Басты ақпарат

Халал – адалдық таңбасы

Оның атын пайдаланып, шартын сақтамаукүнә

Соңғы жылдары елімізде халал өндірісі қарқынды дамып келеді. Тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 200-ге жуық кәсіпорын сертификаттаудан өткен. Дейтұрғанмен кейде «халал» деген белгі басылған өнімдерден шошқаның ДНҚ-сы шығып қалатын жағдай да жоқ емес. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын Атырауда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлері халал шұжықтан шошқа етін тапқан еді. Ал биыл Ресейден әкелінген сиыр консервілері мен ысталған «мұсылман» шұжығынан шошқаның ДНҚ-сы табылды. Демек, бұл мәселелер халал өндірісіне де заңдық талаптың қатаң болу қажеттігін көрсетті.

[smartslider3 slider=2799]

Біз осыдан бұрын халал сертификатын берудегі кейбір кемшіліктер туралы «Астана ақшамы» газетінің 31 наурыз күнгі нөмірінде жазған болатынбыз. Мақсатымыз – халал сертификатын беретін орындардың қызметін мінеп-сынау емес, керісінше, осы саладағы өндірістің дамуына ақпараттық тұрғыдан үлес қосу. Еңбегіміз тек кеткен жоқ, мақала жарияланғаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халал Даму» мекемесінің басшысы Айбек Асқарбекұлы хабарласып, халалға қатысты біраз әңгіменің бетін ашты.

Құрметті Айбек Асқарбекұлы, уақыт тауып, сұхбаттасып жатқаныңызға рақмет. Сөз халал жайында болған соң, әңгімені өзіңіз басқарып отырған «Халал Даму» қандай ұйым деген түйіннен бастасақ.

– Рақмет! «Халал Даму» мекемесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан 2014 жылы ашылған. Оны құрудағы негізгі мақсат – елімізде кенжелеп тұрған халал индустрия саласын реттеу, мұсылмандарды сенімді әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ету, отандық халал кәсіпорындардың дамуына қолдау көрсету.

«Халал Даму» ҚР Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институтынан «ҚМДБ халал» тауар таңбасына №71209 куәлік алған. Малайзияның стандарттау және аккредиттеу орталығы мен МSU Малайзия университетінің «Jakim» ұйымынан аккредиттеуден өткен. «Jakim» ұйымынан алған сертификатымыз бойынша әлемнің 43 мемлекетіне өз өнімдерімізді «ҚМДБ халал» таңбасымен кедергісіз, еркін экспорттауға мүмкіндік бар.

Бұл сертификат қандай өнімдерге беріледі?

– «ҚМДБ халал» сертификаты 33 категория бойынша тамақтану орындары, шұжық өндірісі, құс фабрикасы, фаст-фуд желілері, емдік-профилактикалық өнімдер, ет дүкендері, ұн және кондитерлік өндіріс, кофе және шай өнімдері, тағамдық қоспалар, бал өндірісі, ашытқы өнімдері, қасапхана, тері өндірісі, жартылай фабрикаттар, балмұздақ, сусын, сүт, май, жарма өнімдері секілді өндіріс салаларына беріледі.

Бүгінде «Халал Даму» халықаралық талап-тәжірибе негізінде дайындалған 6 стандарт бойынша сертификаттау қызметін көрсетеді. Сертификаттаудан өткен өнімдер шариғат талаптарына ғана емес, экологиялық, санитарлық өлшемдерге де сай. Оны берудің 10 үлкен шарты бар, мұның толық нұсқасын біздің сайттан көруге болады.

Халал сертификатының бекітілген құны қанша?

– «Халал Даму» құрылғалы бері ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі – осы. Шын мәнісінде халал – шариғатымызда Алланың өзі бекіткен адалдық таңбасы. Ал адалдық таңбасына күмәнмен, табыс көзі ретінде қарау қоғамда сол мәселенің бар болғандығын көрсетеді. Түптеп келгенде, елімізде жекеменшік сертификаттау органдарының көптігі, жүйеленген тәртіптің, заңның, бақылаушы органның жоғы, олардың халал таңбасын пайда көзіне айналдыру, өнім құрамының адалдығына емес, санның көптігі мен тапсырыстың молдығына жұмыс жасауға әкеп соқтырды. Демек, бұл жерде бір ғана пайда бар, ол – ақша. Халал сертификатты көк қағаздың құлына айналдыруы.

Біздің «ҚМДБ халал» сертификаты сатылмайды. Тек мамандардың кәсіпорында жүргізетін бірнеше аудит шараларының жол шығыны мен оқытуымыз, семинар-тренингтердің шығыны кәсіпорын тарапынан өтеледі және де лабораториялық сынамалар ақылы түрде жүргізіледі. Халал сертификатын алатындар осыған жұмсалған соманы ғана төлейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Дамуды» құрудағы басты мақсаты – пайда табу емес, еліміздегі күллі мұсылмандар мен өзге де тұтынушыларға халал өнім ұсыну, отандық халал сертификаттау саласын жүйелендіру.

