Таным

ХАЛҚЫНЫҢ БОЛҒАН ҚОРҒАНЫ

ph_639_1316

Ен даланы еркін жайлаған халқымыз бес ғасыр бойы ат үстінен түспей, жаугершілік заманды бастан кешірді. Аждаһа мен аю қос бүйірден қысқанда, қиян-кескі күресіп барып, лажсыздан бодан болдық. Бодандықтың қамытынан құтылу үшін де бас көтердік. Бірде жеңдік, бірде жығылдық. Кейін кеңестік қызыл идеологияның құрсауына түсіп, жетпіс жыл бойы ұлт құндылықтарын, ділін, қасиетті дінін сақтап қалу жолында жанкештілікпен арпалыстық.

Жылжып жылдар өтті. Тәуелсіздік туын көтеріп, ес жиып, барымызды бағалап, жоғымызды түгендей бастадық. Нәтижесінде, өз тұсында халқына барын арнаған, сол жолда жанын пида еткен асыл тұлғаларымыздың аты мен затын қайта тарих тұғырына көтердік.

Соңғы жылдары Абылай ханның тарихымызда алатын орны біршама айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ көбіне хан төңірегіндегі 20-30 батырдың ғана есімі аталады. Тарихты ұмытпай, ұлықтайтын болсақ, атаусыз қалса да халық жадынан өшпейтін қаһармандар есімін ел есіне салған ләзім. Сонда ғана тарихымыз толымды болмақ.

Еліміздің солтүстік өтінде тұрған, сан қиындықты бастан өткерген Керей-Уақ жұрты 1723-1759 жылдары аралығында болған Жоңғар басқыншылығына қарсы қанды айқастарда көп жауынгерiнен айы­рылып, қисапсыз зардап тартты. Бірақ елдік істе мойымай, ара-жiгi ажырамаған, ауызбiрлiктi ел құрамы ретінде шыңдала түсті.

Көк сүңгінің ұшымен, сом білектің күшімен, от жүректің сұсымен өз елін торғауыттың тозағынан, қалмақтың мазағынан құтқарған сол бір сойқан соғыстың басынан аяғына дейін желдің өтінен, жаудың бетінен табылған Баян Қасаболатұлы, Сары Қасаболатұлы,  Бәйімбет Төбетұлы, Жанатай Ақанұлы, Байболат Шегірекұлы, Жәнібек Қошқарұлы, Қошқарбай Сағалайұлы, Тұрсынбай Ертісбайұлы, Өтебай Төбетұлы, Жәнібек Бердәулетұлы, Асан Төбетұлы, Қожаберген Толыбайсыншыұлы, Үсен батыр Төбетұлы сынды қаһармандарының аты ел жадына алтын әріптермен жазылды.

Солардың бірі де бірегейі, өз заманында халықтың абыройы мен ары үшiн болған небiр қанды айқас пен алқалы жиынның бел ортасынан табылған, заманында алаш даласына атағы кең жайылған атақты да қас батыр – Бәйімбет батыр Төбетұлы еді.

Абылай заманында керемет құрмет көрген, ел аузында аңыз болған Бәйімбет батырды біз жеткілікті білеміз бе? Оған тиісті бағасын беріп отырмыз ба?! Бұл мәселелер төңірегінде ел болып, жұрт болып ойласатын мәселе аз емес сияқты.

Батырдың шығу тегіне келер болсақ, Орта жүздің Күрсары Керейінен – Есеналы мен Есбол тараған. Есболдан – Сақал, Сары, Бұрас, Құрман, Дуадақ, Төбет өрбиді. Төбет мыңғырған мал біткен, басына бақ дарып, қыдыр қонған дәулетті адам екен. Атақты Бұқар жырау мұрасында Төбет бай жайында біраз мағлұмат бар. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Бұқар жырау Арғын ішінде Төртуыл Қаржастан шыққан. Бұқардың әкесі – Қалқаман батыр. «Бұқар малсыз адам екен,– деп жазады Мәшһүр. – Өзіне байдан мінуге ат сұрапты. Сонда Бұқардың айтқаны:

Бұқарекең біз келдік,

Ақан, Төбет байларға,

Бесті берсең, семіз бер,

Жаздай Бұқар айдарға.

Бермеймін деп атама,

Асауыңды матама.

