Басты ақпарат

Хан тарихына тереңдеген

Ұлт руханиятының алтын қазынасы – халық әдебиетін­де Бұқар жырау бабамыздың толғау­ларынан нәр алған ­Абылайнама ар­қы­лы қазіргі қазақ жұртына атағы әйгілі, әрі аңыз кейіпкері, әрі он сегізінші ғасырда өмір сүрген осы бір тарихи тұлғаның алдында басын иіп, қолын кеудесіне қойып тағзым ететіндер көп.

[smartslider3 slider=1681]

Жасы бар, жасамысы бар, ақыны бар, жазушысы бар, әрқайсысы сонау Шоқан бастаған абылайтану тақырыбына үн қосқандар аз емес. Арасында, әрине, білікті тарихшылар болатыны сөзсіз. Абылай ханның көсемдігі мен мәмілегерлігі туралы жазылғандар баршылық. Интернеттің айдарынан жел есіп тұрған мына заманда, ашып қалсаң, әрине, Абылай есіміне байланысты ерсілі-қарсылы сөздерден көз тұнады. Мәнісі – Абылайдың аты әрбір қазаққа жақындығы, ол туралы жастың да, жасамыстың да білгісі келетіні деуіміз керек. Сөйте тұра, «әттең»! деп бармағыңды шайнайсың. Әркім әр жаққа тартады. Әлдебіреулердің білместігінен орысша-қазақша кетіп жатқан бейбастақ ақпарларға тыйым болмауына намыстанасың.

Осыншама тарихы, шариғатпен астасқан ақыл-парасаты, қажет болса арының адалдығы үшін жанын беруден тайынбайтын намысы, таңдай қақтыратын ғажайып салт-санасы бар мың жасаған халықтың үш ғасыр бойы ардақ тұтқаны – «түйе баққан, сабалақ жүнді күпі киген, тексіз баладан ғажайыптың күшімен хан болған Әбілмансұр» екен. Оқығаны мол, тоқығаны одан да көп, жиырма миллион қазақтың арасынан аңыз сипатты әфсаналардағы ардақты тұлғаны әсірелеу, мифке айналдыру дегендердің болатынын түсінетін бір жан табылмағаны ма? Қадірлі ғалым Шоқан Уәлиханов «Абылай есімі аңызға айналып кеткенін» айтып кетті емес пе?

Күні кеше ғана тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев ­«Абылай – аңызға айналған тұлға. Бірақ біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін сол аңыз­дан ақиқатты ажыратып алуымыз керек және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек…» деп хат танитын қазаққа жөн сілтеді. Сол тапсырманы орындап, ғасырлар бойы әзиз есімі жадымыздан кетпеген Абылай ханның тарихи тұтас бейнесі алдымызға келгендей.

Күні кеше ғана тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев «Абылай – аңыз­ға айналған тұлға. Бірақ біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек…» деп хат танитын қазаққа жөн сілтеді. Сол тапсырманы орындап, ғасырлар бойы әзиз есімі жадымыздан кетпеген Абылай ханның тарихи тұтас бейнесі алдымызға келгендей

Кеше ғана тойланған Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қызылжарлықтар жиылып, «Абылай хан тарихы» атты үш томдық ғылыми басылымның тұсауын кесті. Авторы – ­М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай. Оның 2005 жылы шыққан «Абылай хан», 2011 жылы «Мәдени мұра» сериясымен шыққан «Қазақтың ханы – Абылай» деген екі томдық іргелі еңбектері, «Абылай атын ардақтап» деген оқу құралында абылайтанудың маңызды мәселелерін қозғап, танымдық құны қымбат деректер ұсынғаны мәлім. Бұл ғалым ғылыми журналдар мен мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында, тарихшылардың басқосуларында аңыз-әңгімелердің жөні бір басқа, ал жазба деректерді неғұрлым мол жинау, одан гөрі қымбат екендігін айтып келеді.

«Абылай хан тарихы» зерттеушінің әуелден ұстанған бағытын қажымай-талмай дамытып келе жатқандығын көрсетіпті. Әрқайсысы алты жүз бетке таяу үштомдыққа бірнеше монография мен бір мыңнан аса архив құжаттары іріктеліп, қазақшаға аударылып, түсініктері берілген. Тұтас күйінде ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығының тарихы болып түзілген.

Кітапты қолыма бір алғаннан кейін орнына қоя алмадым. Көркем романға белгісіз, шым-шытырық оқиғалар туралы мәйекті тілмен жазылған шығарма. Аудармашының білгірлігі, орысша жазылғанды қазақшаға қанықты тілмен сөйлеткені айызыңды қандырады. Оқыған сайын Абылай хан бейнесі зорая береді. Көшпелі қазақ тұрмысы, халықтың қазақ-орыстан, қытайдан, жоңғар қалмақтарынан көрген қорлығы кино тас­пасындай көлдеңдеп өте береді. Қоспасыз, әсіресі жоқ, тұнып тұрған шындық екен.

