Басты ақпаратОқырманнан он сұрақ

Гүлмира САРИНА, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: МЕНІҢ МІНДЕТІМ — ӘННІҢ БАҒЫН АШУ

 

– Сіз дәстүрлі өнерден бөлек, эстрада саласында да бақ сынап жүрсіз. Қай жанр қиынырақ?
Асқар АМАНТАЙ, зейнеткер

– Орындаушының қабілеті Алладан болса, оған кез келген әнді айту қиындыққа түспеу керек. Ол халық әндерін айта ма, эстрадалық ән айта ма, талантты болса, кез келген туындыны орындай алады. Ал, көп қаржыны, уақытты талап ететіні, әрине, эстрадалық әндер. Қазір заман талабына сай, эстрадалық әнге сұраныс басым. Бірақ, солай екен деп халық әндерінен қол үзбеймін. Халық әндерінен қол үзу – өзіңді жоғалту ғой. Алайда дәстүрлі өнерді эстрадаға түсіріп, нақышына келтіре орындап, көпшілікке жаңа қырынан танытып, жарнамалаудың еш әбестігі жоқ.

– Дәстүрлі әндеріміздің болашағы туралы не айтасыз? Эстрада дәстүрлі өнерімізді шетке ығыстырып бара жатқан жоқ па?
Майра СӘРСЕН, мұғалім

– Дәстүрлі өнер ешқашан шетте қалмайды. Қазақ қаншама қиын- қыстау уақытта да домбырасын тастамаған. Халық әндері теледидар, радиосыз-ақ ауыздан-ауызға жеткен. Сондықтан қазіргі кезде көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өзінің төл өнерінен біржола қол үзеді деп ойламаймын. Қазақтың өнері тек қана қазаққа керек, сондықтан да барлығымыз төл өнерімізді насихаттай білейік.

 – Дәстүрлі әншілердің көпшілігі қаржы табу әрі халыққа тез танылу мақсатында эстрадалық бағытқа ауысып жатады. Сіз де сөйттіңіз бе?
Айжан ҒАМЗАТОВА, есепші

– Олай деп айтуға болмас. Дәстүрлі жанрмен қатар, эстраданы да қоса алып жүруіме түрткі болған – «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әні. Ол әнді сазгердің өзі ұсынған болатын. Әйтпесе, теледидардан көрінейін, халыққа танылайын деген мақсатым болған емес. Аллаға шүкір, тыңдармандарымның жадында домбыра ұстаған қалпыммен де сақталдым деген ойдамын. «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әніне кезінде бейнебаян да түсірілген. Әннің авторлары – Несіпбек Айтұлы мен Ермұрат Үсенов. Эстрада жанрындағы ең алғашқы әнім сәтті шыққандықтан да болар, тыңдаушылар мен авторлардың сұранысы арта түсті. Сол себепті, екі жанрда да орындап жүрмін. Содан бері шығармашылық қоржыным алпыстан астам эстрадалық әнмен толықты. Шүкір, көпшілігі Қазақ радиосы арқылы өз тыңдаушыларын тауып жатыр. Менің мақсатым – әннің бағын ашу. Тыңдаушының сұранысына сай жұмыс жасағанды жөн көремін.

 – Дәстүрлі ән өнерінде қандай кем-кетік бар деп ойлайсыз?
Гүлжанат ТАНАБАЕВА, жас әнші

 – Кемшілігі сол, әншілерде жалқаулық басым. Әйтпесе, Құдай қазаққа талантты берген. Таланттылар жоқ емес, жетеді. Тек соларды көрсету керек, іздеу керек. Ақын алдыңғы буынның жырларын оқып, шыңдалса, әншінің кітабы – мұрағаттағы атадан қалған асыл мұра, үндерді тыңдау. Солардан өзін-өзі іздеу. Керегін үйрену.

– Өнерде кімге еліктедіңіз?
Танакөз БЕРІК, дәрігер

– Менде еліктеушілік жоқ, қызығушылық бар. Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова сынды апаларымыздың үні, орындаушылық шеберлігі ұнайды. Ал, ұстазым деп өзімнің үлкен ағам Ербол Саринді атар едім. Одан кейін Қайрат Байбосыновтан білім алдым. Оларға деген алғысым шексіз. Сондай-ақ бұрынғы таспаларды тыңдаудан жалықпаймын.

– Өзіңіз ән шығарасыз ба?
Гүлназ ПЕРНЕБЕК, студент

– Ән шығарамын. Көкейіме келген әуенді ұялы телефоныма жазып жүретінмін. Сосын бұл менің әнім бе, бұл ән маған қайдан келіп жатыр деп ойлайтынмын. Сөйтіп, кейін бір әнімді бауырым Қалқаман Саринге тыңдаттым. Ол оңаша отырып, тыңдап көріпті. Кейін сол әнге сөз жазды. «Шығысым шырайлы елім» деп аталады.

– Эстрада әншілеріне той-томалаққа сұраныс көп түседі. Ал, дәстүрлі әнге қалай?
Жанна ИБРАЕВА, студент

– Дәстүрлі әнге сұраныс төмен деуге болмайды. Меніңше, бүгінгі таңда халық эстрадалық әндерден шаршаған сияқты. Оның да өзіндік деңгейі бар. Той-томалаққа шы ғып тұрамын, домбырамды қоса ала барам. Тіпті, эстрадалық бағыттағы әндерімді орындауға шақырса да, домбырамен ән салсаңыз деген өтініштер көп айтылады. Сондықтан дәстүрлі әніміз ештеңеден кенде қалып жатқан жоқ.

– Дәстүрлі әнді насихаттап жүрген замандастарыңызға көңіліңіз тола ма?
Данияр ЕЛАМАНОВ, мұғалім

– Әрине, көңілім толады. Халықтың көңілінен шығып жүрген әншілер көп. Қазір эстрадада әннің атасын білмейтін, әннің құдіретін сезінбейтін әншілер жоқ емес. Өзінің не айтып тұрғанынан бейхабар. Ал, онымен салыстырғанда дәстүрлі әндерді орындайтын әншілердің әндері мәнге, мағынаға толы. Халықтық нақыштан шықпайды. Біз эстрадаға қосып айтқан күннің өзінде халықтық бояуды жоғалтпауға тырысамыз. Бізге әрдайым үлгі болған аға-апаларымыз: «Қазіргі жастардың арыны қатты, ертеңгі күні дәстүрлі әнді халыққа кеңінен насихаттауға сүбелі үлес қосатын осы жастарымыз болады» деп өздерінің оң пікірлерін білдіріп отырады.

– Гүлмира апай, сізді «Қазақстан» телеарнасындағы «Кеш жарық» бағдарламасына шақырды ма?
Сара АМАН, оқушы

– Шақырды, қатыстым. Жұбаныш Жексенұлымен бірге шықтым. «Кеш жарық» бағдарламасында дәстүрлі әншілер – эстрадамен, эстрада әншілері – дәстүрлі ән айтып, сайысқа түсті. Дәстүрлі әншілер халық әндерін айтқаннан кейін, олардың бойында әндеріне сәйкес, қарапайымдылық, байсалдылық байқалады. Осы жағынан келгенде, талап дұрыс болмады.

– Репертуарыңыз туралы айтсаңыз?
Манара САРҚЫТ, қала тұрғыны

– Мен әнге ғашық адаммын. Жақсы әнді іздеп, оны нақышына келтіріп орындағанды жақсы көремін. Репертуарымда халық әндері, халық композиторларының әндері бар.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button