Шынжырыңнан берік тартсам,

Шамырқанып, шамданып,

Шалқасынан жата ма!?

Алпыстағы Бұқардың,

Сілесі құрып қата ма?

Құлдарың мен күңдерің

Мерекеге бата ма?

Келіп едім өзіңе,

Түнеугі айтқан сөзіңе.

Тіпті разы болмаймын,

Керегенің басында

Екі қары бөзіңе.

Бермей қалсаң осы жол,

Жолықпаймын деп ойлама,

Жортуылшы ердің кезіне!

Жырдағы Ақан бай – Қарауыл сойынан, атақты Жанатай батырдың әкесі. Жанатай Ақанұлы (1723-1819) – өз жұрты үшін жан аямай жаумен айқасқан батырлардың бірі. Ақан мыңдап жылқы айдаған бай, елге беделді, айтқан сөзі далада қалмайтын өтімді адам болған деседі. Осы толғауға тиек болып отырған Төбет бай – Бәйімбет батырдың әкесі. Ақан және Төбет байлар – бір заманда Көкшетау өңірінде өмір сүрген адамдар. Толғауда дәйектелгендей, Төбет – дәулетті тұлға. Малының көптігі сонша, малшы-жалшыларының өздері ауыл-ауыл болып, қиыр-қиырда көшіп-қонып жүреді екен. Олардың бәрінің басын қосып, былайғы ел, тіпті өздері де «орда» атайды екен. Төбеттің Өтебай, Бәйімбет, Асан, Үсен атты төрт ұлы да батыр болған  (Бәйімбет батыр Төбетұлы. Алматы, 2010. 36-бет).

Ел намысын ойлаған Төбет балаларының ішінде Бәйімбетті жастайынан ауыл-аймағына cөзі өтетін ақылгөй, алысса – білегін батыра білген балуан, сөзге салса – шалдырмаған сегіз қырлы, бip сырлы көшбасшы етіп тәрбиелеген.

Осы тәлім-тәрбие Бәйімбеттің – Хан Абылай сенген батыр болуына жол ашқан.

Батыр жайында бірнеше тарихи құжат бар. Олар Бәйімбеттің кім екендігін және шыққан тегін анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен, жазбаша және ауызша деректерді салыстыра келгенде, Бәйімбет Төбетұлы 1708 жылдың шамасында Көкшетау өңірінде дүниеге келіп, 1790 жылы қайтыс болған.

Тарихтан белгілі, Абылай хан Орта жүздің қарауындағы жұртты сенімді ел ағаларының, сұлтандардың, бектердің күшімен билеген. Омбы мұрағатынан табылған деректер мен құжаттар Бәйімбеттің батыр ғана емес, Атығай елінің  бегі (ел ағасы), патша сарайына барған «елші» ретінде көрсетеді. Тұрсын ханның ұлы Барақ сұлтан Ескендір сұлтанды қасына Бәйімбет, Тілеуімбет, Жиһан деген азаматтарды қосып (барлығы бес адам) Ресей патшасының сарайына елшілікке жіберген (Казахско-русские отношения в 16-18 веках (Сб. Докум.  и мат.) А. 1961 г. Док. № 123. С. 315-317. Төл түпнұсқасы АВПР, ф.122, 1745 г. д.3, л.л. 71-72 об.).

Ауызша жеткен деректер Бәйімбет батырдың ханмен қатарындай, сарбазбен сырласындай, би-болыспен бауырындай сыйласқанына куәлік береді. Ал, арам оймен келген жауының жағасында қолы, қылыштың сағасында саусағы кеткенше шайқаса да білген екен. Оқырманға бірнеше тарихи құжат ұсынайық.

 

Бірінші құжат:

1742 жылы 23-30 тамыз аралығында қатын патша Елизавета Петровнаға жазылған хатта адалдықтарын айтып, ант беріп қол қойған тізімде 184 тарихи тұлғаның аты көрсетілген. Керей руының тізімінде Асан мен Үсен батырлар аталса, 28 тамыз күні ант берген арғындардың арасында Бәйімбет батыр аталады (Казахско-русские отношения 16-18 вв. Сборник материалов и документов. – Алматы, 1961. – С. 220-222).

