ХАЛЫҚТЫҚ БАҒДАРЛАМА БАРЫСЫ
Астана қаласында Халықтық IPO бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру науқаны басталды. Соның аясында халықпен жұмыс істейтін дәріскерлерді оқыту ұйымдастырылып, ол бойынша 43 адам білімін жетілдірді.
Президент «Нұр Отан» ХДП-ның 13-ші съезінде халықтық IPO бастамасын көтерген еді. IPO (Initial Public Offering) – айтулы компанияның акцияларын қор биржасы арқылы шектелмеген адамдар санына сату, сол арқылы компанияның әлеуетін көтеріп, қосымша табыс табуды көздейді.
Қаржылық сектордың дамуын қамтамасыз етіп, жергілікті халықты ел ішіндегі инвестициялық мәдениетке тартуды мақсат еткен бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылдың 11 мамырына дейін республиканың барлық аймағында 660 дәріскерді оқыту қолға алынған.
Елордада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған тренинг барысында 43 адам бағдарлама бойынша білімін жетілдірді. Екі күн бойы жалғасқан шарада халыққа жобаның барлық аспектілері толықтай түсіндірілді.
Жалпы Халықтық IPO бағдарламасына «Самұрық-Қазына» қорынан 400-ден аса потенциалды кандидаттар қарастырылған екен.
Айта кеткен жөн, 2015 жылға дейін бағалы қағаздар нарығында компаниялардың акцияларын шығару кезең-кезеңімен жүзеге аспақшы. Биылғы жылы ең бірінші болып акцияларды «ҚазТрансОйл» компаниясы шығарады. Келесі жылы «KEGOС», «Air Astana», «ҚазТрансГаз», «Казтеңізкөлікфлот» және «Самұрық-Энерго» компанияларының міндетіне жүктелген. Ал 2014-2015 жылдары «ҚазақстанТемірЖолы», Қазтеміртранс», «Казатомөнеркәсіп», ҚазМұнайГаз» компаниялары бағдарламаның соңғы кезеңін аяқтайтын болады.
Халықпен байланыс жасайтын дәріскерлерді оқыту жиынында, аталмыш компаниялардың нормативтік-құқықтық базасы, тұрғындар арасындағы қаржылық сауаттылық деңгейі, қор нарығының ерекшеліктері, инвестициялаудың стратегиялары, сондай-ақ бағдарламаға қалай қатысу керектігі жөнінде әңгіме өрбіді.
Халықтық IPO бағдарламасы туралы 8 800 080 50 70 «Жедел желі» іске қосылды. Ол бойынша әр өңірлерде дәріс өткізілетін шаралар туралы ақпарат қарастырылған.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