Білім

Ғылыми мектебін қалыптастырған

Әлемдегі саяси ахуал, қаржы жүйесіндегі өзгерістер, нарықтағы бәсекелестіктің артуы, жаңа технологиялардың дамуы, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік шиеленістер сияқты ғаламдық мәселелер күн сайын шиеленісіп бара жатқаны жасырын емес. Әлемдік экономика революциялық технологиялар негізінде қарқынды түрде дамып келеді.

Адамзаттың жаңа тарихи кезеңге қадам басуы қоғамның барлық саласында, экономикада, мәдениетте және психологияда, т.б. ауқымды өзгерістерге әкелетіні сөзсіз.

Бұл ретте экономикалық кибернетиканың маңызды бағыты – экономикалық-математикалық тиімді модельдерді және халық шаруашылығының мақсатты жоспарлау, болашақты және ағымдық жоспарлауды шешу құралдарын жасақтау күн тәртібінде тұрған үлкен мәселелердің бірі. Сонымен қатар экономикалық-математикалық модельдеу әдістерін және жаңа ақпараттық технологияны жасақтау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыру өзінің өзектілігін жойған емес.

Бұл ретте Қазақстан ғылымында кеңінен танымал көрнекті ғалым, экономист-кибернетик және педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Жаппар Жұманның экономикалық-математикалық модельдер мен оларды халық шаруашылығында ендіру және тиімді жоспарлау әдістерін жасау, сол сияқты жаңа ақпараттық технологияларды құрастыру салаларында өнімді еңбек етіп келе жатқанын айрықша атап өткен жөн.

Жаппар Жұманның жетекшілігімен және қатысуымен Алматы экономикалық университетінде экономика мамандықтары бойынша аспирантура мен магистратура ашылды, сондай-ақ Алматы экономикалық университеті және Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті негізінде 08.00.02 және 08.00.13 мамандықтары бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау жөнінде Біріккен диссертациялық кеңес құрылды. Жаппар Жұманұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының ұжымы арасында көрнекті ғалым-зерттеушісі, білікті педагог ретінде лайықты беделге ие.

Оның ғылыми жетекшілігімен экономика мамандықтары бойынша 7 докторлық, 22 кандидаттық, 3 (PhD) философия докторы сынды ғылыми диссертациялар қорғалды. Қазіргі уақытта 2 (PhD) докторантқа ғылыми жетекші және 86 магистрлік диссертациялары қорғалды. Ол санаулы жылдар ішінде өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып үлгерді. Жаппар Жұманның еліміздегі, сондай-ақ рейтингісі жоғары жақын және алыс шетел басылымдарында 500-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрген. Оның ішінде 30-ы – ғылыми монографиялар, 18-і – жоғары оқу орындарының экономикалық мамандықтарына арналған оқулықтар мен оқу құралдар.

Абай атамыз: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылдық». Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Ғылымды жанына серік еткен тұлғалардың өнімді еңбектерінің нәтижесінде көптеген ғылыми жобалар жүзеге асып келеді. Осы жобалар ел игілігі мен кәдесіне жарап жатса, ортақ мақсаттың орындалғаны.

Әсемгүл БЕКМҰХАМЕТОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,

экономика ғылымдарының кандидаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button