МәдениетСұхбат

Гүлмира САРИНА: ӘН ҮШІН ЖАРАЛҒАНДАЙМЫН

ГУЛМИРА2

– Шығармашылығы Астанамен біте қайнасып кеткен әншілердің бірісіз. Үлкен өнерге алғашқы қадамыңызды осы қалада бастадыңыз. Әңгімемізді өміріңіздің сол кезеңінен бастасақ…

– Семей облысы Абай ауданы Архат ауылында қарапайым отбасында он бала өстік. Мен қыздың кенжесімін, ұлдың кенжесі – қазірде ақындығымен көзге көрініп, халық­тың батасын алып жүрген бауырым Қалқаман. Астанаға арман қуып, бірімізді-біріміз жетелеп келдік. Мені ауылдан алып кеткен – осы күндері Қазақ ұлттық өнер университетінің халық әні кафедрасында дәріс беретін Ербол ағам. Сөйтіп, 1989 жылы осында келдім.

Негізінен, оқуды бітірген жылы мектеп директоры үйімізге келіп, ата-анама: «Біздер Гүлмираны Надежда Крупская атындағы институттың (қазір Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы мемле­кет­тік университет – автор) музыка факультетіне апарайық. Квота арқылы біз оны өзіміз оқытамыз. Оқуын аяқтағаннан кейін ауылға келіп жұмыс жасайды» деп, олар­дың рұқсатын сұрады. Осы оқу орнына құжаттарымды тапсырдым. Бірақ, ол жерде бәрі орысша болғаннан кейін таза қазақ ауылынан шығып, қазақ мектебін бітірген маған қиын болды. Алгебра мен геометриядан төмен балл алып қалып, оқуға түсе алмадым.

Мектеп қабырғасында ән айтып жүрдім. Үшінші сыныптан бас­тап мектепаралық, ауыларалық, ауданаралық көркемөнерпаздар байқауларына қатыстым. Күзден қысқа қарай ауылға келген Ербол ағам менің сол ынтамды байқап: «Сенің оқуын керек, жүр» деп, мені сол кездегі Целиноград қаласына алып келді. Өзі сол жылы отбасын құрған болатын. Жеңгеміз екеуі мені дайындап, жұмысқа орналастырды.

Өзіңіздің жерлесіңіз, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова Семей ет комбинатында еңбек жолын бастап, жұмыс істеп жүргенде консерваторияға түс деген кеңеске «онсыз да консерві жауып жүрмін ғой» деп қатырғанын бір жерден оқыған едік. Сіздің еңбек жо­лыңыз қалай басталды?

– Жұмысқа орналасуым қызық болды. Сол жылдары Целиноград облысын Браун басқарды. Сол кісі концерттерде менің ән айтып жүргенімді естіп қалып, ағама: «Қарындасың әнші екен ғой. Біз оны облыстық фи­лармонияға жұмысқа алайық» деп ұсыныс айтыпты. Ербол ағамның «Филармонияға қалай орналастырамыз, ешқандай білімі жоқ қой» деп, ыңғайсызданғанына қарамай «Қарындасыңның табиғи таланты бар, қазір осындай әншілер тапшы, жұмысқа кірсін» деп көндірді. Браун
«көкемнің» өнерімді таны­ған­ды­ғының арқасында филар­монияға жұмысқа тұрдым. Осылайша еңбек жолым басталып, шығармашылық тұрғыдан шыңдалуға мүмкіндігім ашылды.

– Еш жерде оқымай-ақ ха­лықтың махаббатына бөленген Майра Уәлиқызының заманынан өтіп кеттік. Бүгінгі таңда кәсіби деңгейге жетемін деген әншіге сауат керек. Өзіңіздің музыкалық біліміңіз бар ма?

– Филармонияда жұмыс істей жүріп қазіргі Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті, ол кездегі Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық инсти­тутының музыка факультетіне оқуға түстім. Марқұм Жақсылық Мұқанов ағамыз домбыра шертісіме, ән ай­ты­сыма қарап мені ешқандай емтихансыз қабылдады. Бес жыл бойы институттың қабырғасында жүріп, жан-жақта өтетін байқауларға қатыстым.

