#Жаңа Қазақстан

Халық қалаулысы қандай болуы керек?

Елімізде аса маңызды, күрделі науқан – Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға сайлау басталды. Жет­пістен асқан шағымда елу жылдан астам уақытта талай сайлауға қатыстым. Сайланған халық қалаулылары бәрі де көпшіліктің ойынан шықты деп айта алмаймын, оны айтуға уақытында сөз бостандығы болған жоқ.

Халық қалаулысы қандай болуы керек? Әсіресе соңғы шақырылымдағы кейбір депутаттың іс-әрекеті халықтың намысын қоздырды. Басқасын айтпағанда, жаңа сайланған депутат жазып берген антын мемлекеттік тілде оқи алмай міңгірлеп тұрғанда, жерге кірерге тесік таппадым, сондай адам қалай Парламент мүшесі бола алады? Депутат, халық қалаулысы деген атқа сай, халықтын жоғын жоқтап, мұңын бөлісіп, ол үшін халықтан қашпай, жақын болуы керек, ал бұрынғы депутаттар мұңын айта барған сайлаушылардан халықтың әперген шетел көлігіне мініп, ат-тонын ала қашып немесе тәкаппар­ланып тілдеп кетеді. Халық қалаулысы – ол халықтың мұқтажын, мұңын жоғары билікке жеткізуші және нәтижелі іс-шараны іске асыруға қадағалаушы, бірақ біз ондай жанашырлықты көре алмадық. Арыста апат болып жатқанда, шілденің ыстығында Үкімет үйі алдына мұңын айтып келген аналарға бірде-бір депутат «індерінен» шығып басу айтуға жарамады. Кешегі қаңтар қырғынында олар қайда жүрді? 2022 жылы Маңғыстау өңірінде қуаңшылық болғанда шырылдап жүрген қара халық қоғам белсенділері, халық «қалаулыларын» көрмедік. Екібастұзда болған апатта жылы төсекте жатпай, неге сол қиыншылық жағдайдың арасында жүрмейді? Халық баласын өсіріп, тепсе темір үзетін «құлындарын» Отан қорғауға жіберіп, неге сүйегін табытпен алады? Осындай шектен шыққан жайттарда жәрдемдесіп, халықтың «жарасын» емдеуге қол ұшын бермесе, халық қалаулысының керегі бар ма? Өткен шақырылымдағы депутаттардың жағымсыз тағы бір қылығы – олардың екіжүзділігі, Елбасы қызметтен кеткенде қатты өкініп, артынша тез құбылып өзгеруі азаматқа лайық емес. Ал болашақ депутаттар, біздің пікірімізше, қандай болуы керек? Болашақ депутат 5 жыл кабинеттен-кабинетке ауысып шалбар тоздырған емес, өзінің еңбекке құштарлығымен сатылай өскен, мол тәжірибе жинаған, ана тілінде мүдірмей сөйлейтін, мемлекеттік тілді құрметтейтін, қазақ елінің патриотымын деп санайтын, халықтан қашпай, мұң-мұқтажын қандай мезгіл болса да тыңдап, көмектесе алатын, сессияларда қалғып-мүлгіп отыр­май, өзекті мәселелерде белсенді болуға құштар азамат болса екен.

Халық қалаулыларының мәдени этикасы болуы керек, жеке отбасында да, қоғамда да жұртшылыққа үлгі болуы керек. Әйелдердің шашын жайып жіберуі немесе тар шалбармен жүруі депутатқа да, қазақ қызына да тән емес. Егер Қазақстан депутаттары бір үлгіде, қазақша өрнекпен киім кисе де артық болмас еді. Қазақ елінің болашағына, тұрмысына, экономикасына жаңа серпін беретін халық қалаулыларын сайлау ерекше әділ өтсе екен деген тілегім бар.

Серік ҚОЛДАНҰЛЫ,

Сәтпаев ­қаласының ­құрметті азаматы, ­денсаулық сақтау ­саласының ардагері,

Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button