«GULDER» ансамблінің 55 жылдығына арналған гала-концерт өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «GULDER» ансамблінің 55 жылдық мерейтойына арналған гала-концерті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Концерт бағдарламасында арнайы әзірленген эксклюзивті аспаптық-хореографиялық қойылымдар мен жаңа хореографиялық композицияның тұсаукесері, авторлық әндер, танымал әртістермен ұтымды коллаборация және классикалық өнердің жаңа интерпретациясы ұсынылды.
Сондай-ақ, аңызға айналған әртістер мен жас таланттар бір сахнада өнер көрсетті.
Іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Іс-шараға Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмадиев, Әділхан Макин, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Мәди Рымбаев, Қуандық Шалқарұлы, Меруерт Бахыт, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Astana musical» мемлекеттік театры, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, «Самға» тобы және «Gulder» ансамблі қатысты.
Белгілі қазақстандық әншілер Жанар Дұғалова, ARO және танымал қазақстандық қобызшы Олжас Құрманбек мерейтойлық концертте көрермендер үшін арнайы өнер көрсетіп, кешіміздің көркін қыздырды.
Ансамбльдің бас балетмейстері – Анвара Садықова, көркемдік жетекшісі – Абзал Өсімбаев.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан шығармашылық ұжымға ықылас гүлі тарту етілді.