Әлеумет

Ғылымды дамыту – басымды бағыт

Қай кезеңде де өркениеттің дамуында білім және ғылымның орны ерекше. Ілгері ұмтылып, көш бастаған елдер білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлетіндігі бесенеден белгілі. Бүгінгі күні де ғылым мемлекеттік саясаттың басты бағытына айналып отыр. Ғылым дарынды ғалымдардың біріккен тобының күшімен дамиды. Қазіргі әлемдегі ғалымдар нағыз ғылымның бел ортасында өмір сүруде.

[smartslider3 slider=1036]

Бір ғалымның бүгін ашқан жаңалығы, ертеңгі күні бүкіл әлемді жаңа бағытқа бұрып жатқандығын құлағымызбен естіп, көзімізбен көріп жүрміз. Ел президенті биылғы жолдауындағы үшінші мәселе ретінде – білім және ғылым саласына тоқталып, аталмыш саланың ілгері дамуына ықпал ететін қабылданған соңғы шешімдермен жұртшылықты құлағдар етті.

Республикадағы ғылыми саланың дамуында соңғы жылдар өзгерістерге толы болды.  Мемлекет ғылымды қаржыландыруға баса назар аударуда. Ел болашағы үшін салынған бұл қаржы кейін еселеп пайдасын беріп, ғылымның бәсекеге қабылеттілігін арттыратыны сөзсіз. Сол себепті де Мемлекет басшысы ғылым саласын дамытуды мемлекеттің аса маңызды басымдығы ретінде атап өтті. Осыған байланысты Жолдауда, ғылым саласындағы қордаланып қалған мәселелердің күрмеуін шешу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы да айтылды. Заңнамаға енгізілетін бұл өзгерістер ғылым саласының дамуына қолайлы жағдай қалыптастырып, ғалымдардың бастамашылдық танытуына дем беріп,  ғылыми идеяларды жүзеге асыру мүмкіншіліктерінің аясын кеңейте түсетіні хақ.

Мемлекет басшысы ғылым саласына қатысты түйткілді мәселелерді шешу үшін қажет заңдарды қабылдап қана қоймай, ғылым керуенін алға жетелейтін «жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек» деген мәселені де күн тәртібіне қойып отыр. Жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қарастырылатыны да белгілі болды. Әлемде бар мұндай тәжірибе ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен алаңсыз айналысып, нәтижелі жетістіктерге жетуіне септігін тигізетініне күмән жоқ. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді құзыр­лы министрлікке тапсыруы, биліктің ғылым саласындағы ілгерілемелі бағыт ұстанып отырғандығын көрсетіп отыр. Осы сөзіміздің қосымша дәлелі ретінде Мемлекет басшысының ғалымдарға бөлінетін грант мерзімін үш жылмен шектемей, қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастыруды құзырлы министрлікке тапсырғандығын айтқанымыз жөн. Ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімін ұзарту бір жағынан отандық ғалымдар жұмысының сапасына әсер етсе, екінші жағынан ғалымдардың ауқымды жобаларға қатысуына жол ашатындығын болжау қиын емес. Бұл қазақстандық ғылымның дамуына тиімді әсер етері сөзсіз.

Жалпы биылғы Жолдауда билік ғылым саласында бетбұрыстық қадамдарға баратынын жария етіп, ғалымдар қауымының қажетін өтеуге және оларға қамқор болуға ниет танытты. Бұл – қиын-қыстау кезеңінде абыройын жоғалтпағанмен, бірақ еңсесі түскен ғалымдар қауымы үшін қажет-ақ шара. Ендігі кезекте ғалымдар қауымы мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларды қабыл алып, қазақстандық ғылымның ілгерілеуіне бар күш-жігерін сарп етуі керек. Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлыша айтсақ: «Ғалым әріптестерімді мен кішіпейіл болуға, бос мақтан, жел сөзге елікпей әлеумет мүддесін үшін зор жұмыстар істеуге, ел есінде қалатын тарихи ұлы игіліктер жасауға шақырамын» демекпіз.

 Арман ӘБІКЕЙ, Ш.Уәлиханов
атындағы «Тарих және
этнология институтының» жетекші ғылыми
қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button