Білім

Грант иегерлері анықталды

Кеше барша жұртшылық асыға тосып жүрген мемлекеттік білім грантына  ие болған талапкерлердің тізімі жарияланды.  Мемлекеттік білім грант­тарының иелерін анықтайтын комиссия бөлген 31 702 грант иегерлері анықталды.

03

Оның ішінде 2 950 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқуға, 28 752 грант бірінші курсқа қабылдауға қарастырылған.
Соңғы жылдары елімізде инду­стрия­лық-инновациялық даму бағдарламасы жүйелі дамып келеді. Биылғы мемлекет­тік гранттың көп бөлігі де осы мақсат­ты жүзеге асыруға бағытталған. Сон­дық­тан да 12 593 грант техникалық және технологиялық мамандықтарға бөлінген. Сонымен бірге, 5 000 грант – педагогикалық, 2 690 грант – ауыл шаруашылығы мен ветеринария және 3 000 грант медициналық мамандықтарды қамтыған.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс берілетін жоғары оқу орындарының тізімі нақтыланды. Еліміздің 112 азаматтық жоғары оқу орыны арасында оқу гранттары 87 жоғары оқу орындарына бөлінді. Өткен жылы 64 оқу орны ғана қамтылған еді.
Биылғы оқу гранттарын алу конкурсына 59 677 талапкер қатысуда, олардың ішінде 47 342-сі – қазақ тілінде білім алуға (80 пайызға жуығы), 12 335 түлек орыс тілінде оқуға тапсырған.
Білім бәсекесіне қатысқандар арасында 2 208 «Алтын белгі» иегері, 303 колледж түлегі, 169 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері, 854 халықаралық және республикалық ғылыми жарыс­тар­дың жеңімпазы, 948 түрлі спорт­тық сайыстардың жүйріктері мен 9 Президенттік олимпиаданың жеңім­пазы бар. Олар грантты алуда басымдыққа ие болды.
Сондай-ақ, конкурсқа І, ІІ топ мүге­дектігі бар 363 адам, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдерінен 1 053 адам және 492 ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар мен жетім балалар қатысуда. Бұл талапкерлерге квоталар белгіленген.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button