Қалибек Қуанышбаев театры
ашылғанда сонда жұмысқа алын­дым. Оның негізін қалаушы Жақып Омаров ағамыз да мені бір­ден қабылдады. Институтта ән­­ші­лікті емес, күйшілікті оқыдым. Соны ескерген театр басшысы мені оркестр құрамына алды. Ор­кестрда домбыра ойнап жүріп, әнімді де айттым. Әнімді айта жүріп, актрисалық қырымды да көр­сеттім. Сөйтіп, теорияның ғана емес, практиканың да көп кө­­мегі тиді.

– Жақсы әнші екенмін деген сенім өзіңізде қай кезеңде пайда болды?

– Институтты бітіргеннен кейін ректорымыз Амангелді Құсайынұлы мені кафедраға ұстаз қылып алып қалды. Әннен, күйден дәріс беріп жүрдім. Одан бір жыл бұрын Шымкент қаласында Әміре Қашаубаев атындағы байқау өтті. Оқу орнының өзі жағдай тудырып, мені сол байқауға жіберді. Онда 65 қатысушының арасында алдыңғы лектен көрініп, ең соңында іріктелген 13 орын­дау­шының қатарына қосылдым. Бұл байқауда «Көрермен көзайымы» номинациясын иелендім. Соның өзі маған үлкен шабыт берді, өнерде әрі қарай қадам басуыма түрткі болды.

Осыдан кейін маған: «Ұстаздық етуге әлі де үлгерермін, мен одан да барып ізденейін. Алған білімімді әрі қарай жалғастырайын» деген ой бітті. Сол оймен Алматыға барып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түстім. Онда да күйшілікті таңдап, Қаршыға Ахмедияров ағамыздың алдына бардым. Күйімді ойнай жөнеліп едім, Қаршыға аға тыңдап болған соң «Домбыраң қызық екен» деді. Мен: «Аға, домбырам негізі әншіге арналған домбыра еді, кішкене ән айтатыным бар» деп жауап беріп едім «Қане, әнінді айта қойшы» деді ағамыз. Сол жерде Ахмет
Байтұрсынұлының «Аққұм» әніне басқан маған: «Айналайын, сен бізге нағыз керек кадр екенсің. Институтты бітіргеніңді, музыкалық білімің бар екендігін ешкімге айтпа. Қазіргі уақытта елдің бәрі базарға шығып, коммерсант болып кетті. Егер мектеп бітіргелі қайда жүрдің деп сұрайтындар табылса, базарда тұрдым деп айт» деген Қаршыға аға мені қолымнан жетектеп құжат қабылдайтын бөлімге апарды. Сол кісінің сөзі түрткі болып, еш емтихансыз Қайрат Байбосыновтың класына қабылдандым.

– Астанаға консерваторияны аяқтап барып оралдыңыз ба?       

– Осы жақ бәрібір тартып тұрды. Әуелден білім алған жерім ыстық көрінді. Студент болып жүріп, жұмыс істедім. Жағдайым болды. Бір жағынан бауырларыма да алаңдадым. Шынымды айтсам, қай­тадан студент болу маған қиын­дыққа түсті. Оның үстіне танымайтын орта, танымайтын қала… Консерватория­да екі жыл оқыдым. Ақмола Астана атанғаннан кейін осында оралдым. Мұнда ашылған Қазақ ұлттық музыка академиясында оқуымды жалғастырдым. Оралған бетімде Айман Мұсақожаева ұстаздық етуіме ұсыныс жасады. Ұсынысын қабыл алып, еңбек жолым қайта жалғасты. Оқи жүріп, дәріс бердім. Астана қаласы мемлекеттік филармониясы қай­тадан жұмысқа шақырды.

