Білім

Ғылым төңкеріске төтеп бере ме?

Алдағы 10-15 жылда үлкен ғылыми-технологиялық төңкеріс болады. Сол төңкеріске қазақтың ғылымы төтеп беруі үшін, бүгін бізге нақты қарекет керек. Соның ішінде әлемдік медиа индустрияда да адамзатты таң қалдыратын өзгерістер болмақ. Мысалы, Google жасаған бір керемет алгоритм бар. Бір ғана сөзді жазсаң, сол сөзге 1 минуттың ішінде ролик түсіріп береді екен. Әріптестеріме қызықты болатын жаңалықтың бірі – биыл шағын тілдік модельдерге (LLM) қатысты жасанды интеллекттің эволюциясы күтілуде. Бір ғана мысал.

Бұрын біз мәтіндерді жазып алып, оны басқа тілге аударып, әуреге түсуші едік. Енді телеграмдағы боттардың бірінің көмегіне жүгініп, бір адамның сөйлеген сөзін жедел мәтінге, я болмаса мәтінді лезде сөзге айналдыра аласыз. Я болмаса жасанды интеллектке аудио хабарлама жіберсеңіз, ол қолма-қол өңдеп, мәтін шығарады. Яғни, қазақ тілінің өмір сүруінің бір кепілі – цифрлық форматқа көшу.

Жуырда Бас редакторлар клубының президенті, сенатор Бибігүл Жексенбай бастаған бір топ БАҚ басшылары Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесіп, отандық ғылымды дамытудағы бүгінгі және болашақтағы бағдарлар мен басымдықтар туралы әңгіме-дүкен құрдық. Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір дүние жүзі жасанды интеллектке елеңдеп отыр. «Біз алдағы 10-15 жылда үлкен ғылыми технологиялық төңкерістің алдында тұрмыз. Қазіргі кезде генетика, жасанды интеллект, термоядролық синтез, биоэнергетика сияқты салаларда адамды таң қалдыратын небір ғылыми жаңалықтар шығып жатыр. Бұрын-соңды адамзат баласы ашпаған ғылыми жаңалықтарды жасанды интеллект ашып беруде. Қазір әлемдегі жасанды интеллекттің ең мықты екі орталығы – АҚШ пен Қытайда. Осы екі ел бұл бағытты қарқынды дамытып, қыруар қаражат салуда» деді құзырлы министрлік басшысы.

Министр С.Нұрбек Қазақстан қазір жасанды интеллект төңкерісінің алдында осы технологияны түсінетін және түсінбейтін елдердің арасында тұрғанын атады. «Егер әлемдік ғылымдағы шынайы бәсекеден қалып қоймаймыз десек, онда жасанды интеллектке қаражат салып, осы салада озық тәжірибесі бар елдермен қарым-қатынас жасап, маман даярлайтын болсақ, онда ортадағы елдер тобына қосыламыз» дей келе ведомство басшысы маман даярлау мәселесіне ерекше ден қойылып отырғанын айтты. Атап айтсақ, биыл Қазақстандағы 14 университетте Google-дің жасанды интеллект бойынша оқыту курстары енгізіледі. Сәтбаев университетінің базасында Гонконг университетінің филиалы, Қорқыт ата университетінде SEOUL TECH филиалы, Назарбаев университетінде AI академиясы және т.б. жоғары оқу орындарында жасанды интеллект мамандарын даярлайтын орталықтар ашылады.

Ғылым және жоғары білім министрі біздің университеттер педагогикалық форматта жұмыс істейтінін тілге тиек етті. «626 мың студентіміз бар, соның ішінде 92 пайызы – бакалаврда, 7 пайызы – магистратурада, 1 пайызға да жетпейтін бөлігі – Phd докторлар. Ал өзімізді Оңтүстік Кореямен салыстырып көрсек, студенттерінің 52 пайызы – бакалаврда, 42 пайызы – магистрлер, 7-8 пайызы – Phd докторлар. Яғни, студенттерінің жартысы ғылыммен айналысады. Озық елдердің қатарына қосылуымыз үшін зерттеуші университеттер құру керек. Былтыр төрт университет: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Сәтбаев университеті, Әуезов университетіне осындай мәртебе бердік. Соның нәтижесінде ғылымға қосымша қаражат бөлінеді. Мысалы, былтыр Сәтбаев университетіне ғылымды дамытуға 15 млрд теңге бөлінді. Жыл сайын 4-5 млрд теңге ғылымды өркендетуге бөліп отырамыз» деп түсіндірді министр.

Иә, ғылыми технологияның көшінен қалмаймыз десек, бүгін қамданып, әлемдегі озық ойлы, интеллектуалды ұлттардан үйренуге тиіспіз. Жып-жылы атмосферада өткен жүздесуден өте көп ақпарат алдық. Бір қуанарлығы, министрлік пен клубтың арасындағы ынтымақтастықты жандандарып, алдағы уақытта үш ай сайын кездесіп, отандық ғылымның жаңалықтарын БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа жеткізуді ізгі дәстүрге айналдыруға уағдаластық.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button