Мәселе

Голливуд фильмдерін немен алмастырамыз?

Жуырда еліміздегі кинотеатрлар нарығының 33 пайызын қамтитын Kinopark-Kinoplexx желісінің бас директоры Алмаз Малдыбаев биылғы 1 сәуірден бастап аталмыш желілер жұмысы тоқтауға мәжбүр болатынын мәлімдеді. Оған Голливуд студияларының өз фильмдерін Ресейге жөнелтуден бас тартуы себеп болды. АҚШ кинотуындылары Қазақстанға солтүстіктегі көршіміз арқылы орыс тіліне дубляждалып келеді екен. Ресейге салынған санкциялар елімізге мұхиттың арғы жағынан келетін фильмдердің жолын бөгеді.

[smartslider3 slider=2640]

Қазір кинотеатрларда қазақстандық және Еуропа елдерінің фильмдері болмаса, Голливудтың туындылары жоқтың қасы. Мәселен, елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығындағы «Kinopark 7 IMAX Keruen» кинотеатрында 1 сәуірден бастап голливудтық бір ғана «Морбиус» фильмі көрсетіліп жатыр. Ал келесі мамыр айында кинотеатрлар табысының негізін құрайтын америкалық фильмдер мүлде көрсетілмеуі мүмкін. Себебі көрермендерге ұсынатын дайын кино жоқ. Егер жағдай тез арада шешілмесе, Голливудтың Ресей арқылы келетін кинотуындыларына байлаулы  кинотеатрлар шынымен жабылуы мүмкін.

Жақында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен еліміздегі киноиндустрияны дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиында кинопрокат мәселелері де талқыланды. Сонда шетелдік компаниялармен барлық қажетті келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды. Атап айтқанда, Голливудтың үш студия­сы – Universal Pictures, Warner Bros және Paramount Pictures бұрын бекітілген кестеге сәйкес қазақстандық көрермендерге өз картиналарын ұсынуды жалғастыратыны баяндалды. Ал Walt Disney Company және Sony компанияларымен отандық кинопрокатшылар тікелей келіссөздер жүргізуде. Бұл келіссөздерге Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері де қатысып жатыр.

Алмаз Малдыбаевтың айтуынша, министрлікте мәселе талқыланған соң, кинопрокат нарығындағы отандық компанияларда жағдайдың оң шешілетініне сенім пайда болды.

Мәселен, елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығындағы «Kinopark 7 IMAX Keruen» кинотеатрында 1 сәуірден бастап голливудтық бір ғана «Морбиус» фильмі көрсетіліп жатыр. Ал келесі мамыр айында кинотеатрл ар табысының негізін құрайтын америкалық фильмд ер мүлде көрсетілмеуі мүмкін. Себебі көрермендерге ұсынатын дайын кино жоқ

– Өткен айда, 10 наурыздан бастап «Мен – қызарамын» атты Walt Disney Company шығарған мультфильмді көрсетуіміз керек еді. Бірақ Ресейге салынған санкцияға байланысты бұл мульт­фильм келмеді. Содан соң дабыл қағуыма тура келді. Дереу Мәскеуге, сондағы Walt Disney Company және Sony компанияларының өкілдеріне хабарластым. Антон Серенко, Вадим Смирнов деген жігіттермен 20 жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Олар өтінішімді АҚШ-қа жіберуге, көмектесуге тырысуға уәде берді. Содан нәтиже шықты, «Морбиус» атты фильмді алдық. Sony компаниясының фильмдері бойынша мәселе шешіліп жатыр, Walt Disney Company-мен келіссөздер әлі жүргізілуде. «Доктор Стренч» атты фильмді алуымыз керек еді. Бірақ аударма жұмыстары қайтадан басталған екен. Фильм бізге келе ме, келмей ме, әлі белгісіз. Бастысы, сәуір және мамыр айларында кинотеатрларда көрсетілетін кинолар қорымызда бар. Бізге бұл тарапта «Қазақфильм» киностудиясы, Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы көмектесіп жатыр. Бірақ содан кейін жағдай қалай болатыны белгісіз, – дейді Алмаз Малдыбаев.

Оның сөзінше, Голливуд студияларының штаб-пәтерлері Мәскеуде орналасқан. Фильм­дер содан Қазақстанға және Өзбекстан, Қырғызстан секілді басқа елдерге таралады. Аударма жұмыстары да Ресейде жолға қойыл­ған. Орта Азия мемлекеттері де қазір санкцияға байланыс­ты америкалық фильмдерден тапшылық көріп отыр.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары ­Бауыржан Шүкеновтің пікірінше, Ресейге салынған санкциялар керісінше отандық киноиндус­трияның дамуына жол ашады.

– Отандық компаниялар Голливуд фильмдерінің тең жартысын дубляждап жүр. Оған үлгермесе, түпнұсқасын көрсетіп, субтитрмен беруге болады. Қытай елі талай жылдан бері осылай жасап жүр. Қазіргі жағдайда жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Мемлекеттің қолдауымен түсірілген жиырма шақты фильм бар. Соның бәрі биыл прокатқа шығуы керек. Өзіміздің қазақша киноларды насихаттайтын кез келді, – дейді Бауыржан Шүкенов.

Бұған Алмаз Малдыбаевтың айтар өз уәжі бар. Оның айтуынша, дубляж бюджеті орташа есеппен 100 мың доллардан басталып, 300 мың долларға дейін барады. Қазақстандық дистрибьютерлер мұны көтере алмайды. Оның үстіне дубляж жұмысы жылдам біткені жөн.

– Қазақстандықтар арасында қазір танымалдыққа ие Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбай, Құралай Анарбекованың фильмдері табыс әкелуі мүмкін. Бірақ фестивальдерге арнап түсірілген басқа қазақстандық кинотуындылар бізге тиімсіз болады деп есептеймін. Себебі бұл фильмдерді көрсету арқылы қызметкерлер жалақысы, ғимаратты жалға алу құны, несиелерді жабу сияқты шығындарымызды жаба алмаймыз. Бізге бұрын көрсетілген фильмдерді прокатқа қайтадан жіберу, қазақ және кеңес киносының классикасын көрсету туралы кеңестер айтылып жатыр. Бірақ бұл фильмдер қолжетімді ресурста, Ютубтен көруге болады. Сондықтан бізге бұдан ешқандай пайда жоқ. «Болашақ» қоры қазақ тіліне аударған фильмдер өте аз табыс әкеледі. Көрермендерде сұранысқа ие фильмдердің 99,9 пайызы орыс тілінде, қазақ субтитрлармен жүреді. Әрине, мен қазақ тіліне қарсы емеспін. Бірақ көрермендердің көбісі фильмдерді қазақ тілінде көру үшін әлі де біраз уақыт өту керек деп есептеймін, – дейді Алмаз Малдыбаев.

Kinopark-Kinoplexx желісінің жабылуы туралы хабар кинорежиссерлерді де алаңдатты. Ақан Сатаевтың Қасым хан туралы «Ұлы дала таңы» атты тарихи фильмі жуырда прокатқа шығуы тиіс. Кинорежиссер Алмаз Малдыбаев­пен кездесіп, кинотуындысының кинотеатрда көрсетілуі жөнінде келісті.

Қазір Голливуд фильмдерін Ресей арқылы емес, арадағы делдалсыз Қазақстанда дубляждау мәселесі, Корей, Қытай, Үндістанның киноларын елімізге әкелу қарастырылып жатыр. Мұның нәтижесін алдағы уақыт көрсетер.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button