Мәдениет

Грэпплингтен топ жардық

Астанада 7-12 қазан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында грэпплингтен кезекті әлем чемпионаты өтті.

Жарысқа әлемнің 31 елінен 1800-ден астам спортшы қатысты. Чемпионат барлық жас топтары – U15, U17, U20, ересектер мен ардагерлер арасында Grappling және Grappling Gi бойынша өтті.

«Астанада грэпплингтен үшінші рет әлем чемпионаты ұйымдастырылды. 2016 жылдан бастап елімізде өтіп келе жатқан бұл жарысты бізден басқа бірде-бір ел үш рет ұйымдастыру құқығына ие болмаған. Екіншіден, биылғы доданың ерекшелігі – тек ересектер ғана емес, барлық жарыстарды қамтып жатыр. Бұл жас спортшыларымыздың тәжірибесін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Әрі биылғы жарысқа Қазақстаннан бөлек, ең көп спортшылар алып келген АҚШ, Ресей, Украина, Польша, Франция сияқты мемлекеттер болып отыр. Яғни, осы спорт түрінің алғашқы ұйымдастырылуында бәсекеге 20-дан астам елдер қатысса, биылғы көрсеткіш одан көп болып тұр. Әрі бұл көрсеткіш те барған сайын ұлғая береді деген сенімдеміз, спортшыларымызға және қатысушыларға мықты денсаулық, нәтижелі еңбек тілеймін» дейді грепплингтен Қазақстан құрамасының команда басшысы Арман Түсіпбек.

Ал аталған жарысқа қатысушылар өздерінің әсерлі сәтімен бөлісіп, толқыныстарын жасыра алмады.

«Әлемнің әр түкпірінен кел­ген спортшылармен бірге алаңға шығып өнер көрсету және олармен пікір алмасып, тәжірибе бөлісу – мен үшін үлкен жетістік. Бұл мені болашақта олимпиада шыңын бағындыруға деген ынтамды оятты. Алдағы жарыстарға қатысуыма шабыттандырды» дейді қола жүлдегер Нұрасыл Тұрысбеков.

Осылайша аталған жарыс­тың қортындысы бойынша Қазақстан грэпплингтен әлем чемпионатының соңғы күнінде тоғыз алтын медальдің төртеуін жеңіп алып, ерлер арасындағы Grappling Gi ойынында жеңімпаз атанды.

58 келіде Әлихан Алшынбай, 62 келіде Самат Айтпанбет, 71 келіде Сәрсен Жетібаев, 92 келіде Икер Камаран алтын медаль алып жеңіске жетті. Осылайша командалық есепте Қазақстан 185 ұпай жинап, чемпион атанды. Екінші орынды 68 ұпай жинаған АҚШ, үшінші орынды 66 ұпай жинаған Польша түйіндеді.

Ал әйелдер арасындағы Grappling Gi жарысында Польша өзінің үстемдігін тағы бір жақсы көрсеткішпен жалғастырып, командалық атаққа ие болды. Олар екі алтын медаль мен жалпы есепте 110 ұпай жинап, бірінші болса, Қазақстан 43 ұпаймен екінші, Украина 40 ұпаймен үшінші болды.

Еске салайық, 2023 жылғы әлем чемпионатында, жастарымыз 24 алтынмен жалпы есепте бірінші орын алса, ересектеріміз Grappling Gi-да сенсациялық бірінші орын, грэпплингте екінші орын, әйелдер құрамасы Grappling Gi-да жалпы есепте екінші орынға тұрақтаған еді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button