Басты ақпаратРуханият

ҒЫЛЫМҒА АДАЛДЫҚ ҮЛГІСІ

Бүгінгі жастар ғалым болуды армандамайды. Еңбексіз нан табатын, жанып жұмыс істемей-ақ жұлдыз болатын оңай жолды, жеңіл мамандықтарды қалайды.

1

Десек те, Құдай қалаған адамын тура жолға салады деген де сөз бар. Әркім өз басындағы тіршілікті өзі таңдап алады ғой деймісіз?
Таяуда бір ағамызбен сөй­лестік. Газетімізге сұхбат беруін өтініп хабарласқан едік. Бірақ ағамыз үзілді-кесілді қарсы болды. «Менімен ғылым жайлы сөйлесудің қажеті жоқ. Қазір бізде ғылым жоқ. Бәрі ақшаға сатылып жатыр. Ғылымға дұрыс көзқарас қалыптаспаған, ғылымы дамымай, ақсап жатқан елде ғалым не айта алуы мүмкін?! Менің өтірік мақтағым кел­мейді. Ал шындықты айтсам, бәрібір газеттерің баспайды. Одан да қоя қояйық» деді.
Осы сөздердің иесі өзін та­нуға деген қызығушылы­ғы­мызды арттырды.
Қазақта «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз бар. Егер мен хабар­ласқан ғалым сөзі мен ісіне парықсыз көптің бірі ғана болса, жаңағыдай айтар ма еді? Ғылымға адалдығын сақтамаса, ғылымға жаны ашымаса, осылай ашынып сөйлер ме еді?..
Әңгіме басында қазір жас­тардың ғалым болуды армандамайтынын текке айтқан жоқпыз.
Өз ұстанымына берік ғалым­дар маған өз басын кәсібіне байлап, жаны қиналса да, алған бетінен бас тарта алмай отырған арлы адамдар секілденеді.
Иә, кәсіби принциптері сақ­талған нағыз ғылым – өрмек­шінің торы секілді. Имене басып, шетіне енгендердің өзі қызығы мен шыжығына шырмалып, тереңіне бойлай түседі.
Бүгін сөз етіп отырған кейіп­керіміз Еділ Ерғожин, меніңше, дәл сондай, ғылым торындағы тұлға. Оның жиырма жасынан бастап лабораториядан шық­пай, қайнаған ғылымның – зерттеу мен ізденудің және жол табудың бейнетінде жүргені де соған көз жеткізеді.
Еділ Ерғожаұлы 1941 жыл­дың 7 қарашасында Алматы облысының Екпінді ауданында дүниеге келіпті. Әкесі Ерғожа Қаптағаев пен анасы Тәтім Жапарқұлқызы Қаптағаева кеңшарда жұмыс істеген қара­пайым адамдар болыпты. Алайда болашақ ғалым бес жасқа толғанда әкесі дүние салады. Жесір қалған әзиз ана балаларын еңбекке сүйеніп, өсіріп бағады.
Өз дәуіріндегі талап бойынша Еділ Ерғожаұлы 1957 жылы мектеп бітірісімен Талдықорған ауданындағы Абай атындағы кеңшарда шопанның көмекшісі болып жұмыс істейді. Алайда «ата кәсіптен ажырамасын» деген желеумен жастарды алдымен қара жұмысқа жегіп салатын кеңестік саясат болашақ ғалымның өмір көруіне үлкен үлесін тигізеді.
Иә, қара жұмыс істесе де, жігіт жасымады. Малды ауылды жағалап жүріп өткізген екі жылда бұрынғы мектепте алған білімін жоғалтпастан, қайта шыңдауға ұмтылды. Сөйтіп, 1959 жылы қазақ жеріндегі бірден-бір беделді оқу орны – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсті.

