Басты ақпарат

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЫ – ҚУАТТЫ ҚАЗАҚСТАН

12-13

Бұрнағы күні, яғни, 26 сәуірде елімізде Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау өтті. Биылғы сайлау халықтың белсенділігімен ерекшеленді. Таңғы сағат 7.00-де ашылған сайлау учаскелеріне қарақұрым жиналған жұртшылық ұзын-сонар кезекке тұрып, өз таңдауын жасауға асықты. Көпшілік кешкі сағат 20.00-ге дейін дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Елордада барлығы 254 сайлау учаскесі тіркелді, оның 189-ы жергілікті жерде болса, 65-і шетелдік елшіліктерде ашылған. Жалпы, бас шаһарда 400 434 сайлаушы тіркелді.

Елдің ықыласы ерекше

Елімізде маңызды уақиғалар өткізілетін кезде журналистердің де жұмысы еселеніп кетеді. Редакциядан берілген тапсырма бойын­ша өзімізге белгіленген сайлау учаскелерінің алғашқысы – Ұлттық академиялық кітапханаға сағат 7.00-ге 20 минут қалғанда жеттім. Әдетте, мұндай маңызды шараға елден бұрын журналистер жиналады. Бірақ осы жолы жұртшылық бізден бұрын келіпті. Кітапхана есігінің алдында халық қарақұрым. Тіпті, өздерінше кезек алып қойыпты. «Кезексіз қайда барасың?» деп, мені кіргізер емес. Ақыры, редакциядан ұстатқан қызметтік хатты көрсетіп жүріп, ішке әрең кірдім. Жұртшылықтың саяси белсенділігіне, дауыс беруге құлшынысына таңғалғанымыз жасырын емес.
ҚР Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан №89 сайлау учаскесі де сайлаушыларды қарсы алуға тиянақты дайындалыпты. Айналада түрлі-түсті шарлар ілініп, мерекелік көңіл-күйді аңғартып тұр. Сағат тілі тура 7.00-ді көрсеткенде сайлау учаскесі есігін айқара ашты. Дауыс берушілердің алғашқы легіне азын-аулақ сыйлықтар да әзірленіпті. Елуге жуық сыйлықтың бірін иеленіп, қуанышқа бөленген – әже Қаншайым Қайырбекова. «Еліміздің Президентін сайлау – болашағымызды таңдау деген сөз. Өзім сайлау болады дегелі балаларыма оған белсене қатысып, өз дауыс­тарын беруді айтып келдім. Оларға үлгі-өнеге болсыншы деп, өзім, міне, таңнан келіп, дауысымды беріп отырмын. Дауыс беруге өзім сияқты егде кісілер алдымен жететін шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, мұнда жастар да қаптап жүр. Тіпті, таң атпастан халық осынша көп жиналады деп ой­ламаппын. Расымен қуантарлық жағ­дай» дейді әже ағынан жарылып.
Дауыс беруге таңсәріден келген жұртшылықтың ішінен әріптесіміз, белгілі тележурналист Гүлнұр Иман­досованы да кездестірдік. Өзі дек­реттік демалыста екен. «Жүкті әйел деген еркелеп, ұйқысын қандырып келмей ме екен?» деп әзілдеп қойдық. «Мен қазірден бастап сәбиімнің ел ертеңіне бей-жай қарай алмайтын, өзіндік үні мен көзқарасы бар азамат болып шыққанын қалаймын. Іштегі шарана анасы арқылы бәрін сезіп-біледі дейді ғой. Сондықтан, болашақ балама анасы ретінде үлгі-өнеге көрсеткен түрім» деді ол. Жалпы, журналистердің ешқайсысы елінің ертеңіне бей-жай қарай алмайды. Гүлнұр да сондай. Оның айтуынша, жүрегінде отаншылдық сезімі бар кез келген азамат осындай саяси науқаннан тысқары қалмауы керек. Өйткені, әр қазақстандықтың дауысы – еліміз үшін маңызды.
Осы №89 сайлау учаскесінде 2555 сайлаушы тіркелген. Тізімдер сайлау­алды науқаны кезінде әзірленген. Барлық сайлауалды іс-шаралар «Сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес өтті. Дауыс беру құқылары да түгел сақталғанын айта кетейік.