Республика бойынша халал сертификатын беретін қанша мекеме бар?

– Елімізде, «Халал Дамудан» бөлек, кәсіпорындарды халал стандарттау және сертификаттаумен айналысатын бірнеше ұйым тіркелген. Мемлекет тарапынан жекелеген ұйымдар қызметіне заң жүзінде ешқандай тыйым салынбаған. Десе де еліміздегі барлық халал стандарттаумен айналысатын ұйымдар шариғат шеңберінде, адал қызмет атқарып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Алайда олардың халал стандарт талаптары, зертханасы, аудит шаралары, сертификаттаған өнімдерінің адал не арамдығына біз жауап бере алмаймыз.

Білуімізше, халал сертификатын алу үшін жеке компания, шаруа қожалығы сынды заңды ұйым болу керек екен. Қасапшылар жеке тұлға ретінде халал сертификат алуға бола ма?

– Қазақтың күнделікті тағамдарының ішінде ет, сүт өнімдерінің алатын орны ерекше ғой. Қашан да пайдалы әрі сапалы ас дайындауды мақсат тұтқан ата-бабаларымыз мұны әу бастан-ақ білген. Сондықтан халқымыз мал союға, оны баптауға аса мән береді. Бүгінде сол атадан қалған кәсіпті жалғастырушы ұрпақ болғандықтан, табиғи таза өнімге деген сұраныстың күн өткен сайын артып келе жатқанының тікелей куәсімін. Ал өндіретін өнімдері, расымен де, шариғат және халал стандарты талаптарына толықтай сай келсе, неге «халал сертификатын» бермеске?! Сондықтан жекелеген қасапшылар да «қасапшы куәлігін» алуына болады. Қазіргі таңда «Халал Дамудың» бақылауында 700-ге жуық қасапшы тіркелген.

Халал сертификатын беру үшін қандай тексеріс жасайсыздар?

– «Халал Дамудың» өзге сертификаттау органдарынан басты ерекшелігі – діни басқарманың қарамағында болуы мен толыққанды бірнеше аудит шараларының жүргізілуі. Әбір аудит нәтижесін www.muftyat.kz және www.halaldamu.kz сайтында, әлеуметтік желіде тұрақты түрде жариялап келеміз. Жалпы біздің тараптан кезекті айлық және кезектен тыс екі түрлі тексеріс жүргізіледі. Кезекті айлық тексерісті әр өңірдегі жауапты инспектор-тексеруші мамандарымыз ай сайын өткізіп отырады. Ал қандай да бір заң бұзушылық, сәйкессіздік орын алған жағдайда технологтар кезектен тыс тексеріс шараларын жүргізеді. Жалпы алғанда, сертификаттаудан өткен кәсіпорынды жыл бойы бақылаусыз қалдырған күніміз болған емес. Кез келген күмәнді жағдай орын алса, уақытылы тиісті шаралар қолданамыз. Екіжақты келісілген меморандумға сәйкес, кәсіпорын аумағында аудит жұмысын және дайын өнімдерге зертханалық тәжірибе жүргізуге толық құқығымыз бар.

Өздеріңіздің арнаулы зертханаларыңыз бар ма?

– Зертхананың өзі халықаралық талап-тәртіптерге сай аккредиттелген болуы тиіс. Ал оның барлығы, өзіңіз білетіндей, үлкен қаржыны талап етеді. Оған мүмкіндігіміз болмағандықтан, қазіргі таңда халықаралық және өңірлік стандарттардың халал талаптарға сәйкестігі тұрғысынан сынақтар жүргізуге арналған зертханалық базаны дамыту мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы», «TreeGene» молекула-генетикалық зертханасы, «Санитарлық-эпидемиологиялық экспертиза орталығы» секілді еліміздегі үш ірі зертханасымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Аталған зертханаларда «доңыз ДНҚ», «спирт», «ГМО», т. б. түрлі сынамалар мен сараптамалар жүргіземіз. Жақында боза, бал қымыз секілді өнімді ішкеннен кейін адамның қанында спирт болатын-болмайтынын анықтау мақсатында қан талдамасын да жүргізуді қолға алдық.

Елімізде халал мекеме халал өнім өндіре ме? НұрСұлтан қаласында қанша мекеме халал шаруашылықпен айналысады?

– Қазір елімізде, «ҚМДБ халал» сертификатына сәйкес, өнім өндіретін 1150 кәсіпорын бар, олардың 9-ы шетелде орналасқан. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 200-ге жуық кәсіпорын сертификаттаудан өткен. Оның ішінде дәмханалар, фаст-фуд өнімдері, шұжық цехтары және кондитерлік өнімдер секілді өндіріс орындары бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button