Басты ақпарат

Ғылым саласында үлкен қателіктер орын алған

Жүз жылдық тарихы бар Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві жақында «Қазақстандағы ашаршылық. Голод в Казахстане. 1921-1923. Сборник документов и материалов» құжаттар жинағын екі томдық кітап етіп басып шығарды. Қалың жинаққа кеңестік биліктің алғашқы жылдарындағы қазақ даласына келген нәубеттің тарихына қатысты құжаттар жинақталған. Архив деректері 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясында (Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай) және бір уезінде (Адай уезі) алапат аштықтың орын алғанын айғақтайды. Кейбір деректерде ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында қазақ халқының саны 6 миллион шамасында деп көрсетіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы кейбір ақпараттарға сүйенсек, С. Елубай ағамызға сенсек, қазақтың саны 10 млн ар жақ, бер жағында. Жалпы тарихи мәліметтердің ел құлағында жүрген ақпараттармен ұштаспай жататын түйткілді тұстарын анықтамақ болып ҚР Орталық Мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебаймен сұхбаттасқан едік.

[smartslider3 slider=3495]

Өткен ғасырдың басында қазақтың басына түскен ашаршылық көлемі мен салдары қандай болды деген сұрақтың жауабын алатын құжаттар жинағы өте маңызды деп ойлаймын.

– Біз бұл екі томдық құжаттар жинағын 2021 жылы мамырда бастап, қарашада аяқтадық. Бірақ сол кезеңде арнайы қаржының жоқтығынан тоқтап қалып, демеуші Ғани Смаханұлының көмегімен жақында ғана жарық көрді. Бұл екі томдық құжаттар жинағының бірінші томына 291 құжат, екінші томға 167 құжат енгізілді. Бұл құжаттар 1921 жылдан бастап 1923 жылдар аралығын құрайды. Осы кезеңдегі аштыққа қатысты барлық деректер осы кітапқа енгізілді. Сонымен қатар, сол кезде Москвадағы аштыққа қарсы орталық күрес комиссиясының 1921-22 жылдары шыққан бюллетеньдері мен 1921, 1922, 1923 жылдардағы бірқатар мерзімді басылымдардың материалдары қамтылды. 1922 жылы Орталықта аштық аяқталды деп танылды. Негізінен М. Калинин басқарған комиссия өз жұмысын қорытындылап, 1921-22 жылдардағы аштықты қорытындылаған кітап шығарды. Міне, сол кітаптағы Қазақстандағы аштыққа қатысты бөлім кіргізілді.

– Бүгінгі күннің мінберінен тарихшы ретінде аштыққа қандай баға бересіз?

– Бұл деректер Қазақстандағы аштықтың көлемі мен сипатын көрсетіп тұр. Бірақ, аштыққа ұшырағандардың саны аз цифрмен көрсетіледі. 1,5 млн-ның айналасында. Сол кезеңде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Меңдешев Қазақстандағы ашаршылықтың шырқау шегі болған 1922 жылдың көктемінде, әсіресе, наурыз-сәуір айларында ашаршылыққа ұшырағандардың саны 2,8 млн адам екенін көрсеткен. Сол кезеңдегі Ағарту халық комиссариаты жанындағы балаларды қарайтын бөлімнің есебінде ата-анасыз қараусыз қалған балалардың санын 941 мың деп көрсеткен екен. Бірақ, оның қаншалықты нақты екенін білмейміз. Оны тексеру керек. Тексеру үшін үлкен зерттеу жүргізу керек.

– Аштықты жоюға арналған екі мемлекеттік комиссия құрылды дедіңіз, олардың қызметінде айырмашылық болды ма?

