Басты ақпарат

Халық пен әскер дәнекері

Осы күндері 30 жылдығын атап өткелі отырған Қарулы күштеріміздің сапасы мен санына тікелей қатысты жұмыстарды атқаратын, жайшылықта көп елене бермейтін, бірақ әрбір ер-азамат есігінен аттайтын әскери мекеменің тарихы туралы сөз етейік. Әңгіме, әрине, бұрынғы әскери комиссариаттар, қазіргі Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен департаменттер жайында болмақ. Оның ғасырдан астам тарихын енді нақты деректермен баяндайық.

[smartslider3 slider=2904]

ЖАҢА ДӘУІР БАСТАУЫНДА

1918 жылдың 8 сәуірінде Халық комиссарлар кеңесі әскери істер жөніндегі комиссарларды құру туралы декрет қабылдайды. Аталған құжаттың негізінде олар әскери қызметке жарамды азаматтарды есепке алу, оларды әскери қызметке шақыру, Қарулы күштерді қалыптастыру басталады. Комиссариаттар тіпті, халық санағын жүргізумен қатар, ел арасындағы ат-көлік пен арбаға дейін тіркеу істеріне дейін атсалысқан екен.

1917 жылы Әліби Жангелдинді В.Ленин Далалық қазақ өлкесінің алғашқы әскери комиссары етіп тағайындағаны белгілі. Сөйтіп, Ә.Жангелдин біздің елде Қызыл әскердің алғашқы қазақ әскери бөлімдерін құрды. 1918 жылдың жазында Кеңес үкіметінің тапсыр­масы бойынша ол Түркістанға қару-жарақ, киім-кешек және оқ-дәрі жеткізу үшін 600 адамнан тұратын Мәскеу экспедиция­лық жасағын ұйымдастырған.

Ал Амангелді Иманов Торғай уезінің әскери комиссары болды. 1916 жылы қазақ елінде патша өкіметіне қарсы шығып, Торғай өңіріндегі көтерілісті басқарғанын білеміз. Азамат соғысы кезінде жоғарыда аты аталған Ә.Жангелдинмен бірге Қазақстандағы алғашқы Ұлттық Қызыл әскер бөлімдерін қалыптастырды, адмирал Колчак әскерлерінің тылындағы партизандарға көмектесті.

Жалпы, әскери комиссариаттар жергілікті жерлерде Қарулы күштерді ұйымдастыруда шешуші рөл атқарған. 1918-1920 жылдары мұндай мекемелер әскери және тыл жасағын жұмылдыруды жүзеге асырды. Халықтың, көлік құралдарының және жылқылардың есебін жүргізді. Жергілікті халықтың әскери білім алуына атсалысты. Әскерге жарамды азаматтардың армияға тартылуын қатаң бақылады. Егер 1918 жылдың басында Қызыл әскер құрамында 300 000 жауынгер соғысса, жыл соңында олардың саны 1 миллионға жетті. Ал 1920 жылдың күзінде әскери комиссариаттар армия құрамын 5 миллион адамға дейін жеткізді.

Кейіннен Халық Комиссарлар кеңесінің қаулысымен 1938 жылғы маусымда жергілікті әскери басқару органдары туралы жаңа ереже бекітілді. Оған сәйкес әскери бөлімдерді жасақтау ерекшелігіне бейімделген бүкіл жүйе қайта құрылды. Нәтижесінде Ұлы Отан соғысы қарсаңында өткізілген қайта ұйымдастыруға сәйкес елдің әрбір ауданында (қаласында) әскери комиссариаттар қайта құрылды.

1939 жылы КСРО-ның «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы» Заңы қабылданды. Сол уақытта әскери комиссариаттардың жұмыс ауқымы кеңейді. Олар барлық кәсіп­орындар мен мекемелерде, оқу орындарында жалпыға бірдей әскери оқу курстарын ұйымдастырды, мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың санын арттырды. Елді жұмылдырып, бұқаралық спортты дамытты. Мысалы, «Еңбек пен қорғанысқа дайын» (ГТО) 21 нормативі (жүгіру, секіру, жүзу, шаңғы, парашютпен секіру және т.б.) бекітілді.

ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА

Ұлы Отан соғысы кезінде әскери комиссариаттардың міндеті күрделене түсті. Оларға сан алуан, әрі ауқымды істерді атқару қажет болды. Қазақстаннан әскерге және флотқа 1 387 000 әскери міндетті, мыңдаған көлік құралдары жіберілді. Әскери дайындықтан өткен ресурстарды үздіксіз толықтыру қамтамасыз етілді. Ол дегеніңіз – халықтың 20 пайызы, ерлердің – 70 пайызы, әйелдердің 5250-і осы іске жұмылдырылды деген сөз. Әскери комиссариаттар 700 000 ересек адамды еңбек армиясына жіберді, бұдан өзге 670 000 адам өнеркәсіпте жұмыс істеуге жұмылдырылды.

Соғыс кезінде әскери комиссариаттар Қазақстанға эвакуацияланған 1 500 000 адамды және жау басып алған аумақтағы әскери зауыттар мен фабрикаларды орналастыруға қатысты. Өз аумақтарында коменданттық бақылауды күшейтті және жаудың диверсиялық әрекеттеріне қарсы іс-шаралар ұйымдастырды. Отан үшін майданға кеткен әрбір екінші қазақстандық оралмады. Солардың отбасына хабар беру де осы комиссариаттардың міндеті болды. Мысалы, әскери комиссариаттар қайтыс болған 601 939 және хабар-­ошарсыз кеткен 270 000 адам жайлы отбасына хабарлаған, сондай-ақ сол жанұяларға зейнетақы тағайындау бойынша жұмыстарды ұйымдастырған.

