Халық пен билік арасындағы алтын көпір
Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына орай «Мықты мәслихаттар – жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың негізгі инс титуты» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қалалық мәслихаттың бұрынғы және бүгінгі депутаттары, өңірлердегі мәслихаттардың өкілдері, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысқан жиында мәслихаттардың ел және елорда өмірі мен өркендеуіндегі үлкен орны, жергілікті өкілді органның қазіргі міндеттері туралы салиқалы да салмақты әңгіме өрбіді.
Конференцияға қатысушыларға Астана қаласы Мемлекеттік архиві елорда мәслихаты тарихынан сыр шертетін және одан арғы кезеңдердегі Мемлекеттік дума, Халық депутаттары кеңесі дәуіріндегі суреттерден фотокөрме ұсынды. Бейнеролик көрсетіліп, онда бас қала мәслихатының қалыптасуы, барлық шақырылымда атқарылған жұмыстар, бүгінгі тынысы қамтылды.
Жиынды жүргізген Астана қаласы мәслихатының V, VІ және VІІ шақырылымдарының депутаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жуырда елордада Amanat партиясының бастамасымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өткенін, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты» деп атап өткенін еске салды.
– Республика мәслихаттарының бір тармағы – Астана қаласы мәслихаты. Елорда депутаттары қаладағы біраз мәселенің шешілуіне атсалысып, халыққа қызмет етуден асқан абырой жоқ екенін жете түсініп, дәлелдеп келе жатыр. Қазір еліміздің бас қаласы саяси тұрғыдан, экономикалық жағынан да өрлеп, Орта Азиядағы дамып жатқан астананың бірі де бірегейіне, әлемде аты шыққан әдемі астаналардың біріне айналып келе жатыр, – деді Ерлан Сыдықов.
Елорда мәслихатының бүгінгі тынысы, атқарылып жатқан жұмысы, алдағы міндет-жоспарларымен Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов таныстырды.
– Бүгінгі мәслихат – ел заңнамасына сәйкес Астана халқының еркін білдіретін және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны жүзеге асыру үшін қажетті шараларды анықтап, олардың орындалуын қадағалайтын өкілді орган. Мерейтойлық жылға біз белгілі бір оң нәтижелермен жетіп отырмыз. Басты міндетіміз – еліміздің бас қаласындағы өмірді жайлы және қауіпсіз ету. Бұл үшін барлық мемлекеттік органмен және жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерімен белсенді ынтымақтастық орнатылды. Елордалық мәслихат депутаттары үшін сайлаушылармен өзара іс-қимыл барысында ашықтықтың жоғары деңгейін сақтау өте маңызды. Біз кездесулер мен қабылдаулар кестесін әзірлеп, бекіттік, – деді Ерлан Каналимов.
Оның айтуынша, бірмандатты сайлау округтері бойынша 17 депутат өз округтерінде, өз партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде және былтыр арнайы ашылған қалалық мәслихаттың қоғамдық қабылдауында айына үш қабылдау өткізеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Азаматтық қоғамды қолдау және нығайту, оны мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді талқылауға тарту қажет» деп атап өтті. Бұл қағидатты азаматтық қоғамды қалыптастырудың басым бағыты ретінде қарастыру керек. Бүгінгі таңда халық қалаулыларының өз сайлаушыларына есеп беруі бойынша енгізілген реттеулер олардың халықпен тығыз байланыс орнатуына және жұмыстарының ашықтығын арттыруға кең мүмкіндіктер ашты, – деді Астана мәслихатының төрағасы.
Ерлан Каналимов кадрлық мәселелерді шешу мақсатында «Жастар мәслихаты» жобасы іске қосылғанын атап өтті. Бұл жоба аясында ең белсенді жас қала тұрғындары таңдалды. Бүгінгі таңда олардың көпшілігі депутаттардың қоғамдық көмекшілері ретінде қызмет атқарып, жұмысқа орналасып, жалақы алып жатыр.
– Ең өзекті мәселелердің бірі – бюджетті қалыптастыру және оны тиімді бөлу. Осыған орай, біз мемлекеттік органдардан келіп түсетін бюджеттік өтінімдерді бюджет комиссиясының келісімі мен бекітуіне дейінгі кезеңде қарау тәжірибесін қабылдап, сәтті жүзеге асырып келеміз. Бюджет мәселелері қаралмай тұрып, екі ай бұрын бүкіл өтінімді саралап, шығындардың басым бағыттарын анықтаймыз, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтау сияқты маңызды жобаларды қаржыландыру бойынша қала әкіміне тиімді ұсыныстарды әзірлейміз. Елордадағы салалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы үш жылдық кешенді даму жоспарларын қабылдадық. Әкімдікпен бірлесіп, түрлі салаларда бірнеше үш жылдық кешенді даму жоспарлары әзірленіп, жүзеге асып жатыр. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша кешенді жоспар аясында құрылыс басталғаннан бері жөндеу жүргізілмеген медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмысына қаражат бөлдік. Қажетті заманауи жабдықтар сатып алынып, жалақыны көтеру және басқа да маңызды мәселелер қолдау тапты, барлық емхананың жаңартылған корпусы күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындарға есігін айқара ашты, – деді Ерлан Каналимов.
