#Жолдау-2022

Халық қолдайтын бастама

– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы бүкіл қазақстандықтардың назарында болған елеулі оқиға болды. Олай болатын себебі Президентіміз қаңтар көтерілісінен кейін саяси реформаларды жариялайтынын халыққа жеткізген болатын.

[smartslider3 slider=2503]

Отыз жыл бойы елімізде қордаланған мәселелер тым көбейіп кетті. Әсіресе азаматтар құқығын сақтамау, ел заңдарын өрескел бұзу фактілері халықаралық ұйымдардың сынына ұшырады, Қазақстан беделіне нұқсан келтірді. Осындай келеңсіз жайттарды тізе келіп, Президент реформаларды неден бастау керек екенін айтып өтті.

Мәжіліске үміткер депутаттардың 70 пайызы пропорционалды болса, 30 пайызы мажоритарлы жүйемен сайланатыны ел көңілінен шықты деп ойлаймын. Бұған қоса, Қ.Тоқаев өз сөзінде Президенттен бастап әкімдер мен министрлердің партияларға мүше болуына ты­йым салғаны осы жиындағы басты жаңалықтың бірі болды. Сонымен бірге Қазақстандағы саяси партия­лар тіркелу үшін бұрынғыдай 25 мың қолдың орнына 5 мың қол жинауы жеткілікті дегені қоғамда баяғыдан бері айтылып, жауыр болған мәселенің бірі еді. Енді жаңа партияларды тіркеп, ашамыз дегендерге жол ашылды деп айтуға негіз бар. Әрине, мұның бәрі республика заңдары шеңберінде және демократиялық принциптерді сақтай отырып жүзеге асатын өзекті мәселелер екенін ұмытпаған жөн.

Ел Президенті әкімшілік-аймақтық мәселеге ден қойғаны Қазақстанның бүгінгі алмағайып кезеңдегі аумағын нығайтып, болашақ ұрпақтың қамын ойлаған, бүкіл халық қолдайтын саяси-экономикалық өзгерістердің бірі деп айту керек. Осыған орай, кезінде жеке облыс болып шаңырақ көтерген Семей облысының Абай, Жезқазған облысының Ұлытау, Алматы облысының Жетісу орталығы Талдықорған және Алматы облысының орталығы Қапшағайдың атын өзгертіп, Қонаев атауы біздің ұлтымыз үшін өте маңызды құптайтын, бөркімізді аспанға лақтыратын қуанышты жағдай.

Президент соңғы жылдары қоғамда жаппай талқыға түсіп жатқан Конституциялық сотты қалпына келтіру мәселесіне назар аударды. Шынын айту керек, осы жылдары елдегі Ата заңымыз кім көрінгеннің қолжаулығына айналып кеткені – өкінішті жағдай. Ең сорақысы, Конституцияның баптарын көздің қарашығындай сақтауға мүдделі құқық қорғау орындарының салғырт қарауы үйреншікті жағдайға айналды. Әсіресе сот органдары мен прокуратура органдары Ата заң баптарын сақтауды түбегейлі ұмытқандай болды. Бұл, сөзсіз, азаматтардың наразылығын туғыз­ды. Конституцияның нормаларын бақылап, оны сақтауға бірден-бір мүдделі орган – Конституциялық кеңес «мен естімеймін де, көрмеймін де» деген сыңай танытты. Осындай келеңсіз жағдайларға қанық болған Президент Парламент отырысында Конституциялық соттың қайта құрылатынын жария етті.

Өкінішке қарай, бүгінде біздің қоғамда Конституцияның негізгі баптарын ескермеуге етіміз үйреніп кетті. Олар да қандай бір күмәнді табысқа жету үшін негізгі заңның баптарын аттап өтуді дағдыға айналдырды. Осындайда дана бабаларымыздың «жаман әдет жастарды тура жолдан тайдырар» деген нақылын мысалға келтіре кеткенді жөн санаймын.

Ал Конституциялық сотқа келетін болсақ, Президент пен Парламенттің және соттардың, әсіресе шектен шыққан біздің күштік құрылымдар, әкімшіліктер мен министрлер Конституцияның баптарын бұлжытпай орындауы үшін демократиялық қоғамда Конституциялық соттың болуы өте қажет. Ата заң бойынша Президенттен бастап қарапайым азаматтарға дейін баршамыздың құқығымыз тең екенін түсінетін кез келді. Ата заңды құрметтемесек, онда бүкіл еліміз бен халқымыздың құқығын ескермегеніміз. Мұның арты қылмыс екені барша жұртқа мәлім болар деймін.

Республика газеттерінде шыққан бірнеше мақалаларымда бұрынғы Конституциялық соттағы сорақы жағдайлардың бой алғанын ашына жазған едім. Сот желтоқсан көтерілісіне байланысты ешбір шешім шығара алмағаны, құқық қорғау органдарының өрескел әрекеттерін жуып-шаюға тырысқаны және соған байланысты сотқа мүше болған үш адамның желтоқсандықтарды жазалауға қатысқаны туралы жазған болатынмын. Ал сол үш адам Конституциялық сот мүшелігіне қалай сайланып кетті және оларды сүйреп жүріп сот мүшелігіне сайлануына кімдер қатысқанын қалың жұрт білетін уақыт келді. Мұны айтып отырған себебім жаңадан сайланатын Конституциялық сот құрамын іріктегенде өткен қателікті ескеріп, сот мүшесіне сайланатын адамдардың ары таза, Ата заң талаптарына шын берілген және ұлттық болмысы қалыптасқан мамандарға назар аударған жөн деп санаймын.

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі:

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button