Елорда тынысы

Халық батырларының құрылтайы

Биыл маусымда «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Кеше елордада осы бірлестіктің І республикалық конференциясы өтті.

Жиынға елорда әкімдігі, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ өкілдері, Парламент депутаттары, Қазақстанның Еңбек Ерлері және Халық қаһармандары қатысты. Аталған қоғамдық бірлестікті құрудағы мақсат – бүгінгі батырларымыздың айбынды бейнесін, ел үшін атқарған істерін елге кеңінен насихаттау арқылы жалпыұлттық мәдениетті қалыптастыру, ұлттың жадында сақтау үшін қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру. Қазіргі таңда еліміздің 10 қаласында бірлестіктің филиалдары ашылып, жұмыс істеуде. Конференцияға төрағалық еткен бірлестіктің Кеңес төрағасы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, бүгінде зейнеткер Бақытжан Ертаев күн тәртібіндегі мәселелерді бекітіп алуды ұсынды. Соған сай бірлестіктің Кеңес мүшелері сайланып, Тұжырымдамасы бекітілді және аймақтардағы филиалдарын ашу туралы сөз болды.

– Еліміздің жүрегі, Отанымыздың астанасында бірінші рет батырлар жиыны өтіп жатыр. Еліміздің жастарын Отанды сүйетін патриот етіп тәрбиелеудің мемлекеттің беріктігін нығайтуда ықпалы өте зор. Біз – батыр халықпыз. Батырлары – мақтанышы болған ұлтпыз. Бүгінгі батырларымызды көзі тірісінде сыйлап, құрметтеуіміз керек. Халық батырларының ерлігін дәріптеу арқылы жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие беріп, жұмысшы мамандықтарын өркендету үшін Еңбек Ерлерін үлгі ретінде көрсетуіміз қажет, – деді Б.Ертаев.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бүгінге дейін Халық қаһарманы атағын 34 адам, Еңбек Ері атағын 48 тұлға алды. Солардан қазірде көзі тірі 11 Халық қаһарманы қалса, соның сегізі елордада тұрады, сол сияқты ортамызда аман жүрген 35 Еңбек Ерінің жетеуі – астаналық. Осылайша батыр атанған барлығы 46 қазақстандық бар. Олардың ішінде ең үлкені – 92, ал ең кішісі – 38 жаста. Екеуі бүгінде Ресейде тұрады.

– Бүгінгі заманның батырлары біздің қоғамымызға деген көзқарастарын  Отанның игілігіне пайдалану, жас ұрпақтың жақсылығына жұмсау мақсатында осындай ұйым құрып жатыр. Сондықтан оны барынша қолдаймыз. Халықтың сапасын көтеретін – болашақ ұрпағымыз. Солардың дұрыс қалыптасуына оң ықпалын тигізіп жатса, бұл, әрине, қай жағынан алсақ та, біздің өмірімізге, парасатымызға, ауызбіршілігімізге зор әсер ететін бірлестік болады деп санаймын, – деді мемлекет және қоғам қайраткері ­Қуаныш Сұлтанов.

Жаңа бірлестіктің елімізге танымал халық батырларынан құралған 10 құрылтайшысы бар. Атап айтқанда, олар, қаһармандар мен еңбек ерлері – Айдын Айымбетов, Серік Ақшолақов, Мұхтар Алтынбаев, Абзал Ералиев, Бақытжан Ертаев, Мұқаш Ескендіров, Аягүл Миразова, Айман Мұсақожаева, Иван Сауэр, Қайрат Үмбетов.

– Бұрын біз өз дәуіріміздегі батырларды жатқа білетін едік, алдымызда идеал тұтатын тұлғалар болатын. Түрлі жағдайларға байланысты қазіргі заман жастарының өз елінің нағыз мықты тұлғаларын дәріптеуі, өнеге тұтуы азайып барады. Сондықтан бұл бірлестіктің және бүгінгі жиынның маңызы өте зор. Бірлестік жұмысы жүйелі түрде жүруі керек, – дейді Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова.

Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру­ды көздейтін бірлестік отырысында аталған ұйымды құруға белсене атсалысқан, жұмысына қолдау көрсеткен мемлекеттік құрылымдар мен тұлғаларға батырлар ұйымы атынан Алғыс хаттар табысталды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button