Жабық сайлау учаскелері де құрылды

Астана қаласында республикалық деңгейдегі бірнеше емдеу орта­лықтары мен клиникалары орналасқан. Дәл сайлау күні денсаулығына байланысты ем қабылдап, ауруханада жатқандар баршылық. Елордада осындай жандардың конституциялық құқын жүзеге асыру үшін жабық сайлау учаскелері жұмыс істеді. Соның бірі – Ана мен бала ғылыми орталығындағы №167 жабық сайлау учаскесі.
Сайлау учаскесінің төрайымы Қарлығаш Ағаділованың айтуынша, мұнда 350 сайлаушы тіркеліпті. Емделушілер де белсенділік танытып, таңғы сағат 7.00-ден бас­тап дауыс бере бастаған. Журналис­тер қауымы мұнда сағат 8.30-да келгеннің өзінде 57 адам дауыс беріп үлгеріпті. Алғашқы дауыс бергендерге сыйлық та үлестіріліп жатыр. Сайлауға қатысушылардың бірі – жас ана Айжан Ермекова. «Кезектен тыс президент сайлауы – еліміздің келешегі үшін жасалып отырған қадам. Сондықтан, бұл науқанға әр қазақстандық белсене қатысқаны дұрыс деп санаймын. Өз басым еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты жоғары бағалаймын. Біз үшін маңыздысы – бейбітшілік, балаларымның болашағы үшін алаңдамай өмір сүруі. Сондықтан, өскелең ұрпағымның бақыты үшін дауыс бердім» дейді Айжан.

Жақсы дайындық – жоғары белсенділік

№92 сайлау учаскесі №71 мектеп-лицейде орналасқан. Бұл учаскенің сайлауға дайындығы ерекше көзді тартады. Лицей ұжымының маңызды шараға күндіз-түні әзірленгені аңғарылды. Дауыс беруге келушілерді балдырғандар ән-күймен қарсы алды. Ал екінші қабатта орналасқан учаскенің іші жайнап тұр. Кең залдың төбесі киіз үйдің шаңырағы іспетті жасалыпты. Күллі Қазақ елі өз таңдауын жасағалы отырғанын ишарамен ұғындырғандай. Әр сайлаушының жүрегіне отаншылдық сезімін сыйлаған шаңырақтағы сайлау да жұртшылықтың белсенділігімен ерекшеленді. Олардың сыртынан қарап, бақылаушылар отыр. «Нұр Отан» партиясынан осы учаскеге бақылаушы болып келген Ғабит Сағындықовтың айтуынша, дауыс беру барысында заң бұзушылықтар ұшырасқан жоқ.
№92 сайлау учаскесіне 3 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Вадим Моториннің айтуынша, сағат 10.30-ға дейін сайлаушылардың 50 пайызы өз таңдауын жасаған.

Жастар да ыждағаттылық танытты

Келесі барғанымыз – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің «Студенттер үйі» болды. Мұнда №23 сайлау учаскесі орналасқан. Осында келушілердің көпшілігі – жастар.
– Сайлауға дауыс беруге келген жастардың белсенділігі мені ерекше қуантты. Жалпы, біздің учаскеде тіркелген сайлаушылардың саны – 2360. Солардың ішінде жастардан басқа, 11 көп қабатты үйдің тұрғындары бар. Сайлау учаскесі ашылған алғашқы екі сағаттың ішінде сайлаушыларымыздың тең жартысы дауыс беріп үлгерді, – дейді №23 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Алдажар Өтенов.
Сайлауда дауыс беруге кезекке тұрғандардың бірі – Еуразия ұлт­тық университеті, экономика факуль­тетінің екінші курс студенті Асылбек Жол­дыұлы. Ол Ақтөбенің тумасы екен. Астанаға білім алуға келіпті. Болашағын елордамен байланыс­тырғысы келетін ол сайлауға алғаш рет қатысып отырғанын жеткізді.

