышынан орын берілген. Не жоқ дейсіз мұнда?! Сирек кездесетін бұйымдар. Сирек сөздер тізбесі. Тіпті күлкінің түрлеріне дейін жіктеп қойған. Оны оқисың да күлесің…
Спортпен шұғылданбаса да, спортшыларды шектен тыс жақсы көргені баршаға мәлім. Әсіресе футбол десе, ішкен асын жерге қоятын. Ілгеріректе маңдайға басқан жалғызымыз – «Қайрат» ойнаған мезгілде құдайы беріп қалатын. Күн райы құбылып, жаңбыр жауып тұрса да, жел соғып кетсе де, ашық аспан астындағы стадионның төрінде отырады. Жай отырмайды, әйгілі футбол жанкүйерлері – атақты қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов пен әйгілі ақын Тұманбай Молдағалиевтің маңайынан ұзамай, алаңдағы ойыншының бәрін түгелдеп, әрқайсысына баға береді. Тұманбай ақын сол жылдардың ескірмес естелігі ретінде «Футбол келді» деген баршаға белгілі өлеңін жазғаны мәлім. Шындығында бұл жыр теңдессіз спорт журналисі Сейдағаңа арналған. Алайда осы шымыр шумақтар аяқ доп үшін жан алысып, жан беріскен жанкүйер Шора ағамыздың да болмыс-бітімін айқын танытатын сияқты:
Ішкен асын жерге қойған
доп десе,
Арамызда сол бір қазақ жоқ,
бәсе…
Үндемейді үңірейіп Алматы,
Бір ағайын шығар еді
әйтпесе.
Намыс ұлы, нар намыстың
баласы,
Басталды ғой футболшылар
додасы.
Ұйқы көрмей жүретін
бұл кезіңде,
Неғып үнсіз ұйықтап
жатсың, ағасы?!
Жігіт қанда, үміт барда
өлмейсің,
Ажал иттің айтқанына
көнбейсің.
Футбол келді, сенің әсем
футболың,
Аласұрып неге
түрегелмейсің?!
Бүгінде футбол десе жанын беруге бар осынау ағаларымыздың бәрі де мәңгі ұйқыда жатыр. Бүгінде ұлт футболының қожырап кеткені стадионның қыр арқасына қонып алып, қарауыл қарап отыратын сол кісілердің жоқтығынан ба екен, кім білсін?!
***
Ғылым, күлкі және футбол… Былай қарасаң, бұл үшеуі мүлде қабыспайтын ұғымдар секілді көрінеді. Жоқ, қабысады екен. Шора Сарыбаев көңілді күлкі мен жанкешті жанкүйерліктен алған жалын-жігерін ғылымды өркендетуге жұмсапты. Сол күш-қайрат оған ғасырға жуық ғұмыр сыйлады.
Жұрт жадындағы жүзжылдықтың нағыз тағылымы осы!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