Білім

Гонконгқа сапар көп жаймен қанықтырды

Қазақстаннан Гонконгқа сапарлаған делегация жыл сайын ұйымдастырылатын “Wikimania – 2013” конференциясына қатысты. Биылғы басқосуға жүзден аса елден мың шақты ғалымдар, сарапшылар және энтузиасттар жиналған. Жиында қазақстандық делегация мүшелеріне айрықша құрмет көрсетілгенін айта кеткен жөн.

Біздің елімізден аттанған топтың негізгі бөлігін Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі вики-клубтың белсенді мүшелері құрайды. “Wikipedia клубы” жобасының мақсаты – оқушыларға мақала жазу мен өңдеу дағдыларын үйрету, академиялық әділеттілік пен жауапкершілік принциптеріне сүйене отырып, оқушыларды шығармашылыққа және зерттеу жұмысына баулу. Шара шеңберінде қазақстандықтар Wikipedia энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэйлспен кездесті. Ол оқушыларға Wikipedia-ның және өзге де ақпарат пен білімді еркін таратуға бағытталған  жобалардың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы баяндап берді. Джимми Уэйлс оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, ғаламдық энциклопедияның қазақтілді тарауын дамытудағы белсенді әрі үйлесімді жұмыстары үшін алғысын білдірді. Ол Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі вики-клубтар құру тәжірибесіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар, алдағы уақытты Қазақстанға келу жоспарын жасырмады.
Wikipedia – әлемнің үздік он интернет-брендінің қатарына кіретін жалғыз коммерциялық емес онлайн-ресурс. Бұл интернеттің әлеуметтік желі ретінде үлкен күшке ие екендігін паш еткен алғашқы интеллектуалды жоба. Қазіргі таңда Wikipedia әлемнің 287 тілінде жұмыс істейді және онда 28 миллионнан аса мақала бар. Оның 4 миллионы ағылшын тілінде.
Wikimania – түрлі вики-жобалардағы ниеттес қатысушылардың тәжірибе алмасу, презентациялар өткізу, жобалар туралы баяндама жасау және жаңа байланыстар орнату мақсатында бас қосатын ғылыми конференциясы. Оның қатысушылары еркін әрі ашық бағдарламалаудан бастап, білім мен Wiki-жобаларды әлем бойынша еркін таратуға бағытталған бастамаларға дейінгі аралықтағы ауқымды мәселелерді талқылауға мүмкіндік алады. Wikibilim ҚҚ – Wikipeda-ның қазақ тіліндегі мақалалар саны мен сапасын арттыруға және онлайн энциклопедияның белсенді қауымдастығы мен редакторларын қалыптастыруға бағытталған “Қазақша Wikipedia” жобасының бастамашысы. Жоба басталғалы бері қазақша Wikipedia-дағы мақалалар саны 7000-нан 203000-ға дейін, ал ай сайын қаралатын беттердің саны 200 000-нан 10 000 000-ға дейін өсті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button