Ағайынды үш адамның бірдей ант берушілердің қатарында болуы – олардың ел арасындағы үлкен құрметін, танымал тұлға екенін айғақтайды. Сондай-ақ, бұл құжат – Абылай хан дипломатиясының бір тармағы. Батыр Бәйімбет ұрысқа түсіп, ерлігімен бір танылса, елшілікке жүрген батылдығымен екнші рет танымал болды.

 

Екінші құжат:

1745 жылы құрамына Бәйімбет бар қазақ елшілері патша сарайына баруы батырдың атақ-абыройын тағы да жоғарлата түсті. Абылай ханның немере ағасы Сұлтанмәмет сұлтанның А.Д. Скалонға 1774 жылы 8 наурызда жазған хатынан Бәйімбет бек Атығайдың ел ағасы болғанын білеміз. Өз елін ағасы Өтебай би және інілері Асан-Үсен батырлар басқарғандықтан, Абылай ханның жарлығымен Бәйімбет батыр Атығайды басқаруға тағайындалып, жоғарыдағы хатқа серіктестері Атығай-Қарауыл батырларымен бірге қол қойғанын аңғарамыз.

 

Үшінші құжат:

Барақ сұлтанның Орынбор губернаторы И. Неплюевке 1745 жылы 24 маусымда жазған хатынан білетініміз – Бәйімбет «елші» мәртебесімен Ресей патшасының сарайына барған. Елші мәртебесі тұлғаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздіңше, Бәйімбет оны абыроймен атқарған.

Сонымен, Бәйімбет батыр – қазақ-орыс мемлекеттік қатынасында өзіндік орны бар тұлға. Ол жорық кезінде күш пен айлаға иек артқан ер сипатында танылса, бейбіт күнде ақылы мен санасына салмақ салған мәмілегер санатында мемлекеттік дәрежедегі істерімен көзге түскен.

Тарихи деректер Бәйімбет батыр ағасы Өтебай, інілері Асан, Үсен батырлармен 1732 жылы тамыз айындағы, 1741 жылы ақпан айындағы, 1752 жылы қыркүйек айындағы қалмақ әскерлеріне қарсы соғысқа,  1751-1775 жылдары Абылай ханның бірнеше шешуші шайқастарына қатысқанын алға тартады.

Соның ішінде 1732 жылдың тамызындағы қазіргі Көкшетау өңіріне қарасты Үлкен Қарой маңындағы ұрыс кезінде Бәйімбет тұлғасы жарқын жұлдыздай көрінді. Бүгінгі тарих оқулықтарында осы оқиға туралы ешнәрсенің енбей қалуы өкінішті.

«Бәйімбет батыр Төбетұлы» атты кітапта осы шайқас туралы: «7 мыңнан тұратын қалмақ әскерлері Чакбо атты қолбасшының басқаруымен Орта жүз жеріне кіріп соғыс ашты. Қонтайшы қалмақтары 200 түндікті, 6 мыңнан аса жылқы мен 10 мың қой әкетіпті. Сіресе бекініп алған, әрі оқ қарумен жарақтанған торғауыт пен дүрбіт қатты қарсыласады. Сол ұрыста Бәйімбет батыр ерекше көзге түсті» деп жазылған.

Елдегі дуалы ауыз ақсақалдардан естіген мына бір әңгіме сол уақыттың сипатынан сыр шертеді:

«Жоңғарлар қыс түсе Аягөзден Көкшетауға шұғыл жорыққа шығыпты. Жолындағы қазақ ауылдарында үрерге ит қалдырмай қырып келе жатқан көрінеді. Дұшпан Бәйімбет батырдың қонысына жақындады деген хабар келеді. Батыр атамыз сонда шұғыл шешім қабылдайды.

– Уа, ағайын! Ұлымызды құл, қызымызды күң етіп, жайларымызды, мал-жанымызды дұшпанға талатқанша, қара жердің астына неге кірмейміз? Желбіретіп ту көтеріп, сүңгі, найза ұстап, батыр бабаларымыз сияқты ата жауға неге қарсы аттанбаймыз? Шыбын жанымыз Алланікі, сонан соң халқымыздікі. Қылыштарың қайраулы, найзаларың сайлаулы болсын.  Қалмақтарға қарсы өзіміз бірінші соғыс ашайық, – депті ол зор дауысымен гүрілдеп.