Әскери комиссариаттардағы офицерлер мен қызметшілердің жұмылдыруды жүргізу және резервтерді дайындау жөніндегі жанкешті еңбегі Ұлы Жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Демобилизация кезеңінде әскери комиссариаттар әскери міндеттілерді есепке алуды және хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіруді жүргізді.

ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДА

Ұлы Отан соғысы аяқталып, ел бейбіт өмірге бет бұрды. Осы кезеңнен бастап әскери комиссариаттардың ісі жаңа сипат алды. 1950 жылдан бастап 1990 жылға дейін түрлі кезеңдер мен өзгерістерді бастан өткерді. Әр тарихи кезеңге олардың қосқан үлесі мол. Тың игеру жылдарында, Ауған соғысы мен Чернобыль апаты кезеңдерінде олардың атқарған істері тайға таңба басқандай тарихта қалды. Мысалы, 1954 жылы әскери комиссариаттар Қазақстанның тың жерлерін игеруге белсене қатысты. Жыл сайын егін жинауға жіберілген әскери міндеттілер мен техниканы жұмылдыру бойынша оқу-жаттығулар өткізілді.

Ал 1970-80 жылдар аралығында КСРО Қарулы күштерін жасақтаған кезде Қазақстанның жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақыру туралы бұйрықтарды әрдайым асыра орындады. Қазақстандық әскери комиссариаттар жыл сайын 300 000-нан астам адамды сапалы зерделеуді, іріктеуді және мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізді. Қазақстандықтар барлық округтерде, Қарулы күштері әскерлерінің түрлері мен құралымдарында қызмет етті.

1979-1989 жылдары Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің жеке құрамы әскери комиссариаттармен тереңдетілген және әдістемелік тұрғыдан айрықша зерделеніп жасақталды. Қызметтен кейін оралған жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушыларды әскери мамандықтары мен мүгедектік санаттары бойынша есепке алу жүргізілді. Оларға әлеуметтік көмек көрсету, медициналық қамтамасыз ету, санаториялық емдеу мен госпитальға жолдама беру, тұрғын үй және коммуналдық қызметтер сұрақтарын шешу және бірқатар қосымша жеңілдіктер алу мәселелері қадағаланды.

Қазақстандық әскери комиссариаттар 1986 жылы жоғары кәсіби деңгейде Чернобыль атом электр станциясындағы авария зардабын жою үшін мамандарды жұмылдыруды жүргізді. Онда еліміздің үздік мамандары мен авариялық-­эвакуациялық техникалары іріктелініп жіберілді.

ЕГЕМЕН ЕЛ ТҰСЫНДА

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап жергілікті әскери басқару органдары қысқа мерзімде Қарулы күштерді барлық деңгейдегі офицер кадр­ларымен, өз еліміздің маман азаматтарымен жасақтау жөніндегі міндеттерді абыроймен орындап шықты. Содан бері әскерлер үшін сарбаздар мен сержанттардың жеке құрамын жасақтау бойынша жұмыс көлемі ұлғаймаса, азайған жоқ.

Жасөспірімдер арасынан еліміздің және шетелдердің әскери оқу орындарына үміткерлерді іріктеу мен жіберуді ұйымдастырып, әдістемелікті жүйелендірді. Әскери-техникалық мектептерде және жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында әскери оқытылған резервтің санын арттыру бойынша жұмыс ойдағыдай жүргізілуде.

Жыл сайын жасөспірімдерді шақыру пункттеріне тіркеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіледі. Қазақстандық патриотизмді дамыту – болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу балалар мен жасөспірімдер жасында қаланады. Мектептерде әскери-патриоттық клубтарды құру, өңірлік турлар мен еліміздің жас патриоттарымен «Айбын» республикалық жиындарын өткізу тақырыбына көп көңіл бөлінді.

2020 жылы басталған әлемдік пандемияға байланысты мемлекетте төтенше жағдай жарияланған кезеңде Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің қатарына жоғары кәсіби деңгейде әскери-міндетті запастағы жұмылдыру арнайы жиындарын өткізді. Карантин режимі кезінде Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің жеке құрамы халықпен толық түсіндірме-ақпараттық жұмыс­тар жүргізді.

Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен майдангерлерді іздестіру жұмыстары да үнемі басты назарда. Жақын және алыс шетелдердің мұрағаттарымен және қоғамдық ұйымдарымен хат алмасып, табылған жағдайда жауынгерлердің сүйектерін туған-туыстарына жауынгерлік дәстүрге сай салтанатты түрде табыстау – парызымыз.

Бұл күндері қорғаныс саласын цифрландыру қызу жүріп жатыр. Азаматтарды әскери есепке қою, жеке және шаруашылықтардың техникасын тізімге алу, елді төтенше жағдайда жұмылдыру бойынша жұмыстар электронды есептеу құрылғылары арқылы орындалады. Ал азаматтарға әскерге шақыру қағазының орнына SMS хабарландыру тарату арқылы шақыру экономикалық жағынан тиімділігін көрсетуде. Жалпы айтқанда, Қорғаныс істері департаменттері халық пен әскер арасындағы байланыстырушы алтын көпір қызметін одан әрі атқара бермек.

Ғани АРТЫҚОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы

Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілі,

полковник

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button