Қала тіршілігіСұхбат

Халықтың үніне құлақ асу – міндетіміз

29 қазанда Нұр-Сұлтан  қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов
Elorda YouTube арнасына сұхбат беріп, ауданның басты мәселелеріне қатысты тұрғындар сауалына жауап берді. Әңгіме барысында қоғамды алаңдатқан кіші Талдыкөлдің келешегі, аудандағы ұрлық мәселесі мен дұрыс тәлім-тәрбиенің жоқтығынан орын алған келеңсіздіктер жайлы сөз болды. Сонымен қатар ауданның инфрақұрылымдық жағдайы, яғни көпір құрылысы мен жол салу, ескі үйлерді сүріп, жаңа үйлер маңын абаттандыруға қатысты жоспарлар айтылды.

[smartslider3 slider=555]

– Тұрғындармен қаншалықты жиі кездесесіз?

– Аудан әкімінің жұмысы – халықтың үнін тыңдай білу. Сондықтан да ауданымызда кездесулер бірнеше форматта өтіп жатады. Біріншіден, жыл сайын халық алдында есеп береміз. Екіншіден, онлайн кездесу өткіземіз. Үшіншіден, күнделікті секторларды аралап жүргенде халықпен кездесіп, сұхбаттасып отырамыз. Сосын әр бейсенбі сайын менің жеке қабылдауым бар, соған Есіл ауданының тұрғыны жазыла алады. Біз тұрғындармен онлайн немесе офлайн режимде сөйлесіп, өтініштерін тыңдаймыз.

– Көбіне қандай шағымдарды айтады?

– Ауданда 320 мың тұрғын бар. Соңғы бір жыл ішінде 50-60 мың адам қосылды. Тұрғындардың сұрақтары көбінде коммуналдық, әлеуметтік мәселелерді айтады. Инфрақұрылымдық мәселелер мен абаттандыру істері де жиі айтылады. Оның барлығын күнделікті жоспарға сәйкес дер кезінде шешуге тырысамыз.

– Сізбен сұхбат болады дегенді естіп, Қанат деген азамат бізге хат жазып «Мешіттен шығып келе жатып, қараңғыда құлап қалдым. Қаланың орталығы жарқырап тұр. Шұбар ықшам ауданы да қаланың қақ ортасында орналасқан ғой. Неге автобус тоқтайтын аялдамалар жоқ? Неге жарық жоқ? Көшелері неге тар?» деп сұрапты. Бұған не айтасыз?

– Жарықтандыру туралы айтар болсақ, біздің аудан бойынша 23 мың жарық нүктелері бар. Оның 90 пайызы LED шамдармен жабдықталған. Шұбар шағын ауданында 44 көше бар. Ол енді ескі қаладан қалған аудан ғой, сондықтан да биыл ғана ол жерде Оңдасынов көшесі, Космонавтар көшесі, Арай көшесінің шамдары ауыстырылған.

[smartslider3 slider=558]

– Сұхбатымыздың басында халық саны уақыт өткен сайын көбейіп жатыр деп айтып кеттіңіз. «Халық айтса қалып айтпайды» деген сөз бар ғой, халық арасында «Есіл ауданы екіге бөлініп, жартысы Нұра ауданы болады» деген сыбыс тарады. Соған Есіл ауданының тұрғыны Айбек есімді азамат өзінің алаңдаушылығын білдіріпті. «Біздің әкіміміз Нұра ауданына кетіп қалмай ма?» депті. Оған не айтар едіңіз?

– Қазір ондай жоспар жоқ. Жалпы, жаңа аудан құру үшін, ауданды екіге бөлу үшін өзіндік талаптары болады. Ол талаптар халықтың санына және басқа да критерийлерге байланысты. Нұр-Сұлтан қаласының ең үлкен аумағы біздің аудан, яғни 39 мың гектарды құрайды. Сондықтан да бізге оны бақылау қиындау, осы мақсатта бейнебақылау камералары орнатылған. Мәселен, 1200 сергек камерасы мен алаңдарға орнатқан тағы 500 бейнебақылау жүйесі бар.Осылай жүйелі түрде жұмыс жасап жатырмыз.

– Жұрт арасында Кіші Талдыкөл мәселесіне байланысты күңкіл аз емес. Қазір ел аузында «даудың бір шеті екі ірі құрылыс компанияларының мүддесімен сабақтасып жатыр. Әлеуметтік желідегі танымал блогерлердің жазбалары да тапсырыспен жазылған» деген сөз желдей есіп жүр. Мұның соңы әлеуметтік қайшылықтарға әкелмей ме?

– Бұл мәселе – жіті назарымызда. Бір кездері «Ханшатыр» ойын-сауық орталығының айналасында шағын көл болған. Уақыт өтеді, елорда дамып жатыр. Әрине, кіші Талдыкөл көліне қатысты мәселе бар екені рас. Осыған орай, тұрғындарға айтарым, елорданың бас жоспарына сәйкес, Талдыкөлдің бастапқы бөлігі қалады. Қазіргі аумағы түгелдей қалады деп айта алмаймын. Егер бұлай қала берсе, ол бәрібір табиғи жолмен құрғап кетеді. Сондықтан бастапқы бөлігін қалдырған кезде біз жасанды су құю жағын қарастырып қоюымыз қажет. 

