Қала тіршілігі

Халықаралық мектептер салынады

Астана әкімдігінде жаңадан салынатын халықаралық мектептерге қатысты бірнеше меморандумға қол қойылды. Аталмыш шараға қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен БАӘ-нің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммед Ахмад Альджабер қатысты.

2023 жылға дейін Астанада оқушы саны 123 мың балаға көбейетінін бұған дейін жазған едік. Елорда мектептерінде жыл са­йын оқушылар саны орташа алғанда 15-18 мың адамға артатынын ескерсек, дәл қазіргі уақытта білім саласына қатысты балаларды 100 пайыз мектеппен қамту мәселесі тұр.
– Халықтың әлеуметтік жағдайын көтерудің бір тетігі – білім беру саласы. Бұл туралы Елбасы да өз сөзінде айтып өтті. Астана халқы жыл санап өсіп келеді, осы тұрғыда мектеп мәселесі де маңызды. Біз алдағы 5 жыл көлемінде тағы 120 мың оқушыны қамтамасыз етуді қолға алып отырмыз. Оның ішінде 20 мың оқушыға арналған жекеменшік мектеп салу есебінен жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар отандық және шетелдік инвесторлардың көмегімен іске асырылады, – деді кездесуде Бақыт Сұлтанов. Қала басшысы аталған жобаларды жүзеге асыруға инвестициялық қолдау көрсетіп отырған Мохаммед Ахмад Альджабер бастаған БАӘ мемлекетінің делегаттарына өз алғысын білдірді.
Жиында келесі қол қойылған құжат – «SABIS» халықаралық мектебін салу жөніндегі меморандум. Оған Астана қаласы әкімдігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция жөніндегі комитеті мен мектеп директорлары қол қойды. «Аталмыш құжатқа сәйкес, Астанада халықаралық «SABIS» мектеп желісінің филиалы салынады. Сондай-ақ бұл жоба – жекеменшік мектептер есебінен орта білім беру орнының тапшылығын шешудің бір жолы. Бүгінде елордада 12 жекеменшік мектеп бар. Әкімдік және «SABIS» халықаралық мектеп желісінің арасында жасалған екіжақты келісім негізінде инвестиция арқылы тағы басқа да жалпы білім беру мектебін салу жос­парлануда» дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова. Оның айтуынша, меморандум негізінде салынатын мың балаға арналған мектеп пен 250 орынды балабақша қаладағы орын тапшылығы мәселесін азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ 200 жаңа жұмыс орны пайда болады. Айта кетерлігі, «SABIS» халықаралық мектебі әлемнің 20 елінде қызмет етеді екен. Озық тәжірибелі білім ошағының аталған елдерде 132 мектебі бар, бүгінде 70 мыңдай шәкірт тәрбиелеуде.
Меморандум негізінде салынатын білім ошақтары, атап айтқанда, «SABIS» халық­аралық мектебі және балабақшасын салудың бірінші кезеңі 2019-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны – 15,5 млн АҚШ доллары. Ал екінші кезеңі 2022-2023 жылы жүргізіледі. Жобаның жалпы құны 10 млн АҚШ доллары болмақ.
Ал құны 20 млн АҚШ доллары болатын «KINDERWORLD KAZAKHSTAN» атты Сингапур моделіне сәйкес білім беру орталығын құруды жүзеге асыру мерзімі 2019-2021 жылдар деп белгіленді. Сол сияқты осы жылдар аралығында құны 3,5 млрд теңгені құрайтын «Alpamys» жеке мектебін ашу, жобасы 5,5 млрд теңге болатын «Tamos Education» жеке мектебі, сондай-ақ 900 оқушыға арналған, құны 1,2 млрд теңге тұратын «CA GARDEN SCHOOLS» атты жалпы білім беру және «MATH-LANGUAGE «SEED SCHOOL» мектебін салу жоспарда бар. Монтессори «Жұлдыз» білім беру мектебін тұрғызуға 500 млн теңге жұмсалатыны айтылды. Онда 150 оқушы мен 350 мектепалды білім алушыларға арналған орын болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button