– Бірінші комиссия тікелей аштыққа қарсы күресіп, яғни аштан қырылып жатқан адамдарды құтқаратын, соларды тамақтандыратын, оларға азық-түлік тауып берумен айналысты. Екінші комиссия одан кейінгі 1922 жылы құрылып әлі де тойына қоймаған, қорасында малы, жейтін азығы жоқ халыққа жұмыс беріп, ұсақ қолөнер кәсіп орындарын ашып күнкөрісін қамтамасыз етті. Содан кейін халыққа жұмыс тауып берді, яғни ол кезде атап өту керек, совет үкіметі алдында халықты әдейі қыру деген саясат мүлдем болған жоқ. 1921 жылы аштық басталғанда кеңес өкіметі орталықтан бірден дабыл қағып, ашыққандарға көмектесетін комиссия құрып, ашаршылықты тоқтатуға кірісті. Ол кезде жалғыз Қазақстанның 5 губерниясы мен 1 уезін ғана емес, Ресейдің 30 губерниясын аштық жайлады. Сол кездегі ресми мәлімет бойынша 22 558 550 адам аштыққа ұшырады деп көрсетілді. Қазіргі біздің қарап, оқып отырған әдебиеттерімізге қарасақ 33 млн адам аштық құрсауында қалып, 5 миллион адам аштықтың құрбаны болғанын көреміз.

Бірақ сол кешегі ғылыми дәреже алған тарихшылар қайда? Қазір жеті томдықты жазу барысында да мамандардың жоқ екенін көрдік. Бізде сол тарихшылар көп, нағыз зерттеушілер жоқ. Енді ғылыми дәрежелерді шын мәнінде ғылыммен айналысқан адам­дарға ғана беру керек. Ол жерде коррупцияның орын алғанын біз жоққа шығара алмаймыз. Кім ақша берді, солар аспирантураға түсті. Кімнің танысы бар солар ғылымға барды, кімнің ақшасы бар соларға көмектесіп, жазып беріп, қорғатты

Қаншама жұртты аштық жайлауының себебі айтылған ба?

– Негізгі себеп – 1921 жылы болған өте үлкен қуаңшылық, жұт еді. Көктемде жаңбыр жаумады, күн өте ыстық болып егіннің бәрі күйіп кетті. Одан аман қалғанын, қаптаған шегіртке жеп қойды. Әрине, бұл ашаршылыққа 1917 жылғы екі революция, одан кейінгі азамат соғысы, оның нәтижесінде орын алған халық шаруашылығының күйреуі, Кеңес өкіметінің 1918 жылдан 1921 жылға дейін жүргізген әскери коммунизм саясаты да алғышарттар қалыптастырды. Сол саясат кезінде азық-түлік салғырты деп халықтың қолындағы азық-түліктің бәрін тартып алып отырды. Бірақ, 1921 жылғы табиғи жұт, қуаңшылық болмаса, ашаршылық болмас еді. Бүкіл малды айдап кеткен ешкім болған жоқ ол кезде. Мал өзі қырылды. Мал басының қаншаға кемігені құжаттарда ашық көрсетілген.

Осы уақытқа дейін, Қазақстандағы халықтың саны қанша болды деген мәселеге байланысты дискуссия бар бізде. Біз сол кездегі нақты құжаттардың негізінде, сол кезде шыққан құжаттар жинағының, сол кезеңде шыққан кітаптардың негізінде осы мәселеге ерекше тоқталып, анықтадық. Ол деректерде Қазақстанда 4,9 млн шамасында халық болғаны ресми көрсетілген. Одан кейін, саны көрсетілмеген тұрақты әскери бөлімдер бар, санаққа енбей қалған кішігірім көшпелі топтарды қосып, Қазақстанда 5 млн-ның айналасында халық өмір сүрді деп біз қорытынды жасадық. Тек қазақ халқы емес, бүкіл халық 1920 жылы 5 млн-нан кем емес болды. Осы жылы қазақтар Қазақ АКСР-індегі халықтың 46,6 пайызын құрады. Ол кезде Түркістан Республикасына қарасты Жетісу, Сырдария облыстары Қазақстанға кірген жоқ. Ол жақта 3 млн-ға жуық қазақ халқы өмір сүрді.

– Нақты деректердің қолда болмауынан да бұрмаланған деректерді дуылдатуға құмар болып барамыз. Бұл тарихшылардың әлеумет алдындағы белсенділігінің кемдігінен де болар?