Басылымның сырт сипаты туралы Зарқын Сыздықұлы былай деді: «Абылай хан туралы зерттеулеріміз ерте басталған. Алғашқы нәтижесі 2005 жылы құжаттар мен материалдар жинағы түрінде шықты. Онда кеңес заманында орысша жария­ланған деректерді қазақшалап, өзім тапқан алпыстан аса архив құжатын тұңғыш рет ғылыми айналымға енгіздім. 2011 жылы шыққан екітомдықта екі монография, өзім тап­қан 250 жаңа құжат бар. 2007 және 2009 жылдары Абылай хан тақырыбына екі рет мемлекеттік грант алдым. Мәскеу, Ленинград, Омбы… архивтерінде жұмыс істедім. Мына кітаптағы ерекше бір жаңалық қытайтанушы ғалым Клара Шайсұлтанқызы Хафизова деген қазақ қызы құрас­тырған жинақтағы қытайшадан орысшаланған құжаттарды қазақшалап қосуым – үлкен олжа.

Ғалым Қойшығара Салғараның «100 құжат» деген кітабындағы, ­Нәбижан Мұхаметханұлы мен Бақыт Еженханұлы аударған деректер орыс құжаттарымен қоса өрілгенде, бірқатар оқиғаларды неғұрлым кеңірек қамтып, анық пайымдауға мүмкіндік береді. Абылай тақырыбына бару үшін алдымен дерек қоры мейлінше толық болу керек екендігі түсінікті. Ал түпнұсқасы орыс тіліндегі деректер қазақ оқырманының қолына тимейді, тисе де сөз саптасы мен емлесі өзгеше, сауаты олқы құжаттар қазақ ұғымына жат. Орысша жарияланған құжаттардың қолайлы еместігі осыдан. Замандастарымыз сол құжаттардан бір-екі сөйлемді үзіп алып, өзінің ойлаған қисынына қыс­тырып, дәйектейді. Мен бұған қанағаттана алмадым. Кезінде хатқа түсіп, архивте сақталған құжаттардың бас-аяғын тұтас қарастыру ғана ғылым қажетіне жарайды. Бұдан үш жүз жыл бұрын жазылған деректер сол заманның тыныс-тіршілігін, хатталған ақпардың мән-маңызын, автордың жазып отырғандағы көңіл- күйін, тіпті мінез-құлқын көрсетеді. Архив қарастырғаныма, оның ішінде көне құжаттарды қарағаныма елу жылдан асты. Сондықтан архивте жатқан әрбір құжат мен үшін бір жапырақ қағаз ғана емес. Онымен адамша тілдесу керек, сырын ашу керек, яғни деректің хатқа түскен заманын жақсы білуі керек. Ал зерттеушінің өзіне мол тәжірибе, сергектік, әрине, тиісті дайындық, машық керек. Өзің жетік түсініп, қазақша зерделеп алған соң, алақандағыдай айқын дүниені қандастарыңның өз тілінде ұсыну бақыт емес пе?! Абылай хан туралы «Бұқар жырау айтыпты, Үмбетей жырау былай депті, Тәтіқара ақынның сөзі екен» деген, Шаһкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп жазыпты дегендер жөнінде не дейсіз? Жырау­лар мен ақындарды куәге тартып, әуре болмайық, дұрыс жырламапсың, мына жерің қате деп оларды да қинамайық. Халық әдебиетіндегі сарындар мен қиял-ғажайыптарды сынап-мінеп уақыт алмайық. Осы үштомдықта біраз мағлұмат болуға тиіс. Және ұрпағымыз аман болса, Абылай хан туралы әңгіме осымен бітіп қалмас. Әлі де іздейтін, қарайтын шаруалар болады. Осындағы бір мыңнан аса құжаттың сыртында өзімде қалғандары да баршылық. Шетсіз-шексіз көрінбесін деп тізгін тартқаным рас. Төртінші том жасауым қиын емес, денсаулық болсын, халқыма керек болса, қоймада сақтай бермеспін…».

Сонымен, құрметті халайық! Қызылжарда «Абылай хан тарихы» жарық көрді деп, қазақ тарихының әзелден ояңдау тұсы түгенделді-ау деп сүйінші сұрадым. Оқырман ретінде, ел тарихына қызығатын пенденің бірі ретінде қуан­дым. Бітімі де, жазылуы да өзгеше, тұлғасы кесек осынау туынды Абылай хан есімін танытуға лайық-ақ деген ой түйдім.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button