Жаңалықтар

ХАЛЫҚТЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚАЖЕТ

фотооооо

Адам өмірінің қауіпсіздігін сөз еткенде, тәртіп бұзушылықтың ірі-ұсағы, не ауыр-жеңілі болмайды. Қоғамдық орындарда темекi шегу, араққа тойып мас болу, аялдамаларда шекілдеуік шағып, оның қабығымен айналасын ластау, қоқысты тиісті емес жерлерге лақтыру, тіпті, даңғырлатып музыка қойып, түн тыныштығын бұзу да тәртіп бұзушылық болып табылады. Қолданыстағы заңдылықтар бойын­ша мұндай жайттар орын алғанда ескерту жасалып, айыппұл салу сияқты әкімшілік жазалар қарастырылған. Десе де, мұндай келеңсіз жайттар күн­делікті өмірімізде жиі кездеседі, бірақ, көбіне жазасыз қалып отырады. Оның басты себебі – қарапайым адам­дардың заң шеңберінен шығатын өрескел қылықтарға көз жұмып қарап, бұзақылыққа өздерінің жол беруінде жатыр. Оқиға орын алған жағдайда дереу «102» нөмірін теріп, тиісті органдарға баяндауға әрқайсымыздың қақымыз бар. Қасындағыларға кесірі тиіп отырған көргенсіздігіне ешкімнің кедергі болмайтынына сезінген адам өзгенің құқығын аяқасты етіп, тым еркінсіп кетеді. Оның арты орны толмас өкінішке қалдырары анық. Мұндайда тентекті тыйып, бұза­қыны жөнге салатын халықтың өзі, яғни, әрбір азаматтың белсенділігі. Тәртіп бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік – халықтың қауіпсіз өмірі мен қалыпты тірлігі қамтамасыз етудің нақты кепілі болып табылады.
Сол себепті де халық санасында «тәртіп бұзушылыққа нөлдік төзімділікті» қалып­тастыруда барлық мүмкіндіктерді қарас­тыруымыз керек. Оның негізгі қағидаттарын ендіріп, бұқараның қоғам игіліктеріне жанашырлығын оята білу қажет. Жан-жағында болып жатқан оқи­ға­ларға немқұрайлы қарамайтын жандар көбейген сайын адамдардың өздерінің өмірін қиындататын жағымсыз жайт­тардың жолына тұсау қойылатыны белгілі.
Әрине, қала тұрғындары мен тәртіп қорғау органдарының өкілдері арасында қолдау мен сенім орнамайынша, бұл шаралардың тиімсіз болатыны белгілі. Бұл ретте учаскелік инспекторлардың халықпен жұмысының орны ерекше. Мұндай сенімді қатынас еліміздің заң­ды­лықтардың сақталуына деген нық сенімі мен барша қазақстандықтардың жалпы мәдениетін қалыптастырудағы алғашқы белесті бағындыру болар еді. Бұл қоғамдағы аса ірі қылмыс пен коррупцияға жол бермейтін сенімді қалқанды қалыптастырады.

Ерлан САРСЕНОВ,
Астана қаласы прокуратурасының
1-ші басқарма прокуроры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button