– Бұл енді ғылымды ұйымдастыруға байланысты. Бізде осы салада үлкен қателіктер орын алғаны белгілі ғой. Ғылым академиясын таратқаннан бастап, одан кейін де үлкен кемшіліктер кетті. Біз соның зардабын қазір тартып жатырмыз. 90-шы жылдары ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары сан жағынан өсіп, үлкен бір прогресс болған сияқты көрінеді. Бірақ, сол кешегі ғылыми дәреже алған тарихшылар қайда? Қазір жеті томдықты жазу барысында да білікті мамандардың тапшылығын көрдік. Бізде тарихшылар көп, нағыз зерттеушілер жоқ. Енді ғылыми дәрежелерді шын мәнінде ғылыммен айналысқан адамдарға ғана беру керек еді. Ол жерде коррупцияның орын алғанын біз жоққа шығара алмаймыз. Кім ақша берді, солар аспирантураға түсті. Кімнің танысы бар, солар ғылымға барды, кімнің ақшасы бар, соларға көмектесіп, жазып беріп, қорғатты. Ғылыми дәреже алғандар жоғары оқу орындарында сабақ беруге лауазым үшін, ары қарай карьералық баспалдақпен жоғары қарай өсуге мүмкіндік үшін алды ғой. Сол үшін топырлатып қорғатты. Ал сол тарихшылар қандай еңбек жазды деп қарайтын болсақ, ғылымға пайдалысы аз. Осы көпшіліктің басым бөлігінің тарих ғылымына қосқан бір үлестері жоқ есепті.

Екінші мәселе – ғылыммен айналысып жүрген тарихшылардың осы ғылыммен айналысуына мүмкіндігі өте төмен. Себебі, олардың бәрінің өзінің негізгі арнайы жұмысы бар. Сол жұмысынан бос қалған уақытта ғана ғылыммен айналысады. Ал тарих институтында отырғандар кезінде олар мемлекет қаржыландырып тұрған кезде сол 5 жылдық жоспарлармен жұмыс істеді ғой. Ал кейін ол жоспар жойылды да, грантқа ауысқаннан кейін мүлдем құлдырады. Грантпен жазасың бір жобаны, ол жоба бір жылдық болады немесе үш жылдық болады. Сол жоба біткеннен кейін, келесі бір қай жоба ұтады да сол жобаны жазуға мәжбүрсің. Ал жүйелі бір ғылыми бағытта бір тақырып бойынша айналысуға қазір мүмкіндік өте аз. Сондықтан мынау тарих институты бұл мемлекеттің идеологиясын қалыптастыратын, халықтың тарихи санасын қалыптастыратын ғылыми-зерттеу институты болғандықтан, тікелей мемлекеттің қамқорлығында болып, ол жерде тарихшыларға мемлекеттік қаржы, жалақы болу керек менің ойымша. Сөйтіп бұрынғыдай жоспарлы түрде біздің идеологиямызды қалыптастыруға қажетті бағытты таңдап алып, сол бағыттар бойынша жүйелі зерттеулер жүргізу керек.

– Ұлт болып ұйысып қалыптаса алмай жатуымыздың себебін артында кәсіби тарихшылардың да үлесі бар болғаны ғой.

– Енді дүниежүзілік тарихты алып қарасақ, барлық ұлттың ұлт болып қалыптасу процессінің аяқталуы бұл буржуазиялық революциялар кезінде жүзеге асты. Қазақстанда ондай төңкеріс болған жоқ. Біз көшпенді өмір салтында жүріп отарландық. Содан кейін жабайы социализмге өттік де, тағы да отар болып күн кештік. Өз билігіміз өзімізде болған емес. Біздің интеллигенция енді қалыптасып келе жатқан еді. Олар 1917 ші жылы Ақпан, Қазан төңкерістері кезінде әлі ұлттың билігін алып кетуге дайын емес болып шықты, әрі десе оларға ондай мүмкіндікті ешкім бермес те еді. Бірақ процесс басталып, соған ұмтылыс болды. Біз ашығын айтуымыз керек, олар дайын болды деп, өз басым тарихшы ретінде айта алмаймын. Оны кейінгі тарихи процесстер анық көрсетіп берді. Негізі, Алаш қозғалысына тарихшы ағаларымыз асыра баға берді. Бірақ ол әлі қалыптасу кезеңінде еді. Сол кезеңде 1917-ші жылы емес, 1913-ші жылдың өзінде-ақ В.Ленин дана, үлкен ғұлама ғой. Ресей империясының құрамында өзін-өзі басқарып кетуге дайын екі-ақ ұлт бар деді. Олар финдер және поляктар деді. Ал мынау Балтық жағалауы халықтары соған жетеқабыл деп көрсеткен. Мойындасақ, Ленин нақты анықтама беріп отыр. Ал қалған ұлттар өздерін-өздері басқарып кетуге дайын емес деген. Әрине, Лениннің сол кезеңдегі осы тұжырымдарына қарсы пікірлер айтуға болады. Бірақ шындығы сол. Содан кейін біз бір мәселені түсінуіміз керек. Сол кезеңдегі Ленин басқарған большевиктер партиясы ғана Ресейдегі 15-ке жуық саяси партиялардың ішінде барлық үлкен ұлттарға ұлттық-территориялық автономия береміз деп уәде еткен болатын. Ол партияның бағдарламасында атап көрсетілген еді. 1920 жылы Қазақстанда кеңестік ұлттық-территориялық автономияның құрылуы, біздің жеріміздің 100 пайыз болмаса да, негізінен бір республика құрамына біріктірілуі – Ленин басқарған большевиктер партиясының сол бағдарламасына байланысты болғанын біз мойындауымыз керек. Егер большевиктердің сондай саясаты болмаса, Ленин 1920 жылғы Москвада өткен тамыз кеңестерінде Қазревкомнан барған қазақ делегациясына қолдау білдірмесе, біздің дәл осындай территорияда автономия алуымыз неғайбыл болатын. Оны алып барып Алашорданың қызметіне телу барып тұрған ақымақтақ!

