Руханият

Хандық тұрған қалалар

Астана – қашанда тәуелсіз елдің айбары мен айбынын көрсететін бірден-бір символ. Біздің ойымызға Астана десе, бірден бабаларымыз іргесін қалап, бүгінде орны ғана қалған Сауран, Сарайшық, Сығанақ, Отырар елестейтіні анық. Ай астындағы ақордамыз да, күн астындағы көк ордамыз да жердің жәннатын, шөптің шүйгінін, судың тұнығын бойлап жайлаған елміз.

Тарихшылар жалпы біздің ата-бабамыз қоныстанған қалалардың салынуын Түрік дәуіріне дейінгі қалалар, Түрік дәуіріндегі ортағасырлық қалалар, ІХ-ХІІІ ғасырдың басындағы қалалар, ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен Қазақ хандығы дәуіріндегі қалалар деген сияқты бірнеше кезеңге бөліп қарастырады. Бұдан біз ұлтымыздың қала мәдениетін қалыптастыруға бүгін ғана емес, ежелден-ақ аса назар аударғанын аңғарамыз. Өйткені Суяб, Тарбанд, Отырар  деген сияқты ежелгі қалалар біздің бабаларымызға пана болды. Әрі бұл қалалар біздің ұлтымыздың тікелей тағдырына әсер етіп, әр кезеңдегі астаналарымыз болғаны анық. Ал енді Алтын Орда дәуіріне келгенде Сарай Бату, Сарай Берке деген қалалардың гүлденіп, көркеюі біздің атымызды одан арман асқақтатқаны да шындық. Осы қалалардың ішіндегі тарихи маңызы зор, біздің ортағасырлық тарихымыздағы мәдениетіміздің қалыптасуына ерекше әсер еткен қалалардың бірі ретінде Сарайшық қаласын атап өтуіміз керек. Онда біздің Тоқты хан мен Жәнібек хандарымыздың сүйегі жатыр. Тіпті Жәнібектің таққа отырып, билік жүргізген кезеңі де Сарайшық қаласымен тікелей байланысты. Өйткені Сарайшық сол кезеңде Алтын Орданың ғана емес, сол тұстағы бүкіл мұсылман дүниесінің ең ірі мәдени, ғылыми, діни орталығына айналған қала болды. Қаланың негізін Бату қаласа, кейін кеңейтіп салған Жошы ұлысы, ал көркейткен Жәнібек хан болды. Сарайшықтан кейін дүниеге Қазақ мемлекетінің келуімен қатар, Сауран мен Сығанақ қалалары бой көтерді. Әрине, бұл қалалардың іргетасының қалануы да сонау Х-XI ғасырларда жатқаны ақиқат. Алайда Сауран да, Сығанақ та сол дәуірде Сыр бойындағы экономикалық маңызы бар қалалардың қатарынан еді. Сауран ХІV ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орданың астанасы болса, Сығанақ ең алғаш Қыпшақ хандығының, одан кейін Әбілқайыр хандығының астанасы болды. Осы кезде қала әкімшілік, саяси, сауда және мәдени орталыққа айналып, кемеліне жетті. Алайда дәуірлердің алмасып, жаңа қағанаттардың құрылып, саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл қалалардың да орнын басқа қалалар алмастырып отырды. Атап айтар болсақ, қазақ халқының астанасы ХVІ ғасырдың аяғынан бастап, Түркістан қаласына ауысып, Сауран мен Сығанақ қалалары өзінің рөлі мен маңызын жоя бастады. Тиісінше Түркістан ірі саяси, экономикалық әрі мәдени орталыққа айналды. Бұл қала бүгінгі күнге дейін өзінің мән-маңызын жойған жоқ.