«Дауысымды Қазақстанның болашағы үшін бердім»

Оқушылар сарайында орналасқан №81 сайлау учаскесінде дауыс берген сайлаушылардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Журналистерге берген сұхбатында Мемлекет басшысы «Өз дауысымды Қазақстанның болашағы үшін бердім» деді.
– Еліміздің 9742 сайлау учаск­есінде 9,5 млн сайлауға құқы бар азамат дауыс беріп жатыр. Ашық, демократиялық түрде өтіп жатқан сайлау бұл. 40 елден 850 байқаушы келді. 8 халықаралық ұйымның өкілдері де осында. Дүние жүзінің 28 елінен 170 журналист келіп отыр.
Оның ішінде өзіміздің 10 мың қо­ғамдық байқаушы бар. Солардың алдында біз өзіміздің ашық еке­німізді, барлығын заң жүзінде өткізіп жатқанымызды көрсетіп отырмыз. Саяси науқан барысында барлық үміткерге жағдайлар жасалды. Әр кандидат ел азаматтарына өз бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстырды. Енді таңдау жасайтын – қарапайым халық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

САЙЛАУ ӘДІЛ ӘРІ АШЫҚ ӨТТІ

Қазақстандағы президенттiк сайлау әдiл және ашық өттi. Дауыс беру барысына тұңғыш рет біздің елімізден 10 мыңға жуық бақылаушы қатысты. Мұның өзі саяси деңгейдің өскендігін көрсетті. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникация қызметі орталығында өткен брифингте сайлау науқанын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы Нұрлан Ерiмбетов баяндады.
«Сайлау әдiл әрі ашық өттi. Бiз бұл жөнінде осынау биiк мiнберден мәлiмдеймiз. Бiз жер­гiлiктi жерлердегi оқиғаларды бiлiп отырдық, оқу процестерiн ұйымдастырдық, арнайы бюлле­теньдердi жасадық. Бiздiң сайт тәулiк бойы жұмыс жасап тұрды. Бiз аймақтардағы халықтың көңiл-күйлерін және күткен арман-тiлектерiн бiлiп отырдық. Бұл – Қазақстандағы жоғары сая­си өсудiң белгiсi. Электоралды кампанияның сәттi аяқталуымен баршаларыңызды құттықтаймын» деп атап өтті Н.Ерiмбетов.

Астана әкімі №81 сайлау учаскесінде  дауыс берді

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Оқушылар сара­йында орналасқан №81 сайлау учаскесіне келіп, Қазақстан Рес­публикасы президентін сайлауға дауыс берді.
№81 сайлау учаскесінде 2532 сайлаушы тіркелген. Халықаралық бақылаушылар да олардың саяси бел­сенділігін жоғары бағалады. Фран­ция парламенттік журналының редакторы Оливье де Тильера сайлау барысы сын-ескертпесіз өтіп жатқанын мәлімдеді.

– Таңнан бері адамдар дауыс беру үшін кезекте тұр, бұл елдегі демократия деңгейінің биіктігін көрсетеді, – деді француз бақылаушысы.

Ақ әженің батасы

Соңғы барған орнымыз – Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрында
орналасқан №105 сайлау учас­кесі болды. Осындағы сайлау комиссиясының төрағасы Айдарбек Меңдібаевтың айтуынша, дауыс беремін деген адамдар театрдың жанында таңғы 5.00-ден жинала бастапты. «Сайлау учаскесі ашылғанда бірден 70 адам дауыс берді. Әсіресе, 60 жастан асқан адамдардың белсенділігі жоғары. Сонымен қатар 50-ге тарта алғашқы рет дауыс беретін жастар бар. Оларға ұялы телефонды сыйға тартып жатырмыз. Байқаушылар, негізінен, ТМД елдерінен келіп отыр. Атап айтсақ, олар Беларусь, Қырғыз Республикаларынан келді. Халық тарапынан арыз-шағымдар, байқаушылардан бізге қатысты ескертулер жоқ. Жалпы, сайлау учаскесінде 2611 адам тіркелді. Жүріп-тұруы қиындаған адамдарды әкелетін арнаулы көлік бөлінді. Бұдан басқа, үйлерінде жатып, дауыс беретін 12 сайлаушымыз бар» дейді ол.
Қаллеки театрында дауыс берген адамдардың бірі – 80-нің сең­гі­рінен асқан Бану Тұрғынова өз ғұмырында талай сайлауға қатысып отырғанын айтады. «Осы сайлауға аз да болса демеу болайын, өз үлесімді қосайын деп келдім. Бұл сайлауда білімді, еліміздің адал азаматы озып шы­ғады деп ойлаймын. Жер жүзіне бел­гілі болған егеменді елімізден құт-береке қашпасын. Ұл-қыздары әдепті, инабатты болсын. Еліміздің көк байрағы биікте желбіресін, бейбітшілік орнасын. Қазіргі жас­­тар – бақытты. Біздің көрген қиын­дығымызды олар көрмесін» деп, бата бергендей болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button