Одан кейін екінші мәселе бар. Ол Ленин мен Сталиннің арасындағы мәселе. 1913-ші жылдың өзінде-ақ Сталин ұлттық-территориялық автономияға қарсы болды. Ол ұлттық-мәдени автономия беруді жақтады. Ал Ленин ұлттық-территориялық автономия беруді мақұл көрді. Сталин ұлттарға тек мәдени-ұлттық автономия беріп, барлық ұлттарды ортақ территориясы бар үлкен мемлекетке топтастыру бағытын жақтаған. Бақытқа орай, 1920 жылы Лениннің кезінде автономия құрылып кетті. Сталин ол процесске қарсы келе алған жоқ. Кейіннен, өзі билікке келгенде республикаларды қуыршаққа айналдыру, басшыларын мүлтіксіз бағындыру бағытын ұстанды. Егемендікке ұмтылғандарды түгел сындырды. Сталин басқарған биліктің қазақ халқын қырғынға ұшыратуына ол да себеп болды. Одан кейін, патша үкіметінің кезінде-ақ қазақтың рухын сындыру үшін қазақты жылқыдан айыру керек деген болатын. Қазақтың кез-келгені атқа мінгенде аруақтанып, дес бермейді. Ал жаяу қазақтың рухы болмайды дегені белгілі. Сол саясатты кеңес өкіметі жүзеге асырды. Ал кейін Қазақстанда жылқы жойылып бітуге тақағанда Кеңес өкіметі дабыл қаға отырып, жылқыға байланысты өте көп қаулылар қабылдады. Мен былтыр Ресейде болған кезімде көп құжаттарды көрдім. Сонда жылқыны дұрыс күтіп баптамау, жылқыны өлтіріп алу қылмысқа теңеліп, жылқышылар түрмеге жабылған. Жылқыны өлтіріп алғандар өте қатал жазаға тартылған. Соғыс кезеңінде де, соғыстан кейінгі кезеңде де жылқыны өсіруге қатты назар аударған. Шыңжаңнан соғыс жылдарынан бастап жүйелі түрде нәсілді мықты жылқыларды сатып алып, соны көбейтумен айналысқан.

– Тағы да ашаршылық мәселесіне оралайықшы, 1921-1923 жылдардағы ашаршылықты айтпасақ та, одан кейінгі нәубетті геноцид деп айта аламыз ба?

