Мәдениет

Ғұмырдария

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың «Ғұмыр­дария» атты сазды ән мен жырға толы тамаша кеші өтті.

 

Жуырда Ресейдің бірінші арнасынан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары орыс әдебиетіне дауылды күндері толқындары асау аттай тулаған теңіздей буырқанып келген, ірі буынның өкілі, дарынды ақын Роберт Рождествен­скийдің 85 жылдығына арналған «Эхо любви» деген концерт берілді. Бір сағаттан астам уақытқа созылған кеште қаламгердің өлеңдеріне жазылған шығармалар орындалды. Басы артық бір мадақ сөз болған жоқ, көрермендер ақынның жырларымен тыныстап, ерекше сезімге бөленді. Концертті өзім де қызығып көрдім. Мұны неге айтып отырмын? Сенбі күнгі елордада өткен Мұхтар ағамыз­дың кеші де дәл осындай деңгейде өтті. Кеш шымылды­ғы шағын бейне роликпен ашыл­ды. Онда халық жазушысының туған жері мен шығарма-
шылығы туралы айт­қан ау­зы
дуалы тұлғалардың ізгі ле­біз­дері көрсетілді. Ақынның жұрт­шылық сүйіп тыңдайтын әндері шырқалды. Оларды Тамара Асар, Әлішер Каримов, Төреғали Төрәлі секілді белгілі әншілер жүрекке жеткізіп, тамылжытып орындады. Қаламгердің шығармашылығын қадір тұтатын жастар ақын өлеңдерін оқыды. Әсіресе, кештің шырайын кіргізген, ақынның немересі Нұрмұхаммед Рауанұлы Шаханов болды, ол көпшілікке атасының тамаша туындысын оқып берді. Жұдырықтай баланың тура атасы секілді екі қолды сермеп, жалындап оқыған өлеңі жұртшылықты дүр еткізді. Кештің соңында Мұхтар Шахановтың өзі ел алдына шықты. Халық ақын сахнаға көтерілгенше орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетті. Қаламгер соңғы бір айда 18 өлең жазған екен, содан әлі суып үлгермеген жаңа өлеңдерін оқып, жиналғандарға алғысын білдірді.
Айтпақшы, биыл ардақты азамат жетпіс бес жастың төріне
көтерілді.
Ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін трактордың тіркеушісі болған бозбала, ке­йін өзінің дарынымен жалпақ елге танылды. Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясына әп дегеннен-ақ, ешкімге ұқсамайтын өз өрнегімен келген ақын. Оның алғашқы жырларынан бастап, кітаптарын оқырмандар қолдан түсірмеді, балладалары мен поэмалары әлемнің 20-дан астам тіліне аударылды. Ел арасына кең тараған тамаша әндердің де авторы атанды. Ақынның тағы бірі қыры – қайраткерлігі. Талай елдік істердің бастамашысы болды, оны көзі қарақты қауым жақсы біледі деп ойлаймыз.
Қысқасы, бас қалада өткен көрнекті қаламгердің «ғұмырдария» деп атаған кеші арнасы тар өзендердей түбі тартылмайтын, ұлы Сыр секілді жырдарияға айналғанын көріп, көңіліміз өсіп қайтты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button