– Келесі сұрақ Тәуелсіздік және Ұлы дала көшелерін жалғайтын көпір құрылысы жайында. Жақында Мұрат есімді аудан тұрғыны біздің редакцияға хат жазып, «таңертең «Новосити» тұрғын үйінен Бейбітшілік және келісім сарайындағы жұмысыма келу үшін 40-50 минут ерте тұруыма тура келеді. Мемлекет менің ұйқымды ұрлады» деп шағымданыпты. Ендеше, көпір құрылысы қашан  бітеді?

– Мұратқа айтарым, сәл шыдаса осы жылдың аяғынан бастап, ұйқысы ұзарады. Өйткені ол көпірді осы жылдың соңына қарай ашамыз. Сондықтан да көпірдің ашылуы жол уақытын қысқартатын болады.

[smartslider3 slider=556]

– Ханшатырдың маңындағы ескі үйлер сүріле ме?

– Ол жердегі нысандардың көбі ертеден келе жатқан үйлер ғой. Қазір онда инвесторлар тартып жатырмыз. Соған сәйкес, 1-2 жылдың ішінде ол үйлерді инвесторлар сатып алып, үлкен құрылыстар салады. 

– Қайрат деген азамат «аудандағы аялдамаларда, сонымен қатар жол бойындағы орындықтар мен автобустарда Wi-Fi белгісі және телефон қуаттайтын «розеткалар» қойылғалы бірнеше жыл болды. Бірақ сол интернетті қолданған, телефон қуаттаған ешкім жоқ. Неге жұмыс істемейді?» деген сұрақ қойыпты.

– Wi-Fi-мен жабдықталған 101 орындық бар. Бұл астанамыздың 20 жылдығы қарсаңында басқа облыстардың сыйлығы болатын. Сұрағыңызға келер болсам, бұл енді күрделі мәселе, бұл жердегі мәселе тұрғындарымыздың құқықтық-мәдени тәрбиесіне байланысты болып отыр. Яғни, көбінесе «вандализм» бар. Істеп тұрған шаруаны олар жұлып тас­тағасын бұл құрылғылар істемей тұр. Дегенмен қазір Wi-Fi желісін тұрғындар сұрап жатқан жоқ. Бірақ жақында №1 автотұрақтағы автобустарда Wi-Fi енгізілді. 

– Бөкейхан 18 тұрғын үйінің тұрғындары көптеген сауал жолдапты, түсірілім тобы барғанбыз. Жол нашар, аялдама жоқ, балалар ойнайтын алаң жоқ, айнала толған қоқыс депті. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

– Ол жердегі проблема маған белгілі. Кеше ғана аудан тұрғыны Бекзат ханым жеке қабылдауымда болды. Бұл мәселе негізі мердігер компаниялардың салғырт жұмысына байланысты туындап отыр. Ол жерге абаттандыру жұмыстары керек екені рас. Соған сәйкес, жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз. 2022 жылы сол жерге абаттандыру жұмыстары жасалады. Ол жердегі сұрақтардың ең бастысы, Бөкейхан көшесінің жалғасы, яғни, Керей-Жәнібек және Ұлы дала көшелерінің арасындағы жол құрылысы. Мұны Жол басқармасы ендігі жылға жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол жерде шиномонтаж тағы да бірнеше нысандар бар екенін білемін, жол салынғаннан кейін оның барлығы сүріледі. Тұрғындарға айтарым, ендігі жылы жол салуды және ауланы абаттандыруды жоспарлап қойдық.

[smartslider3 slider=982]

– Ботаникалық саябақта Fitness орталығы салынады дегенді естігенде тұрғындар тарапынан біраз наразылық орын алған еді. Бұл мәселеге де тоқтала кетсеңіз.

– Ботаникалық бақтың аумағы – 92 гектар. Ол екіге бөлінеді. Ортанғысы ғылыми оқу концепциясына арналған. Ал қалған сыртқы бөлігі спорттық сауықтыру концепциясына жатады. Сондықтан бұл фитнес орталығы спорттық сауықтыру концепциясына қайшы келмейді. Сондықтан да біздің ойымызша, ол салынғаны дұрыс. Неге десеңіз, Fitness орталығы бұл жерге керек. Себебі қысы-жазы спортпен айналысатын адамдарға жылу береді, бұл жерде отырып, ыстық шәй ішсе де, бұл нысан қажет деп ойлаймын. Негізі мұның барлығын тұрғындарға ескертіп айттық. Көбі бізді қолдады. Жоспар бойынша бұл жерде 4 нысан болуы керек еді. Яғни, бір Fitness орталығы және үш мейрамхана. Ал мейрамханалар жоспардан алынды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Назерке ЕРКІНҚЫЗЫ


 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button