Қоғам

«Халық қатысатын бюджет»: Жоба жалғасады

Елорданың дамуында қоғам мен әкімдіктің тығыз байланысы маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Астанада халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және өмір сүріп жатқан ортасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жоба қолға алынды. Соның бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы.

Бұл бастама жергілікті тұр­ғындарды өз аймағының инфра­құрылымын дамыту процесіне тартуға мүмкіндік береді. Аталған жоба арқылы тұрғындар маңызды мәселелерді көтеріп, шешімін табуға ықпал ете алады. 2024 жылы бұл жоба қаламыздың барлық ауданында жүзеге асып, айтарлықтай нәтижелерге қол жетті.

Алматы ауданында былтыр «Халық қатысатын бюджет» жобасына бөлінген қаражат шеңберінде 24 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 мекенжай бо­йынша жұмыс аяқталды. Бұл – Б.Майлин көшесі 8, Абылай хан даңғылы 25, Күйші Дина көшесі 44/1, М.Жұмабаев даңғылы 12А, Ш.Құдайбердіұлы даң­ғылы 17/3, Ғ.Мұстафин көшесі 15/2, Ж.Нәжімеденов көшесі 16А және т. б. тұрғын үйлер қамтылды. Балалар ойын алаңдары мен шағын сәулет нысандарын ауыстыру, футбол алаңымен және тренажер аумағымен жабдықтау, баскетбол алаңын салу, воркаут аймағымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Байқоңыр ауданы бойынша 2024 жылы 25 жоба ұсынылды. Соның ішінде 22 жоба дауыс беру нәтижесінде іске асырылуға мақұлданды. Қазіргі уақытта 16 ауланың абаттандыру жұмысы аяқталды.

Есіл ауданы бойынша өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 30 өтінім келіп түсті. Олардың 11-і талапқа сай, 4 жоба жүзеге асуда, 19 жоба қабылданбады. Абаттандыру аяқталған мекенжайлар: Қабанбай батыр даңғылы, 42 – «Инфинити 2» тұрғын үй кешені; Алматы көшесі, 13 – «Отандастар» тұрғын үй кешені; Сарайшық көшесі, 5/1; Қабанбай батыр даңғылы, 40 – «Инфинити 1» тұрғын үй кешені.

Нұра ауданы бойынша 2024 жылы 8 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмыстар келесі мекенжайларда аяқталды: Қыз Жібек көшесі 32; Ә.Бектұров көшесі 4/2, 4/3, 4/4; Сығанақ көшесі 2, 4; Қабанбай батыр даңғылы 43 (блок А, В, D); Ш.Айтматов көшесі 27, 29; Е-15 көшесі 11; М.Нәрікбаев көшесі 9.

Сарыарқа ауданы бойынша аталған жоба аясында аудан аумағында жұмыстар жалғасуда. Жобалар бойынша тұрғындармен кездесулер мен жиналыс­тар өтеді. Іс-шаралар аясында әлеуметтік чаттар арқылы ақпараттандыру; 18 жеке қабылдау; 40 онлайн-түсіндіру; қоғамдық талқылаулар; әлеу­меттік желілер мен аудан әкімдігінің ресми сайтында ақпараттық жазбалар жарияланды.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы – тек абаттандыру мен инфрақұрылымды жетілдіру ғана емес, сонымен қатар халық пен биліктің арасындағы сенімді нығайтудың жарқын үлгісі. 2024 жылғы жобалардың сәтті жүзеге асуы халықтың өз ауданының тағдырына тікелей ықпал ете алатынын дәлелдеді. Жоба шеңберінде тұрғындардың идеясы мен ұсынысы нақты шешімдерге айналды. Бұл өз кезегінде қоғамдық белсенділікті арттырып, азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасады. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүргізіліп жатқанына дәлел болып отыр.

«Халық қатысатын бюджет» – бұл тек бүгіннің мәселелерін шешу ғана емес, болашаққа бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Әрбір атқарылған іс – ел игілігі үшін жасалған маңызды қадам. Сондықтан келген жылы да мәслихаттың, әкімдіктің және Amanat партия­сының қолдауымен осы бағыт жалғасады.

Кендебай АДАМБЕК,
Астана қаласы
мәслихатының депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button