Филармониядан кейін Прези­денттік мәдениет орталығында ашыл­ған дәстүрлі қазақ театрында жұмыс істедім. Бес жыл ішінде онда сахналанған қойылымдарға қатыс­тым. «Алпамыс», «Ұлбике», «Бәй­терек» секілді спектакльдерде рольдерде ойнадым. Қазірде «Ақ жауын» атты мемлекеттік камералық оркестрдемін. Оның жетекшісі – бәрімізге белгілі шертпе күйдің шебері Секен Тұрысбеков. Онда жеке әнші болып жұмыс жасап, көбіне оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтамын.

– Астананың қазақылануында сіздің де үлесіңіз бар сияқты…

– Солай шығар. Ақмола елорда болғаннан кейін кейбір көшелердің атаулары өзгертілді, жаңа даңғылдар пайда болды. Ескерткіштер қойыла бастады. Көшелер мен ескерт­кіш­тер ашылғанда да солардың қас­та­рында тұрып, ән айттым. Сол кездері Сарыарқа және Алматы аудан­дарының әкімдіктерін басқар­ғандар бұл сөзімнің өтірік емес екеніне куә бола алады.

Өзіңізге үйреншікті ұстаздық қызметті де қоса алып жүрсіз бе?

– Ұстаздығымды қазірде тоқтатып тұрмын. Себебі, сахна мен ұстаз­дық­ты бірге алып жүру оңай емес. Екеуінің жеке тұрғандағы орындары бар. Шәкірт тәрбиелеп, сахнаны да алып жүруге болады, бірақ шәкірт алып, өзін бір жерде концертпен жүрген дұрыс емес деп есептеймін. Бір-екі шәкіртім бар еді, оларды Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздарына, ондағы өзімнің Ербол ағама табыстадым.

– Бір сұрақ өзіненөзі тіл ұшы­мызға келіп тұр: Абай елінде дүниеге келдіңіз. Әншілік жолға түсуіңізге туып-өскен ортаңыздың да әсері болған шығар. Үлкен жазушы Мұхтар Мағауин ағамыздың «Абайдың өлеңдерімен тілім шықты» деп айтатыны бар еді.

– Әрине, әсері болды. Архат деген ауылдың атауы да Абай атамыз­бен тікелей байланысты. Абай өзінің досы Ерболмен келе жатқанда ауы­лымыздың тұсында аттары арып, Архат – арық ат деген атаудан шықты. Ауылымыздың өзі табиғаты сұлу, таудың бөктерінде орналасқан. Қай адам да табиғатына тартып туады ғой. Оның үстіне ананың ақ сүті, әкенің күші деген бар. Біздің көршіміз ұста болды. Қазақ үйден бастап бесікке дейін керек дүниенің бәрін жасады ол кісі. Ауылдағы той-думан. Онда екінің бірінің домбырамен ән салуы – осының бәрі өнерпаз боламын деген жанды қанаттандырады.

Әнші ретінді бізді Қазақ радиосы мен «Шалқар» арнасы тәрбиеледі. Ауыл көшесінде сөйлеп тұрған радионы мектепке бара жатып, одан қайтып келе жатып тоқтап тыңдайтынбыз. Ұнаған әніміздің қайталап берілуін күтіп жүретінбіз.

– Эстрадалық жанрдағы ән­дерді де орындайсыз. Бұл жолға келуіңізге не түрткі болды? Бұған өзіңіз орындаған «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әні әсер еткен сияқты.

– Негізінен, күйшілікте оқып жүргенімде эстрадалық жанрға қызығушылығым болды. Есімдері елге аян Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова апаларымызды тыңдап өстік. Адам жас болғаннан кейін еліктейді. Сол кісілердей болғым келді. Эстрадалық әндерді сол кездің өзінде айтып жүретінмін. Бірақ, Ербол ағамның қолында тұрамын. Үйде күнде естіп жүр­генім – халықтық әндер. Сол ағамның айтып жүрген әндерін ұрланып жүріп үйреніп, орындап жүр­дім. Мұны ағамның өзі байқап,  бірде: «Гүл­мира, сенің дауысыңда қазақы үн бар. Неге дұрыстап отырып менен ән үйренбейсің?» деді.
Сосын осы жолға түс­тім ғой.

«Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әніне келсек, оның авторы Ермұрат Үсеновке кіріп, Әсет Найман­баев­тың «Інжу-маржан» әнін орындап бергенім бар. Сол кезде бұл кісі осы әнді және басқа бірнеше әндерін маған ұсынды. Негізінен, бұл әнді маған дейін Мақпал Жү­нісова орындаған. Ол оркестрдің сүйемелдеуімен айтыпты. Мен үйге келіп, домбыраға салып көріп едім, эстрадалық бағытты сұрағандай көрінді. Оркестрмен Мақпал апамыздан асырып айта алмаймын ғой деген ой келді. Осы ән қалай шықты, халыққа таныла бастадым.

Бірақ, мен эстрадалық әншімін деп айта алмаймын өзімді. Автор­лардың сұранысымен қарап отырсам 60-70 әндей эстрадалық  жанрда жазылып кеткен екен. Радиоға 25-30 шақты осы бағыттағы ән өтті. Алайда, өзімді осы жанрда қатты насихаттаған жоқпын. Мақсатым да осы жанрда өзімді насихаттау емес.

– Сазгерлік қырыңыз да бар екен…

– Иә, қазіргі күнде орындау­шы­лықтан бөлек сазгерлік қырым ашылып келе жатыр. Ол оңай дүние емес екен. Бірақ, бар нәрсе адамды жатқызбай, мазалауын қой­май­ты­нына көзім жетті. Он бес – жиыр­ма шақты ән жазып тастап, өткелі жатқан концертімде орындайын деп отырмын.

Қарап отырсам, жас ақындардың сөздеріне үңіліп, ән айтып көр­меппін. Мұқағали Мақатаев, Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбек Айтұлы, Фариза Оңғарсынова, Серік Тұрғынбекұлы сынды атақты ақындардың сөзіне жазылған ән­дерді орындадым.

Ал, өзім он бес – жиырма шақты ән жазып тастағаннан кейін қазір кітап бетін ашуға қорқып жүр­мін. Себебі, сөреде тұрған, өзім ұна­татын ақынның кітабын қолыма алып, өлең оқысам, бірден әнге сұранатын болып жүр. Ал, ән туғаннан кейін балаңдай болып көрінеді екен. Ол әннің бағын ойлап, халыққа танытуды көздейсің. Он бес-жиырма шақты әнімді тың­дармандарға дұрыстап жеткізіп алайын деп қазірде тоқтап тұрмын. «Маған өзі ән жазуға бола ма, бол­май ма, жазған әндерім халыққа жете ме, жетпей ме» деген ойда жүрмін. Өйткені, ән жазу – ерік­кеннің ермегі емес.

– Санап отырсақ, шығарма­шылық өміріңізге 25 жыл толып қалыпты. Концертіңізді осы датаға орай өткізейін деп отырсыз ба? Бұдан бұрын Астанада концерттеріңіз өтіп пе еді?

– Осыдан 20 жылдай бұрын Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына арнап концерт қойдық. Онда жеке өзім ғана өнер көрсеткен жоқпын, Ербол ағам, Нұрбол деген бауырым, Қалқаман, мен – төртеуіміз төрт дауыста ән айтып, квартет
болып,  отбасылық  ансамбль  ре­тінде сахнаға шықтық.

2003 жылы Конгресс-холда «Інжу-маржан» атты жеке кон­цертім­ді өткіздім. Содан бері он жылдан астам уақыт өтіпті. Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері деген атақты алған адам оған жауапты болу керек деп ойлаймын. Жалпы, әнші тарих алдында жа­уапты ғой. Әнді аялап, құрметпен қарамасаңыз ол сізден қашады. Әр әннің атасы бар. Ән – құдірет. Ол тазалықты, жан сұлулығын талап етеді. Адам жанына шипаны да жақсы әннен табады. Әр әнді әнші түсіне білсе, оған адал қызмет
жасаса, сонда ғана тарихта қалады.

