Мәдениет

Ғылым ғажайыбы

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Балалар жылы аясында Ғылым саласы қыз­меткерлері күніне орай елордада «Ғылым – ғажайып әлем» атты интерактивті көрме ашылды. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ашылған көрменің мақсаты – ғылым саласындағы жетістіктерді дәріптеу және білім алушылардың танымдық көкжиегін кеңейту, қатысушылардың зияткерлік деңгейін арттыру.

[smartslider3 slider=2681]

Интерактивті көрме барысында адамзат баласының өмірін жақсартуға, жаңа перспективалар ашуға мүмкіндік беретін ғылыми жетістіктер таныстырылды.

– «Ғылым – ғажайып әлем» көрмесінде түрлі ғылыми бағыттар бойынша 10 алаң жұмыс істейді. Елордалық оқушылар ойлап шығарған туындыларын жұртшылыққа көрсетіп жатыр. Негізгі мақсатымыз – білімге құмар балалар мен ересектерді озық идеялармен, ғылым мен техниканың жаңалықтарымен таныстыру, – деді ұйымдастырушы тараптан «Астана дарыны» орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Көрме бағдарламасы түрлі форматтағы іс-шараларды қамтиды және 7 аймақтан тұрады. Табысты көшбасшылардың баяндамалары тыңдалып, зияткерлік ойындар, ойын-сауық аймақтары – 3D, ІТ аймақ, ТЕDх форматта сөз сөйлеуге арналған алаң, ғылыми жобалардың тұсаукесері және тағы басқалар қамтылған.

Жиын қонақтары мұндай іс-шаралар өздерін көрсетуге, эрудицияны, тапқырлықты танытуға және қолжетімді түрде жаңа ғылыми білім алуға көмектесетінін атап өтті.

Ұсынылған жұмыстардың ішінде №3 мектеп-гимназия­сының оқушысы Александр Ракутиннің туындысын жоғары бағалады.

«Мен толығымен автомат­тандырылған және санитайзер, өткізу пункті және термометр ретінде бір уақытта жұмыс істей алатын роботты жасап шығардым. Мұны коронавирус пандемиясы басталған уақытта жасадым. Бұл құрылғым – маскасыз адамдарды тани алатын және келушілердің қолына антисептикті мөлшерлейтін нейрондық желі. Мұндай тест нұсқасы 12-15 мың теңге тұрады. Бірақ арзандатылып, ықшамдалса, бағасы шамамен 9-10 мың теңге болады» деді жас өнертапқыш.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button