SportЖаңалықтар

ГОЛОВКИН – «Астана» сапында

Геннадий Головкин «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына қабылданды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылдың соңында құрылған «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы еліміздегі ең үздік спорт ұйымдарын біріктіріп, халықаралық аренада Қазақстанның жағымды имиджін танытуды жүзеге асырып отырған айтулы құрылымға айналды. Бүгінде «Астана» атауымен аталатын велосипед, баскетбол, футбол, су спорты командалары, «Астана арландары», «Астана Дакар Тим», «Қазақстан барысы», «Барыс» хоккей клубы спорт ұйымдары да Президенттік клубтың қамқорлығымен халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр.
Бір айтарлығы, «Астана» ПКСК өз құрамына әлемдік сындарда табысты өнер көрсетіп жүрген жекелеген спортшыларды да қамқорлығына алып отыр. Атап айтқанда, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де «Астана» клубының мүшелері саналады. Енді, міне, осындай ел абыройын көтеруге айтулы үлес қосып жүрген талантты спортшылардың қатарына атақты боксшымыз Геннадий Головкин де қосылып отыр.
Геннадий Головкиннің «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубына қа­былданғанына өте қуа­ныш­тымын. Ол бүгінде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, осыған дейін 28 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Әуесқой бокс­та да әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болған. Бүгін біз осы талантты спортшымызды Президенттік клубтың құрамына қа­былдап отырмыз. Алдағы уақытта ол жекпе-жектерге «Астана»клубы атынан түсетін болады, – деп атап өтті «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының президенті Бақтияр Артаев спортшы
мен клуб арасындағы келісімге қол қою рәсімі барысында.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button