Ғылыми-тәжірибелік конференция мәслихаттардың 30 жылдығына арналды
Астанада Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Мықты мәслихаттар – мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың негізгі институты» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған барлық шақырылымдағы депутаттар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Мәслихат – жергілікті өзін-өзі басқару саласында маңызды рөлге ие. Ол халық пен билік арасындағы алтын көпір. Қоғамның сөзін айтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сенімді саяси институт. Биыл ел мәслихаттарының құрылғанына мерейлі 30 жыл. Астана қаласының мәслихаты елордамыздың өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Мәслихат депутаттары қала халқының тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысып, ел мүддесі жолында тындырымды еңбек етуде. Қабылданған әрбір шешімнің халықтың мүддесі, елдің болашағы басты назарда», – деп жазылған Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатында.
Шара модераторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ректоры Ерлан Сыдыков күн тәртібінде мәслихаттардың өңірлердің тұрақты дамуындағы және жергілікті басқарудағы рөлі тұрғанын атап өтті.
«Бүгін біз мәслихаттардың жергілікті басқарудың негізгі элементі ретіндегі маңызды рөлін талқылаймыз. Күшті мәслихаттар – тек өңірлердің тірегі емес, елдің тұрақты дамуының маңызды факторы. Бұл залда жергілікті басқаруды нығайтуға шешімдер ұсынуға дайын түрлі сала мамандары жиналды. Біздің пікірталастарымыз жергілікті билік алдында тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді тереңірек түсінуге көмектеседі», – деп атап өтті Е. Сыдықов.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов халық сайлайтын жергілікті өкілді орган жұмысының қорытындылары туралы айтып берді.
«Ел заңнамасына сәйкес, бүгінгі мәслихат – Астана халқының еркін білдіретін және мемлекеттік мүдделерді ескеріп, оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды анықтап, олардың орындалуын қадағалайтын өкілді орган. Елордалық мәслихат мерейтойға оң нәтижелермен жетті. Басты міндетіміз – еліміздің бас қаласындағы өмірді жайлы әрі қауіпсіз ету. Осы мақсатта барлық мемлекеттік органдармен белсенді ынтымақтастық орнатылды. Мәслихаттар азаматтардың өтініштерін қабылдап, оларға жедел жауап береді. Биылғы жыл да елорда мен бүкіл ел тұрғындары үшін ең алдымен пайдалы істермен есте қалады деп сенемін», – деді ол.
«Қазақстан мәслихат депутаттары» РҚҚ төрағасы Төлеубек Мұқашев 30 жылда барлық мәслихаттар ықпалды билік органдарына айналғанын атап өтті.
«Онсыз өңірлер мен қалалардың тұрақты дамуын елестету мүмкін емес. Сіздердің қызметтеріңіз Астананың әр тұрғынының аманатын арқалап, қаланы абаттандыруға қатысты шешімдер қабылдаудан бастап, түрлі әлеуметтік, экономикалық, саяси салаларда маңызға ие. Жыл басындағы су тасқыны кезінде, одан кейінгі қаншама сындарлы шақта мәслихаттың барлық буындары өздерін көрсете білді. Жер-жердегі әріптестеріміз халық пен атқарушы билік арасында көпір болып, әр алуан елдік жобалардың жүзеге асуына жол ашты», – деді Т. Мұқашев.
Конференцияда Астана қаласы мәслихатының I-VIII шақырылымның бірқатар депутатына ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, «Еңбек ардагері», «Экология саласының үздігі», «Еңбек сіңірген энергетик», «Нашақорлықпен және есірткі қылмысымен күреске қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.
Астана қаласы мәслихатының I-VIII шақырылым депутаттары ведомстволық наградалармен және «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталды.
Конференция аяқталған соң Мәңгілік Ел даңғылындағы скверде «Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы» аллеясы ашылып, көшет отырғызу рәсімі өтті.
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