Оның айтуынша, VIII сайланымның жұмысы басталғаннан бері 2023-2025 жылдарға арналған қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге аса бастады. Бұл жоспар қажетті көлік құралдарын сатып алуды, учаскелік және модульдік полиция бекеттерінің құрылысын, бейнебақылау камераларын орнатуды, спорт кешендерінің күрделі жөндеуін және басқа да шараларды қамтиды. Осындай жоспарды Төтенше жағдайлар департаменті де сәтті жүзеге асыруда. Қалалық мәслихат елордада биік ғимараттар көп екенін ескеріп, арнайы техника мен жеке құрамға арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр. Бас қалада бүгінгі таңда мәдениет және спорт саласын дамыту бойынша іс-шаралар жоспары, сондай-ақ «Белсенді ұзақ өмір» бағдарламасы әзірленіп, табысты іске асуда.
– Жоспарлы іс-шаралармен қатар, қалалық мәслихат апта сайын 3-4 рет көшпелі отырыс өткізіп, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып, ұжымдармен және мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізеді. Олардың нәтижелері бойынша кеңейтілген отырыстар ұйымдастырамыз. Бұл шаралар бізге мәселенің мән-жайын тез арада анықтап, тиісті талдаулар жүргізуге мүмкіндік береді. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапты деп сенімді түрде айта аламын. Қалған мәселелер депутаттардың ерекше бақылауында, – деді Ерлан Каналимов.
Мәслихат төрағасының мәлімдеуінше, VIII шақырылымның алғашқы жылында 120-дан астам көшпелі жиын өтті. Бұл жиындарда әлеуметтік салаға қатысты көптеген мәселе шешілді. Елорда халқының өсуіне қатысты алғашқы болжамдар ескіріп кеткендіктен, қалалық мәслихат Бас жоспарға айтарлықтай өзгерістер енгізді. Биыл Астана мәслихаты облыстық мәслихаттардағы әріптестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюдың бастамашысы болды. Соның ішінде Павлодар және Маңғыстау облыстарының мәслихаттарымен инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, тәжірибе және ақпарат алмасу келісілді.
Ерлан Каналимов елорда мәслихаты халықаралық деңгейде ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын айта келе, осыған тоқталды. Кейінгі екі шақырылымның жұмысы барысында қалалық мәслихат депутаттары Еуропаның және Азияның бірқатар елдеріне сапар шекті. Марокко, БАӘ, Түркия, Австрия, Германия және Ресей Федерациясы қалаларының басшыларымен ынтымақтастық және тәжірибе алмасу бойынша меморандумдарға қол қойылды. Биыл желтоқсан айында Мәскеу қалалық Думасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланды.
Жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірінде және елордада да мәслихаттардың 30 жылдығына арналған мәдени және спорттық іс-шаралар өтіп жатқанын, депутаттар қайырымдылық акцияларының бастамашыларына айналғанын айтқан Ерлан Каналимов бұрынғы және қазіргі әріптестерді мәслихаттардың мерейтойымен құттықтады.
– Бұл жыл, ең алдымен, елорда мен бүкіл ел тұрғындары үшін пайдалы істермен есте қалады, – деп түйіндеді сөзін Астана мәслихатының төрағасы.
Мәслихаттардың мерейтойына орай алыс және жақын шетелдерден бейнеқұттықтаулар жіберіліп, елорданың бұрынғы әкімдері Әділбек Жақсыбеков, Бақыт Сұлтанов, Алтай Көлгінов бейнеқұттықтау жолдады. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын оның орынбасары Есет Байкен оқып берді.
– Мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару саласында маңызды рөлге ие. Бұл – халық пен билік арасындағы алтын көпір, қоғамның сөзін айтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сенімді саяси институт. Астана қаласының мәслихаты елордамыздың өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Мәслихат депутаттары қала халқының тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысып, ел мүддесі жолында тындырымды еңбек етуде. Қабылданған әрбір шешімде халықтың мүддесі, елдің болашағы басты назарға алынады. Мәслихат депутаттары алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет етіп, абырой биігінен көрінеді деп сенемін. Мерейтойларыңыз құтты болсын! Елорданың жарқын болашағын бірге құрайық! – делінген қала әкімінің құттықтауында.
Мәслихаттардың тарихы, ел және елорда тынысындағы орны, міндеттері, қызметін жетілдіру бойынша пікірлері мен ұсыныстарымен «Қазақстан мәслихат депутаттары» республикалық қоғамдық қорының төрағасы Төлеубек Мұқашев, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының басшысы Әбікен Тоқтыбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сапар Ахметов, Maqsut Narikbayev University Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры, қауымдастырылған профессор Индира Әубәкірова бөлісті. Ұлттық экономика министрлігінің өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқару департаментінің директоры Махамбет Мыңбаев ел экономикасын, соның ішінде өңірлерді дамыту бойынша Үкімет қабылдаған шаралармен таныстырды.
Астана қаласы мәслихатының бұрынғы және қазіргі бір топ депутаты ведомстволық наградалармен марапатталды. Соның ішінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовқа Парламент Сенаты төрағасының Құрмет грамотасы тапсырылды.
Астана қаласы мәслихатының ІІ және VІ шақырылымдарының депутаты Рамзия Өмірбаева, қалалық мәслихаттың V, VІ және VІІ шақырылымдарының депутаты Ерлан Сыдықов, Астана мәслихатының ІІ, ІІІ және VІІІ шақырылымдарының депутаты Бауыржан Смайылов, қалалық мәслихаттың VІ, VІІ және VІІІ шақырылымдарының депутаты Алтыншаш Табулдина «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталды.
Конференция аясында Мәңгілік ел даңғылындағы гүлзарда «Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы» аллеясы ашылып, І-VІІІ шақырылым депутаттары аллеяға ағаш екті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