Халыққа қызмет етуден асқан абырой жоқ
Астана қаласы мәслихаты VІІ шақырылымының депутаттары қысқа ғана уақыт жұмыс істесе де, екі жылдың ішінде қаладағы біраз мәселенің шешілуіне атсалысты. Осы шақырылымда депутат болып сайланған Ләззат Разбекова-Төлеуханова белсенді депутаттардың бірі болды. Қазақстан мәслихаттарының биылғы 30 жылдығына орай Ләззат Мұратқызымен сол кездегі жұмысы, елорданы дамытуға қатысты және қазіргі қоғамның өзекті мәселелері жөнінде әңгімелестік.
– Астана қаласы мәслихаты VІІ шақырылымына депутат болып сайланғанда праймериз елегінен өттік. Бұл – бұрын-соңды болмаған жүйе. Бұрын депутат болу үшін үлкен қолдаушың, тамыр-танысың болуы керек деп ойлайтынмын. Депутат боламын, өзімді көрсетемін деген кез келген қазақстандық азаматқа партия мүмкіндік берді. Сол уақытта пандемияға тап болдық. Сондықтан бізге күш-жігер қажет еді, жұрт үйлеріне қамалып отырғанда маска тағып, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік, Amanat партиясының бағдарламасын түсіндірдік, – дейді Ләззат Мұратқызы.
Оған дейін 20 жылдан астам мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеген ол соның ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүйесінде әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды. Меритократия жүйесімен сатылап өсіп, қатардағы маманнан басқарма басшысы қызметіне дейін көтерілді. Бұл жылдар бойы жинақталған тәжірибенің мәслихаттағы қызметіне септігі тиді.
– Депутат кезімде уәделер түгел орындалды деп өтірік айта алмаймын. Бұл жерде депутаттың ұсынысы бірден орындалмайтынын түсіну керек. Жүйелі түрде, нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс істеп, бүтін бір қала тынысына жақсы жағынан өзгеріс енгізгің келді дейік. Бірақ түрлі әкімшілік кедергілерге, түсінбеушілікке тап боласың. Кейбір мемлекеттік мекемелердің басшылары кері тартып тұрады. Ұсынысың бір жылдың ішінде орындалса, бұл үлкен жұмыс, – дейді Ләззат Мұратқызы.
Ол Астана қаласы мәслихаты VІІ шақырылымының депутаты болғанда көптеген ұсыныс айтты. Бізбен әңгімеде соның негізгілеріне тоқталды.
– Депутат болғанда әлеуметтік жағынан аз қамтылған елорданың 160 мыңнан астам тұрғынына әлеуметтік «корзина» енгізу мәселесін көтердім. Бұл ұсынысты айту үшін 3 ай дайындалдым. Түрлі заңдарды оқыдым, мекеме басшыларымен кездестім. Мәселені зерттеп, соның ішінде шетелдік тәжірибені қарадым. Шетелдерде сондай азаматтарға арналған арзандатылған бағамен тауар сататын арнайы әлеуметтік дүкендер бар екен. Бізде бұл жүйе бойынша «Магнум» супермаркетімен жұмыс істеуге болады екен, яғни аз қамтылған 160 мыңнан астам тұрғынға 40-50 пайыз жеңілдікпен тауар сата аламыз. Бұл үшін бюджеттен қаржы бөлу қажет емес, мұны «Магнумға» бөлінетін субсидия арқылы жасауға болады. Ұсынысымызды қала басшылығы қолдады. Бірақ мәселе республика деңгейінде қарастырылады деген себеппен әлі толық шешілмей, тоқтап тұр, – дейді бұрынғы депутат.
Бүгінде елордада балаға балабақшаға орын алу «Indigo» электронды жүйесі арқылы іске асады. Мұның енгізілуіне Ләззат Мұратқызы үлес қосты.
– Астана қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы қызметінде болғанда баланы балабақшаға орналастыруда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көп екеніне көз жеткіздім. Сондықтан бұл жүйені автоматтандыру керектігі жөнінде ұсыныс айттым. Сөйтіп «Indigo» электронды жүйесі дүниеге келді. Қазір бұл портал тиімділігін дәлелдеді, балаға балабақшаға жолдама беру әділ, ашық түрде өтеді. Мысалы, қажет болса, өзім осы порталсыз баланы мектепке дейінгі мекемеге орналастыра алмаймын, – дейді Ләззат Мұратқызы.
Ол осыған ұқсас электронды жүйе арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істейтін орталықтарға рейтинг қою керек деп есептейді.
– Бұл өте тиімді болады. Сол кезде сондай адамдар қызмет алып отырған орталығына белгілі бір сандар, мысалы, 1-ден 5-ке дейін баға бере алады. «Бұл баға әділ болмауы мүмкін» дегендер де бар, сондықтан рейтингке 80 пайыз академиялық көрсеткіштерді қостық. Осылайша сол орталықтарды сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен арылтып, сапасын көтереміз, бәсекелестік пайда болады. Жалпы автоматтандыру – жақсы жүйе. Сол арқылы жемқорлық жойылып, жұмыстың сапасы көтеріледі, бөлінген қаражатқа қатысты бәрі ашық болады, – дейді Ләззат Мұратқызы.