5873
Өмір деректеріне қарап отырсақ, Еділ Ерғожин өзінің алғашқы зерттеу еңбектерін осыдан елу бес жыл бұрын бастапты. Бұл – ғалым елу бес жылдан бері ғылым саласында еңбек етіп, бойындағы бар қабілеті мен қасиетін, білімі мен біліктілігін сол жолға арнап келе жатыр деген сөз. Ал ғылым жолында жасаған алғашқы қадамының өзі құт болып біткені ғалымды Құдай сүйгені емей немене?!
Кеңірек айтсақ, 1961 жылы химия факультетінің үшінші курсында оқып жүрген Еділ Ерғожинге факультет деканы, профессор Б.Беремжанов жол нұсқап, болашақ ғалым Химия институтының лабораториясында алғашқы зерттеу жұмысын жүргізуді бастапты. Оған ҚазКСР ҒА академигі С.Рафиков жетекшілік етеді.
Ғылым ретінде химияның қабілетті жасты құрсауға ала бастаған тұсы да осы. Зерт­теуші әртүрлі қасиет тұнған сұйық заттар мен қаптаған лабо­раториялық аспаптар арасында сана сәу­лесімен жол із­деп, ғылымға жаңа жетістіктер әкелуге жанын салды. Еңбек нәтижесіз болған жоқ. 1963 жылы Еділ Ерғожин Фрунзе қала­сында өткен Орта Азия және Қазақстан ЖОО студенттерінің VI ғылыми конференциясына қатысып, сол екі жылдай жүр­гізген зерттеуінің нәтижесі бо­йынша баяндама жасады. Баяндама ғылымдағы алғашқы еңбек КСРО Жоғары және орта білім министрлігінің бірінші сатылы дипломына лайық деп табылды.
Еділ Ерғожаұлы 1963 жылы оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған соң аспирантураға түсіпті. Одан әрі үзбей жасалған еңбек пен ізденімпаздықтың арқасында 1966 жылы кан­дидаттық диссертациясын қорғады.
Осылайша еңбек жолын жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ҚазКСР ҒА Химия ғылымдары институтының зертханашысы қызметінен бастаған ғалым бүгінде дәл осы Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Алайда ғылымға арналған саналы ғұмырында талай лауазымды міндетті абыроймен атқарды. Жоғары оқу орындарында басшылық қызметтерде болды. Қазақстан Үкіметінде білім және ғылым саласын басқаруға араласып, вице-министр дәрежесіне көтерілді. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды.
«Жазушының орны қаламы көтерген биікте» деп классик жазушы Ғабит Мүсірепов айт­қандай, ғалымның тұлға­лық биіктігі де оның атқарған қызметімен емес, ғылымға сіңірген еңбе­гімен айқында­ла­тыны анық. Докторлық диссер­та­циясын «Жаңа ионал­мас­тырғыштар мен тоты­ғып-тотық­сызданатын полимер­­лердің синтезі мен түзілу заң­­дылықтарын зерттеу» тақы­рыбымен қорғаған, халық­ара­лық дәрежеде де еңбегі мо­йын­далып, Нью-Йорк ака­де­мия­сының ака­демигі болған, 200-ден астам авторлық куәлік­тер мен по­тент­тердің, 1300-ден астам республикалық және халық­ара­лық баспалардан шыққан ғылыми еңбектердің авторы, Қазақстандағы ионалмасу химиясы мен мембраналық техно­логияның негізін қалаған ғалым ғылымға адалдығымен де биік.
Тұлғалық қасиеттерімен де құрметті. Ең бастысы, өзінің жолын жалғайтын жас­тарды бағалап, 13 химия ғы­лымдарының докторын, 87 ғылым кандидатын дайындаған. Ғалымның сіңірген еңбегі бағаланып, Еділ Ерғожинге «Парасат» ордені (2003), академик С.П.Королев атын­дағы медаль (2006), ғылым номинациясындағы тұңғыш «Платина Тарлан» ең жоғарғы сыйлығы (2000) берілді. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, «Ғылым маршалы» құрметті атағын алды. 1976 жылы-ақ есімі ҚазКСР «Алтын құрмет кітабына» енгізілді.
Бүгінде жары, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Зенат Мәмбетқызымен бірге бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, он шақты немере сүйіп отырған ғалым мерейлі 75 жасқа толып отыр. Сүйсінтетіні – ғылымға, ізденіске деген сүйіспеншілігі суымаған. Ғалымның қашан көрсең өзі басқаратын Химия институтының қалың аспап, шыны ыдыстар қаптаған лабораториясынан табылатыны да, әңгіме ғылымға келгенде
нықтап-нықтап пікірін айтып, жаны ауырып, ашынып сөй­лейтіні де, ғылымға бет бұрған жастардан өз кәсібіне адалдықты күтетіні де сондықтан.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button