1 мамыр - Бірлік күні

Халқымызды жақындататын – ортақ мүдде

Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Қазіргі күнде елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі осы мақсат аясында тындырымды жұмыс істеп, өскелең ұрпақ бойы­на отаншылдық сезім ұялатуға қызмет етіп келеді. Біз еліміздегі айтулы мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, қаламыздағы Аналар кеңесінің төрайымы, Ph.D психология докторы, гештальт-терапевт Алтынай Тәңірбергенованы әңгімеге тартқан едік.

[smartslider3 slider=2833]

– Алтынай ханым, біздің қоғам кейде сіздердің жұмыстарыңызды жете бағаламайтын секілді, Ассамблея төңірегінде де әртүрлі әңгімелер айтылып жатады…

– Иә, өкінішке қарай, ондай сөзді жиі құлағым шалады. Бірақ, қоғамда болып жатқан жағдайлар тұрғысынан қарасақ, Ассамблея және оның жанындағы Қоғамдық кеңес пен Аналар кеңесі секілді институттар еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту жолында хал-қадірінше қызмет етіп келеді. Қаңтар оқиғасы кезінде өзге ұлт өкілдеріне байланысты теріс ұрандардың көтерілмеуі де – қоғамымызда қалыптасқан ұлтаралық келісімнің көрінісі. Посткеңестік кеңістіктегі өзге республикалардан айырмашылығымыз, бізде тарихи-мәдени бірегейлік қалыптасқан. Біз, Қазақстан халқы, бір-бірімізбен бал жаласып, туыс болып кеткенбіз. Өткен отыз жылда біз өзара құрметке негізделген үлкен отбасын құрдық. Иә, қазақтың ана тілі ардақталуы, ұлттық мүддесіне басымдық берілуі керек, бірақ, ол үшін ортақ тағдыр табыстырған өзге халықтарға қырын қараудың қажеті жоқ, бұл – біздің тарихымыз, сана-сезіміміз. Бізбен бір нанды бөліп жеген, елімізге, жерімізге еңбегі сіңген өзге ұлт өкілдері жайлы көп білемін, арасында өзімнің әріптестерім де бар. Елдегі кез келген төтенше жағдайда Ассамблея қашанда береке-бірліктің ұйтқысы, қайырымдылық көмектердің бастамашысы болып келеді. Әрине, қазіргі күнде белгілі себептерге байланысты оның имиджіне көлеңке түскені рас. Дегенмен, ұлтаралық келісімнің ұйтқысы ретінде, Ассамблеяның атқарып отырған қызметі әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан, тарихымызды сыйлайық, қол жеткен жетістіктерімізді бағалап, әрі қарай дамыта берейік дегім келеді.

– Қазақстан халқын не біріктіреді деп ойлайсыз?

– Әрине, бізді біріктіретін – ортақ құндылықтар. Мысалы, қазіргі күнде Ассамблея аясында «Халық шеберлері» деп аталатын жаңа жобаны қолға алып, тұсауын кестік. Басты мақсатымыз – өзге халықтарға қазақтың ұлттық дәстүрін насихаттау, түсіндіру және шеберлікке баулу. Алайда басқа халықтарда да қолөнер шеберлігі бар ғой, байыптап қарасаңыз, өзара үйлес, сәйкес, түбі бір, төркіні жақын тұстарымыз көзге ұрып тұрады. Салт-дәстүрімізде де ортақтық көп, шілдехана, тұсаукесер дәстүрі бізбен ауылы аралас, қойы қоралас өзбек, тәжік халықтарында да сақталған. Демек, дәстүр мен құндылықтар жүйесінде ортақтық аз емес, өзара үйлес құндылықтарды не үшін бір-біріне қарсы қоюға тиіспіз? «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген тамаша мақал бар қазақта, ортақ құндылықтар мен дәстүрлер – біздегі интеграцияның алғы шарты және алтын арқауы. Өзара түсіністік пен жауапкершілік те осыдан бастау алады. Қаламыздағы Аналар кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері кіреді, сонымен бірге, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар да қамтылған, демек, Аналар кеңесі де игі бастамалардың, береке мен бірліктің ұйтқысы ретінде жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді, қазақстандық патриотизмды насихаттауға бағытталған жобаларға үнемі мұрындық болып келеді.

– Отбасы құндылықтарының қадір-қасиеті туралы ойыңызды білгіміз келеді.