Жоңғарлардың тоқтаған жері Теке көлінің маңайы екен. Суы жаңадан қатып, мұзы жарқырап жатқан көрінеді. Бәйімбет атамыз сарбаздарының аттарының тұяғына киіз оратады. Әскерін бөліп, бір тобын көлдің сыртында тасада қалдырып, өзі бастаған екінші топпен жоңғарларға тарпа бас салады. Соғыса жүріп әдейі кейін ығысқанда атқа мінген жоңғарлар соңдарынан көлдің үстімен шаба қуады. Бірақ аттары тайғанақтап, ұрыса алмайды. Мұз үстінде аттары нық тұрған Бәйімбет батырдың жауынгерлері жауын ойсырата жеңеді» (Жүсіпұлы Ғ. Бәйімбет батыр Төбетұлы. Алматы, 2011. 70-71, 80-81 бб.;  Казахско-русские отношения 16-18 вв. Алма-Ата, 1961. Док. № 33. С. 48-86. Төл түпнұсқасы АВПР, ф.122, 1733 г. д.1, л.л. 8-137.).

Бәйімбет батыр өмірден озғанда сүйегі хан пәрмені бойынша қасиетті Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне апарып жерленіпті. Қыстың көзі қырау кезеңде қайтыс болған бабамызды жаңа сойылған жылқының терісіне орап, ауа кірмейтіндей етіп таспамен бітеу тігіп, сыртын қара маймен майлап сөрелеп сақтаған екен. Сөйтіп жер аяғы кеңігенде аманаттаған жерге апарған.

Бүгінде Бәйімбет батыр есімі халыққа кеңінен таныс емес. Біздіңше, оның бірнеше себебі бар.

Бірінші себеп. Қазақтың ескі шежіресінде болғанымен, өткен ғасырда  Бәйімбет батыр туралы не зерттеу, не кітап шыққан емес. Шынайы тарихты дәріптеу кешегі кеңес өкіметі тұсында үлкен қателік деп есептелінді. Сөйтіп, Шоқан айтқан, «өзі бай, өзі батыр, өзі ақылды, өзі Атығай-Бәйімбет елінің бегі (билеушісі)» шаң басқан архивте қала берді.

Екінші себеп. Советтік қуғын-сүргіннен аман қалғандар біржола үрейге беріліп, үн шығармай бұғып қалды. Тарихты жақсы білетін қариялар қаншама деректерді өзімен бірге қара жер қойнауына алып кетті.

Үшінші себеп. Отаршыл жүйе қазақтың көзге түскен ер азаматтарын түрлі себеп тауып, көздерін жойды, бодан елді жасытты. Бұл сая-сат бірнеше ғасыр бойы жүргізіліп, Ертіс бойындағы елдің жуасуына, тарихи жадтың жұтап, әлсізденуіне әкеліп соқты. Сөйтіп, ел санасынан Бәйімбет батырмен қоса оның серіктері, олардың ерлік істері ұмытылды.

Бірақ қалайда «Ер есімі – ел есінде». Батыр ұрпағы, бастамашыл ғалымдар соңғы уақытта Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайымен тығыз байланыс орнатып, тарихи деректерді там-тұмдап жинақтай бастады. Қоғамдық  «Бәйімбет» бірлестігі Көкшетау, Қызылжар қалаларының бір көшесіне батыр атын беру жөнінде бастама көтерді. Игілікті іс көрші Ресейде де жалғасты. Өңірге танымал білім басшысы Ш.Сәрсенбайұлының бастамасымен Омбы облысы Называй ауданындағы №6 ауыл «Бәйімбет батыр» ауылы болып өзгертілді, ауыл мектебіне де батыр аты берілді. 2011 жылы 2 шілдеде осы ауылда үлкен елдік шара өтіп, батыр рухына дұға оқылып, ас берілді. Шараға Ресей мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтар қатысты.

Бәйімбет батыр – Қазақ елінің азаттығы мен дамуы жолында басын қатерге тіккен, өмірін құрбан еткен айрықша тұлға. Оның аты мен заты Елбасымыз дәйектеген «Мәңгілік ел» мұратын қаһармандық тағылым тұрғысынан жаңғырта түседі деп білеміз.

 

Зиябек Қабылдинов,

Л.Н.Гумилев атындағы

 Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button