Таным

«ХАН ТӘРБИЕЛЕУ – ХАНЫМДЫҚТАН ЕҢСЕЛІ» ІС…

Рашид ад Дин

Халқымызда “Алып – анадан, арғымақ – биеден” деген аталы сөз бар. “Үйдің беріктігі – ағашынан, жігіттің мықтылығы – нағашыдан” дегендей, әлемдегі әр ұлт, ұлыс атақты батырлары мен ақылы асқан данышпандарын мақтан тұтқанда оның мықтылығын анасымен, нағашысымен байланыстырады.

Жарты әлемге бір ғасыр билік жүргізген ұлы Моң­ғол империясының негізін салушы Шыңғысханның анасы Өэлүн Олхнуд (тарихшылар олхнудтарды уақ деп жүр) тай­пасының қызы екені сол заманда (1240 жылы) жазылған “Моң­ғол­дың құпия шежіресі” атты кі­тапта көрсетілген.

Ал, Шыңғысханның мұрагер  төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Үгедей, Толы (Тулуй) Қоңырат руының игі жақсысы Дөй шешенінің қызы Бөрте апамыздан туғанын да кө­біміз жақсы білеміз.

Жалпы, Шыңғыстың немере, шөберелерінен азды-көпті уақыт ірілі-ұсақты ұлт-ұлыс билемегені жоқ. Әрі олардың көбісінің аналары бүгінгі қазақ ұлтын құраған тайпалардың қызы екені де мәлім.  Алайда, солардың арасында әлемге аты шыққан үш хан, әскери қол­басшы бар. Олар – Тулуйдың бәй­бішесі керей қызы Соргагтани Бекиден туған Мөңке, Хубылай, Хулагу (Хұлақа) хандар. Тарих­шылардың айтуынша, Соргагтани Бекидің ақылдылығы Өлүн мен Бөртеден әлдеқайда артық болған. Атақты тарихшы Карпини “Бұл ханым татарлар ортасында кереметтей беделді” деп жазса, Рашид-әд-Дин: “Ол – кереметтей ақылды, әлемдегі барлық әйелдерден ерекше дара тұлға” деп бағалаған. Ал, сол кезде Кіші Азиядан шыққан атақты дәрігер Бар Хэбрэс: “Ол – барлық балаларын мемлекет билігін кереметтей ұстауға тәрбиелеген дана ханшайым” деп жазады.

Тулуй өлген соң Соргагтани Бекиді Үгедей хан ата жолымен әмеңгерлікке алмақ болғанда “Төрт бала тәрбиелеу – ханым болудан да мәртебелі, жауапкершілік талап ететін жұмыс” деп, бас тартады. Мұнан соң Үгедей Соргагтаниді ұлы Гүюкке қаратпақ болады. Ол Гүюкке тұрмысқа шығудан да бас тартқан. Мақсаты – үш ұлын патша болуға лайық етіп тәрбиелеу еді. Ол мақсатына жетті де. Үлкен ұлы Мөңке атасы Шыңғысханның мұрагері болып, ата жұртында хан тағына отырды. Хубылай бүкіл Қытайды бағындырып, Юань мемлекетін құрды. Хулагу Иран, Ирак, Сирияға билік жүргізіп, Мысырға шабуыл жасау кезінде Бейбарыс сұлтаннан ғана жеңілгені тарихқа аян.

Ал, Үгедейдің екінші әйелі, Гүюк ханның шешесі – меркіт қызы Туракина да мықты адам болған.  Ол Үгедей өлген соң (1240 жылы) оның балаларының өте жас болуын
пайдаланып, Шыңғысханның кіші ұлы Тулуйдың (Толы) балалары хан тағына таласады. Қалайда заңды мұрагерлікті өзгеге бермеу үшін Туракина хатын мемлекет ісіне ықпалды нояндардың басын қосып құрылтай өткізеді. Туракина хатынның беделінен ыққан нояндар хан тағын Тулуйдың балаларына беруге батпай, ханымның өзіне (Туракинаны) мемлекет ісін уақытша басқарту жөнінде шешім қабылдайды. Бұл туралы Рашид-әд-Дин «Үлкен ұлдардың анасы Туракина хатын қулық жасап, ханның ағайын-туыстарымен ақылдаспай, өзі біліп, мемлекет билігін иеленіп алды. Ол түрлі сый-сияпат беру арқылы ханның туыстары мен ноян­дардың көңілін тапқандықтан, барлығы солай жапырылып, билігіне көнді» деп жазады. Бірақ, Шың­ғысханның басқа балаларынан та­раған ұрпақтарынан оған қарсы болғандар аз болмаған.

Бұйра көлді мекендеген Шың­ғысханның кенже інісі Отчигин қол жинап, тақты күшпен тартып алуға дейін әрекеттенеді.

Бірақ, Туракина асқан мықты­лығының арқасында кішкентай ұлы Гүюктің атымен бес жыл бойы тақты ешкімге бермей, ұлы Моңғол империясына жеке-дара билік жүргізді.

Баласы Гүюк тек бес жылдан соң ғана ат жалын тартып мініп, таққа отырды. Гүюкті таққа отырғызу құрылтайын тыңғылықты әрі бұлтарыссыз заңды жүргізуге бар күшін салған Туракина хатын шығыстан Отчигин ноянды, батыстан Шағатайдың ұрпақтары Қаракүлік, Есенмөңке, Байдар, Есентемірді, Еуропада соғыста жүрген Жошының ұлы Батуды шақыртады. Сондай-ақ, құрылтайға орыстың Суздаль губерниясының губернаторы Ярослав, Қытайдан, Кореядан, Бағдаттан, Исемайльден, Франциядан өкілдер қатысқан. Тіпті, Рим папасы католик дінінің  елшісі ретінде Плано Карпины бастаған елшісін жіберген. Бұдан Туракинаның мемлекет басқару ісіне жетіктігін, саясатқа жүйріктігін аңғару қиын емес.

Мұның барлығы – дала сұлула­рының парасаттылығының айқын айғағы. Әйтсе де, біз қазақ ана­ла­рының парасаттылығы жайында сөз болғанда Томиристі, Домалақ енені, Ұлпанды үлгі тұтсақ та, жо­­ғарыдағы ақ желектілерді еске ал­майтынымыз өкінішті.

 

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button