– Геноцид деп айта алу үшін халықаралық нормаларға байланысты дәлелдеуіміз керек. Оны біз дәлелдей алмаймыз. Ол бірінші мәселе. Екінші, саяси жағы тағы да бар. Мен бір нәрсені айтқым келеді. Ресей – біздің көршіміз. Үлкен көршіміз, ұлы көршіміз. Біз оны қалай айтсақ та, мойындауға мәжбүрміз. Қазіргі Ресей мен Украина арасындағы мәселе қайдан шықты? «Голодомор» деген мәселе Украинада бірінші көтерілді. Сондай идеяны қалыптастыруда Батыс тарихшылары жақсы үлес қосты. АҚШ тарихшылары Конгресте соны көтерді. Одан кейін Украин халқын Ресей әдейі қырды деген түсінік қалыптасты. Бір ұлтты, бір халықты Ресейге қарсы қою саясаты жүргізілді. Бұл Украинада халықтың бір бөлігінің әсіре ұлтшылдыққа ұрынуына алып келді. Ақыры не болып жатыр? Қазір біз бәрін көріп отырмыз. Дәл сол сияқты, мына бізде «геноцид» деп айғайлауға, қазақты Ресейге қарсы қоюға, ұлтшылдықты насихаттауға жол беруге болмайды.

Ұлтшылдықты насихаттамай қалай ұлт боламыз?

– Ұлтшылдық деген, егер оны дұрыс түсінбесе, бұл өте қауіпті нәрсе. Бірінші, тарихи сананы дұрыс қалыптастыру керек. Қазақстанда негізгі ұлт – қазақ. Онымен бірге этникалық топтар өмір сүреді. Барлық этникалық топтар осы жерге өз еріктерімен көшіп келген жоқ, кезіндегі тарихи жағдайлармен қалыптасты. Олардың құқығы бізбен бірдей. Олар да біз сияқты адам, олар да жақсы өмір сүргісі келеді. Олар да «Жаңа Қазақстанда», коррупциясы жоқ, гүлденген, тамаша жерұйық болған Елде өмір сүргісі келеді. Яғни, жалпы адамзаттық құндылықтарды олар да мойындайды, біз де мойындаймыз. Бәріміздің мақсатымыз жақсы елде өмір сүру. Сондықтан бізге не жетпейді?

Одан кейін, әсіресе Қытайдан келген бауырларымыздың Ресеймен тату көршілікті жақтайтындарды «орысқұлдар» деп айтатыны әлеуметтік желілерде жиі көрінеді. Өткен ғасырда болған трагедияға Ресейде тұрып жатқан бүгінгі орыстардың, Ресей басында тұрған бүгінгі саяси биліктің қандай қатысы бар?! Әрине, бүгінгі Ресей билігі – КСРО мұрагері Ресей болғандықтан да көп нәрсені мойындағысы келмейтіні түсінікті. Өткен ғасырда олар да біршама қырғынға ұшырады, олар да өздерін-өздері билеген жоқ. Сондықтан, өткен тарихты біз жақсы біле отырып, бүгінгі көршілермен жақсы тұруымыз керек. Біз оны таңдап алған жоқпыз. Халықты халыққа қарсы қою – трагедияға алып келеді. Қазақстанда «орыс мәселесі» ешқашан болмауы тиіс.

– Онда орыстанып кетуіміз мүмкін ғой?

– Орыстанып кетуден өтіп кеттік қой. Біз тәуелсіз алғанымызға 30 жыл болды. Бізде тәуелсіздік кезінде туған жас ұрпақ қазір тәуелсіз өсіп-жетілді. Санасы қалыптасты. Бірақ әлі халқымыздың басым бөлігі орысша сөйлейтінін мойындауымыз керек. Одан шығу үшін басқаша тетіктерді қарауымыз керек. Дұрыс саясат жүргізуіміз керек. Ал енді, Конституциядан орыс тілі ресми тіл дегенді алып тастайық деген біздің бірқатар депутаттар мен саясаткерсымақтардың сөзін популизм деп бағалаймын. Одан ештеңе өзгермейді. Өйткені, біздегі саяси элитаның біраз бөлігі әлі күнге дейін орыс тілінде сөйлейтінін көріп отырмыз. Олар әлі сөйлеп отыр. Бүкіл қаржы жүйесі орысша сөйлейді. Тек қана қазақшаның аударма екенін көріп отырмыз. Медицина саласы орысша сөйлейді. Құқық қорғау саласы, сот бәрі орысша екенін көріп отырмыз. Қазақша тек аударма ғана. Енді, өзіміз сондай жағдайда отырған кезде қатты айғайлаудың керегі жоқ. Қазір қазақта бір ғана жол бар. Ол – тып-тыныш отырып, экономикамызды жақсартуымыз керек, одан кейін қазақтың санын көбейту керек. Демографиялық өсім керек! Сонда ғана біз Ел болып қаламыз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button