– Отбасы құндылықтары – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сенім мен қағидалардың және сыйластық қатынастың жиынтығы. Ата-бабамыздан жеткен бұл құндылықтар – тұнып тұрған психология, тәрбие мектебі. Мысалы, бір ғана «құрсақ тойды» айтайық, қазіргі күнде доула аталып жүрген мамандықтың жұмысын ертеректе әжелеріміз атқарған, аяғы ауыр жас келінге арнап жасалатын «құрсақ той» ғұрпында әжелеріміз бен алтын құрсақ аналарымыз өмірлік тәжірибелерімен бөліскен, көңілі алаң жас келінге тұспалмен бәрін түсіндіріп, психологиялық атмосферасын реттеу­ге көмектескен. Болашақ анаға ақ батасын берген. Бұл ырым ене мен келін арасындағы сыйластықтың нығаюына да оң әсер еткен. Қазіргі күнде жастар арасында етек жайып кеткен «гендер патидың» орнына біз неге өмірлік мәні, тәрбиелік маңызы бар «құрсақ той» ғұрпын жаңғыртпаймыз? Міне, осындай мәйекті құндылықтарымызды жаңғыртып, заман талабына бейімдей білсек, отбасымыздан береке кетпей, ене мен келін, ана мен бала арасы суымай, тату-тәтті өмір сүрер еді. Ал отбасындағы татулық – қоғамдық келісімнің негізі.

Біз, Аналар кеңесі, отбасы құндылықтарын жаңғыртумен қатар, ұлттық дәстүрлерді насихаттауды да өз жұмысымыздың басты бағыттарының бірі ретінде қарастырып келеміз. Қазір балалар қазақша сөйлемейді деген әңгіме жиі айтылады, оның бір себебі – жас ата-аналардың өзі қазақша сөйлемейді, ұлттық дәстүрді білмейді. Ал дәстүрді сыйламаған адам тілді де құрметтемейді. Менің ойымша, ұлттың өзін сыйлауы, өзгеге сыйлы болуы өз-өзін құрметтеуден басталады, ол үшін халықтың бай дәстүрінен, рухани мұрасынан хабарлы болмақ керек. Осы мақсатта, мысалы, «Binom School» Сарыарқа мектеп-лицейімен бірлесіп «Қара шаңырақ» авторлық жобасын қолға алдық. Соның ішінде «Зерлі тақия» модулі бойынша оқушы қыздарымызды тақия тігуге, киюге үйретіп келеміз. Мақсатымыз – ұлттық киімдерімізді жаңғырту, ұлттық бренд ретінде насихаттау. Қазіргі күнде сауда орталықтарына барсаңыз, мұсылман үлгісіндегі, нақтырақ айтқанда, араб нұсқасындағы киім-кешектен көз сүрінеді, әрине, әркім қалауына қарай киінеді, оған қарсылығымыз жоқ, дегенмен, өзіміздің ұлттық киімдеріміз бар ғой, неге солар дүкендерде қолжетімді бағамен қалың көпшілікке ұсынылмайды? Дәстүрлі қазақ қоғамында ұлттық киімдер, оның әрбір ою-өрнегі, сәндік бұйымдар, әшекейлер – әйелдің қоғамдағы статусын айтқыз­бай-ақ ұғындырып отырған, мен, өз маман­дығым бойынша, психологпын. Байқап қарасам, ұлттық киімнің тұла бойы тәрбие, психологиялық тәрбие екен, соны түсінген жөн. Сондықтан, біздің бастамамызбен қолға алынған жобалардың барлығы дерлік, мейлі, отбасы құндылықтарын насихаттау болсын, мейлі, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу болсын, этно-инновация ретінде іске асырылып жатыр.

– Ана жүрегі қашанда жомарттыққа, жақсылыққа толы, өмірлік қиындыққа ұшыраған мұқтаж жандарға сіздерден қандай көмектер көрсетіледі?

– Аналарға көмектесу – қашанда біздің мақсатымыздың басты бағыттарының бірі. Өмірлік қиындыққа жолыққан аналардың отбасы жағдайын жеңілдету мақсатында, біз әсіресе әлеуметтік жағдайы мәз емес көпбалалы аналарға ақша табудың жолын нұсқауға тырысамыз. Ең алдымен, оқытамыз, этно-педагогика қашанда бірінші модуль, осыған орай бізде  мақсатты аудиториясы бар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін «ANA TIME» әлеуметтік жобасы жұмыс жасап келеді. Екіншіден, бизнес жоспарын құруға, өз ойын жүйелеуге көмектесеміз. Бизнес-жоспардан кейін оны қалай жүзеге асырамыз, қайдан қаражат табамыз, қандай гранттар мен бағдарламалар бар, т.б. сауал­дар бойынша көмек көрсетеміз. Әрі қарай жайлап-жайлап өз бизнесін бастап кетеді. Қазіргі уақытта Аналар кеңесі коммерциялық емес, әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларын да жүзеге асырып келеді, әрине, жобамыздың барлығы бірдей тегін емес, осы арқылы да біраз аналардың табыс көзін ашуына қол ұшын беріп отырмыз, мысалы, әлеуметтік кәсіпкерлік стратегиясы ретінде біз өз жобаларымызды іске асыруды 12 отбасына аманаттап отырмыз.

 Әңгімелескен

Ерлан МАЗАН

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button