Басты ақпаратЕл тынысы

Халық әділ таңдауын жасады

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына ел тұрғындары белсенді қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, қалалар мен шалғайдағы ауылдардың бәрінде сайлау науқаны барлық заңдылық талаптарға сай өткені мәлім етілді. Сондай-ақ шетелде жүрген отандастарымыз Президент сайлауынан тыс қалған жоқ. Сыртқы істер министрлігінің қорытындысы бойынша шетелде ашылған сайлау учаскелерінде Қазақстан Республикасының 11 360 азаматы, яғни сайлауға құқығы бар отандастарымыздың 88,47 пайызы дауыс берген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін дауыс саны бойынша екінші орынға «Бәріне қарсымын» деп дауыс берген сайлаушылар шықты. Бір қызығы, «Бәріне қарсымын» деп дауыс бергендердің саны 460484 адамды немесе сайлаушылардың 5,8 пайызын құрады. Үшінші орында – 3,42 пайызбен (271 641 адам) «ауылдық» үміткер Жигули Дайрабаев, төртінші орында – 2,6 пайызбен (206 206 адамның дауысын жинаған) кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы атынан ұсынылған Қарақат Әбден, бесінші орында – 2,53 пайызбен (200 907 адам) «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігі атынан додаға түскен Мейрам Қажыкен, алтыншы орында – 2,22 пайызбен (176 116) Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Нұрлан Әуесбаев, жетінші орында 2,12 пайызбен (168 731) «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Тұрсынбекова тұр. Кеше сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы жиын өткізген Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) осындай ақпарат таратты.

Айтпақшы, exit poll-дың дерегінде сәл айырмашылық болған. «Ашық қоғам» институты жүргізген сауалнама нәтижесінде Қарақат Әбден – 2,54 пайыз дауыс; Нұрлан Әуесбаев – 2,17 пайыз дауыс; Жигули Дайрабаев – 3,33 пайыз дауыс; Мейрам Қажыкен – 2,23 пайыз дауыс; Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,45 пайыз дауыс; Салтанат Тұрсынбекова  2,08 пайыз дауыс жинады. Сайлаушылардың 5,2 пайызы «бәріне қарсымын» деп дауыс берген. Ал «Қоғамдық саясат» институтының деректері бойынша: Қарақат Әбден – 2,61 пайыз дауыс; Нұрлан Әуесбаев – 1,93 пайыз дауыс; Жигули Дайрабаев – 2,67 пайыз дауыс; Мейрам Қажыкен – 2,43 пайыз дауыс; Қасым-Жомарт Тоқаев – 85,52 пайыз дауыс; Салтанат Тұрсынбекова 1,44 пайыз дауыс жинады. 3,40 пайыз адам үміткерлердің бәріне қарсы жауап берген.

Жалпы алғанда, бұл жолғы сайлау­да 8,3 млн астам адам дауыс беру бюллетеньдерін алды. Орталық сайлау комиссиясы деректеріне сәйкес, 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауы бойынша жұмыс істеген елдегі және шетелдердегі сайлау учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. ОСК аумақтық сайлау комиссиялары хаттамаларының электронды нұсқаларын алған. Нақтыланған тізімге сәйкес, ел аумағында 11 953 465 сайлаушы болды. 20 қараша күні олардың 8300046 адам немесе сайлаушылардың 69,44 пайызы дауыс беру бюллетенін алды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ОСК-ға екі күн ішінде өңір бойынша хаттамалардың жазбаша нұсқасын жеткізілетінін мәлімдеді. Сайлау барысын 7 үміткердің 11 мыңнан аса сенімді өкілі, 641 шетелдік байқаушы, 15,5 мыңнан саяси партиялардың байқаушылары және 30 мыңнан аса қоғамдық бірлестік атынан бақылаушылар қадағалады. Сондай-ақ Президент сайлауы кезінде 1225 БАҚ өкілі және 23 елден тіркеу­ден өткен 106 шетелдік журналист хабар таратты.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button