Елорда тынысы

Халық тілегі ескерілді

Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияда көрсетілгендей, біздің ең қымбат қазынамыз адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы делінген. Сондықтан да Конституциядағы заң халыққа қызмет жасап, мүддесін қолдау қажет.

[smartslider3 slider=3019]

«Жаңа Қазақстанды» құру кезеңінде Президентіміз халықтың көңілі толмайтын заңдағы кейбір пункттерді алып тастап, Конституцияға өзгерістер енгізуді қолға алғаны – құптарлық жай. Байқап отырсам, бұған дейін басты заңға өзгеріс енгізгенде ешкім халықтың пікірін сұрамаған, тек Парламентте шешім шығарып, өзгертіп отырды.

Халықтың талап-тілегіне қарап ­отырып, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде халықтың ой-пікірін, ұсынысын жерге қалдырмады. Осы орайда ол Қазақстан халқы ассамблея­сының сессиясында Қазақстан Республикасының заңына қосатын өзгерістерді халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуге ұсыныс жасады.

Шын мәнісінде, референдум өткізу – бұл саяси жаңалық. Демократиялық елдердің барлығы референдумды мемлекеттік маңызды мәселелерді шешудің демократиялық жолы дейді. Қазақстанның осы дамыған мемлекеттер секілді жұмыс жасауы қоғамдағы маңызды мәселе болмақ. Сондықтан Президентіміз бас болып отырған алдағы бұл референдум – Қазақстанның маңызы зор саяси науқаны.

Қазақстан бойынша жер-жерде бүкіл қоғам өкілдері Мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум аясында жалпыхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін қолдаймыз деп өз ойын, пікірін айтуда. Әрине, еліміздегі бұл тарихи оқиғаға біз бүгінде белсенді атсалысуымыз керек. Неге десеңіз, бұл бүгінгі Қазақстанға ғана емес, болашағымыздың, келешек ұрпағымыздың Ата Заңына қосқан үлесі болмақ.

Менің ерекше көңіл аударып отырған 6-баптағы 3-пункттегі жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар деп келеді де, бұрынғы қолданыстағы Конституцияда олар мемлекет меншігінде болады десе, қазіргі жаңа редакциясында, жаңағы аты аталған жер-су, барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі дейді. Және бұл пункт халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады деп көрсетілгені менің ойымнан шықты.

Ал 43-бапқа екі қосымша ұсыныс енгізіпті: біріншісі Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс десе, екіншісі Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары саяси мемлекеттік, Қазақстан қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарын атқаруға болмайды дегені көңілге қонымды болды. Бұл дегеніңіз – Президенттің туыстары оның атын пайдаланып, қызмет бабында дұрыс жолда жүреді деген сөз.

Ал 91-баптағы екінші қосымшадағы Елбасы және Тұңғыш Президент мәртебесін Конституцияның жаңа редакциясында толығымен алып тастағаны өте дұрыс болған. Осы бапқа байланысты кезінде көпшілік әлеуметтік желілерге наразылығын білдіріп, неше түрлі ойлар айтқан болатын. Міне, осы жайды ескерген бұл да Мемлекет басшысының халықпен бірге екенін дәлелдейді.

Ата Заңға енгізілетін өзгерістің ішінде Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот жұмыс істейтін болады деп көрсетілген. Соның ішінде заңнамаларға өзгертулер енгізілген. Соның бірі Қазақстан азаматының Конституциялық құқығы бұзылған жағдайда аталмыш Конституциялық сотқа жүгіне алады деген пункт бар. Бұл да бүкіл халықтың ойынан шығатын ұсыныс деп ойлаймын.

Иә, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қолдаған билік пен қоғам, халық пен мемлекет арасындағы байланыс жұмысы жүзеге асса, халық үніне құлақ асатын «Жаңа Қазақстан» құратынымызға сенім мол. Алдағы уақытта демократияландыру процесі халықтың пікірімен санасатын болады.

 Ғалия БАЛТАБАЙ,

Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобы жетекшісінің орынбасары

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button