Sport

Головкин екі атағын қайтарды

Қазақстан спортының жарқын жұлдызы әуесқой бокстан әлемнің чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин кезекті жекпе-жегін өткізді. Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында ІВҒ және ІВО тұжырымдарының орта салмақтағы (76,6 келі) бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Шаршы алаңда Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) мен украиндық боксшы Сергей Деревянченко (13-2-0, 10 КО) қолғап түйістірді.

Бұл жекпе-жекке төрешілік жасаған қазылар алқасы жеңісті бірауыздан 37 жасар Головкинге берді. Шынын айту керек, екі боксшы да 12 раунд бойы барын салып айқасты. Ешқайсысы жеңісті қолдан бергісі келмеді. Дегенмен, украин боксшысының қабағын жарып алғаны, оның толыққанды жұмыс істеуіне әсер еткені байқалды. Ал қарсыласының бұл жағдайын біздің GGG ұтымды пайдалана білді. Жеңіске жеткен сәтінде Головкин өте ауыр жекпе-жек болғанын, қарсыласының өте мықты боксшы екенін айта келе, «Альварес «Канелоға» сәлем айтыңдар, мен онымен жекпе-жек өткізуге дайынмын!» деп айтып салды. Ал бұл сөзді естіген Канело болса «Маған енді GGG деген қызық емес, ол мені жеңетін болса, мен оған өзін дәлелдеу үшін 24 раунд бердім, алайда ол ештеңе көрсете алмады ғой. Ал егер үшінші жекпе-жек болып жатса, мен оны нокаутқа жіберемін» деп жар салды.
Бір айтарлығы, өте көп соққылар болған Нью-Иорктегі айқастан кейін екі боксшы да клиникаға түсті. Дәрігерлердің көмек-кеңесін алуға мәжбүр болды. Ал бокс әлемінің жұлдыздары болса, Головкин мен Деревянченко айқасы 2019 жылдың таңдаулы жекпе-жектерінің бірі деген пікірлерін білдіріп жатты.
Сонымен, өткен жылы мексикалық Альвареспен айқасында 4 тұжырым бойынша атағынан айырылған болатын. Сондықтан Геннадий Головкин үшін ендігі белес сол «Канело» болып тұр. Ал мамандар болса бұл шайқас 2020 жылы болып қалуын болжап отыр.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button