Астана қаласы мәслихатының VІІ шақырылым депутаттары кезінде «Артспорт» бағдарламасын көп талқылады. Аталмыш бағдарламаға қатысты біраз пікірталас туындады.
– «Артспорт» бағдарламасының енгізілуіне бірінші қарсы шыққан біздің шақырылым депутаттары болды. Бұл бағдарлама сыбайлас жемқорлыққа жол ашатынына айқын көрініп тұрды. Сондықтан дабыл қаққандардың бірі мен едім. Барлық мемлекеттік мекемелер «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңы арқылы жұмыс істейді. Ал «Артспортқа» келгенде бұл заң ысырылған, яғни қызметті жеткізушіге қатысты бейберекеттікке жол берілді. Оның үстіне ЖСН-да қанша сан бар, сол сияқты 1-ден 12-ге дейін сандарды енгізсең, тиісті жүйе мұны ЖСН деп қабылдап, қаржыны бірден жібере салады екен. Ал бұған қыруар қаржы, нақты айтқанда, 7,5 миллиард теңге бөлінген еді. 3 миллиард теңгеге елорданың сол жағалауында бір мектеп салуға болады. Сонда «Артспортқа» бөлінген қаржыға 8 мың баланы мектеппен қамтуға болар еді. «Артспорттың» идеясы жақсы еді, бірақ орындалуы дұрыс болмады. Сондықтан орындалуын қарап, бұған қарсы болдық, – дейді бұрынғы депутат.
Ләззат Разбекова-Төлеуханова бірнеше жылдан бері елорданың Технологиялық колледжін басқарады. Бұл – қаладағы жұмысшы мамандарды даярлап шығаратын оқу орындарының бірі. Сондықтан одан бүгінде түсіп кеткен еңбек адамдарының мәртебесі туралы сұрадық.
– «Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету». Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сөзі көп түйткілдің түйінін тарқатты. Өйткені шын мәнінде еңбек адамының мәртебесі, абыройы көтерілмей, еліміздің экономикасы алға жылжымайды. Жалпы ел экономикасын дамытатын драйвер – қарапайым жұмысшылар, адал еңбек етіп жүрген жандар. Рас, жұмысшы мамандарды даярлайтын сала қазір үлкен трансформациядан өтіп жатыр. Біз осыны пайдаланып, жас буынды жақсы іске баулуға тиіспіз. Қазір наубайшы, тігінші, шаштараз мамандықтарына еңбек нарығында сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Мәселен, біздің колледжде наубайшы мамандығын игергенді қымбат мейрамханалар бірден алып кетеді. Оның жалақысы 350 мың теңгеден жоғары, – дейді Ләззат Мұратқызы.
Ләззат Разбекова-Төлеуханованың негізгі мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазір мектептерде орыс әдебиетін алып тастап, әлем әдебиетін оқыту керек деген пікір айтылып қалып жатады. Сондықтан маман ретінде осыған қатысты көзқарасын сұрадық.
– Бұл пікірді, негізінен, қолдаймын. Себебі әлем әдебиеті орыс әдебиетіне қарағанда ауқымды ғой. Бұл – Шекспир, басқа да әлем классиктері. Сондықтан әлем әдебиеті ой-өрісімізді кеңейтеді. Бірақ бағдарламасын жасағанда мұқият болу қажет, бейнелеп айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет қана кесу керек, – дейді бұрынғы депутат.
Астана тұрғындарының қарқынды артуына байланысты жаңа міндеттер қойылып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл істе қалалық мәслихаттың да үлесі зор.
– Елорда саяси тұрғыдан, экономикалық жағынан да өрлеп, Орта Азиядағы дамып жатқан астананың бірі де, бірегейі деп айтсақ, артық емес. Биыл қалалық Білім басқармасының бастамасымен қалада көп мектеп ашылады. Мұндай бұрын-соңды болмады. Біз мәслихат депутаты кезімізде бір жылда 12-15 мектеп ашылса, биыл қала әкімінің қолдауымен 35 мектеп ашылайын деп отыр. Бұл жағдай мені қуантады. Бүгінгі мәслихаттың құзыреті күннен-күнге артып барады. Қазір мәслихат депутаттары әкімдерді тағайындайды, ал депутаттарды халық сайлайды. Егер депутаттың жұмысы ұнамай жатса, халық тарапынан мандатты кері қайтарып алатындай мүмкіндік те бар. Мерейтойлық жылда менің тілегім – мәслихат депутаттары халықтың талабына сай болсын! Бұл – өте маңызды. Мандатқа ие болу бір басқа да, бірақ соған сай халыққа қызмет жасау, мандатты ұстап қалып, халықтың алғысын алу – мүлдем басқа мәселе. «Халық құдайдың бір аты» дейді, одан асқан абырой жоқ. Жалпы көпшілікке жақсылық істесең, ол өзіне қайтады екен. Мұны ұмытуың мүмкін, бірақ бұл өзіне, ұрпағына оралады. «Ұрпағымен жарылқасын» деген осы екен ғой.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