Мен жылына, айына концерт беретіндерге таңғаламын. Шығар­машылығына жауапкершілікпен қарайтын әнші өйтпеу керек. Мысалы, бізге де солай жиі-жиі концерт беруге болады. Бірақ, жарас­пайтын секілді. Әншінің айтатын әрбір әні кітап, қойылым, фильм болуы керек.

Өзіме келсем, ән үшін туған адамдаймын, ән үшін жаралғандаймын. Соны сезіндіріп тұрған Аллаға ри­зашылығымды білдіремін.

– «Әншінің айтатын әрбір әні кітап, қойылым, фильм болуы керек» дедіңіз. Сіздің репер­туарыңызда өзімізге қатты ұнайтын, сондай талапқа сай келетін бір ән бар. Ол ұлтымыздың ән өнеріне мол олжа салған композитор, өнер зерттеуші Ілия Жақановқа арналған «Ән болып жаралдың» әні. Осы ән сіздің репертуарыңызға қалай қосылды

– Бұл әнді сазгер Есжан Әміров өзі маған әкеліп ұсынды. Алдында «Есіл-Нұра» деген әнін берген еді. Мына ән туғаннан кейін сөзін жазған Зағыпар Шәкентаев деген ағамыз екеуінің ойында мен тұрыппын. Есжан ағамыздың үйіндегі жеңгеміз де: «Мына әнді Гүлмираға апар. Мұның бағын сол ашады» деп айтқан екен. Содан Қарағандыдан Астанаға келген ағамыз «Гүлмира, осындай ән жазып едім» деп хабарласты. Кездескенімізде баянмен орындап берді. Бір жылдай жүріп, Алматыға барып жаздырттық. Ән сәтті шықты. Кейіннен Ілия аға­мыз­дың өзі хабарласып: «Гүл­мира, айналайын, сенің үніңді радиодан естуші едім. Дауысың ерекше екен. Мына әндеріңмен ақын, сазгер, әнші – үшеулерің өзімді өзіме таныттыңдар» деп, ризашылығын білдірді.

Өткелі тұрған «Ән домбыра – жан серігім жасым­нан» атты шы­ғар­ма­шы­лық ке­ші­ңізде көрер­менге қандай жаңа­лық ұсынасыз?  

– Астана әкім­ді­гінің қол­дауымен өтетін концертімде термелерді орындаймын. Терме деген – нақыл сөз, өсиеттер ғой. Олардың кей­бірінің әуенін өзім жаздым. Сосын жаңа әндерім орындалады. Концертіме Мақпал Жүнісова, Баян Сағымбаева сынды қазақтың маңдайалды әншілері, белгілі актер-әнші Бекжан Тұрыс қаты­сады. Өзімнің 13 жасар қызым анасына арнап ән айтады. Сал-серілік дәстүрді көрсетеміз. Өзім баяғының Майрасындай сах­наға шығамын. Халыққа Қоянды жәр­меңкесінің аурасын сезін­дір­мекпіз. Концерт төрт блоктан тұ­рады. Соның үшеуінде халықтық өнер көр­сетіледі.

Жамал Омарова, Рабиға Есім­жанова сынды майталман әнші апаларымызды естіп өстік. Концертке келгендер есті һәм ескі әндерді тыңдай алады. Кеште жаңа әндер де молынан орын алады. Атап айтсам, бауырым Қал­­қаманның, Жұлдызай Ысқақ деген сіңілімнің сөздеріне жа­зылған әндер орындалады. Жақ­сы көретін ақыным – Төлеген Айбергенов. Ол кісінің «Сағыныш»
деген өлеңін толғауға айналдырдым. Осыны орындаймын.

Әңгімеңізге рахмет. Шы­ғармашылық кешіңізді сәтті өткізуіңізге тілектеспіз. 

 

Сұхбатты жүргізген:
Аман
ғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button