Әрі бұл қалалар біздің тарихи мәдениетіміз бен сан ғасырлар бойы қалыптастырған өркение­тіміздің айғағы екені ақиқат. Өйткені қала болған жерде оның су құбырларымен қатар қалаға тән инфрақұрылымдары болуы керек. Ал тарихи деректерге, қазба жұмыстарының нәтижесіне сәйкес біздің ата-бабаларымыз тұрған қалалардың бәрінде керекті жағдай толық қамтамасыз етілген. Мысалы, ашық тарихи деректер көзінде X-XIII ғасырларда қалалар санының өсіп, олардың құрылысының, аумағының ұлғайғаны айтылады. Міне осы уақытта үлкен қалалардың маңайында жаңа аудандар қалыптасқан. Археологтар бұл кездегі қала орындарын көлеміне қарай үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші топқа көлемі 30 гектардан асатын қала орындары жатады. Олардың қатарында Сайрам, Отырартөбе, Шортөбе, Құйрықтөбе, Сауран, Жанкент, Құмкент және тағы басқалар бар. Екінші топқа көлемі 10 гектардан 30 гектарға, ал үшінші топқа 10 гектарға дейінгі қала орындары жататынын айтады.

Ал енді осы тарихқа қарап отырып, біздің ата-бабаларымыз тек қана көшіп-қонып жүрген деп қалай айта аламыз?

Бұл қалалардың қазіргі таңда орындары бар. Онда көмілген бабаларымздың қорымдары бар. Сондықтан да біздің көшпелі мәдениетіміз бен қалалық өркениетіміздің қалыптасу кезеңінің тым арыда екенін әлі де зерттеп, зерделейтін уақыт алда. Ал енді біздің кеңестік кезеңдегі астаналарымыздың орны ол өзінше бір тарих. Атап айтар болсақ, 1920 жылы біз Орынборды, одан кейін 1925 жылы Ақмешітті Астана етіп, атын «Қызылорда» деп атадық. Небәрі екі жылдан кейін қайтадан астанамызды Қызылордадан, Алатаудың етегіндегі Алматыға ауыстырдық. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан бой көтерген орталық қала – қазіргі Астана. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы астанамыз бәрімізге де ыстық. Астана – қазақ даласының жүрегі. Бұл тарихи шешім Тұңғыш Президенттің бастамасымен, Қазақстанның Жоғарғы кеңесінің қолдауымен 1994 жылы 6 шілде күні қабылданған болатын. Сөйтіп, Алматыдан Арқаға көшкен жұртымыздың Астанасы өзінің ресми статусына 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап ие болды. Содан бері Астанамыз алты Алаштың атын әлемге танытып, біздің ұлттық болмысымыздың қорғанына айналып келеді.

Ал енді осынау сайын сахарамыздың төсінде алтын жүзіктей жарқыраған Астанамыз 1456 жылдан бері қарай есептесек, Ордабазар, Тараз, Арқұқ, Барысқан, Сығанақ, Ақсүмбе, Хандақор, Тарса, Түркістан, Орынбор, Қызылорда, Алматыдан кейінгі он үшінші елордамыз екен.

Әрине, бабаларымыз атына жайдақ мініп, күртешесін байрақ қылып жүріп жеткен бұл азаттығымыздың айғағы болған қазіргі астанамыз ұшы-қиыры жоқ далада өздігінен тұра қалған жоқ. Бас қаланың тарихының да бірнеше даму кезеңі болды. Оның бірінші кезеңі – ортағасырлық Бозоқ қаласының тарихымен байланысты. Екінші кезең – 1830 жылы Ақмола бекінісі іргетасының қалануы. Үшінші кезең – Кеңес дәуірі. Соғыстан кейінгі тың игеру жылдарында қала Целиноград атауымен белгілі болды, тың өлкесінің орталығына айналды. Төртінші кезең – тәуелсіздік кезеңі. Қазақстан Республикасының жаңа астанасының құрылуы. Дәл осы жылдары еліміз егемендігін алумен қатар, астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысты. Бұл бүгінгі Қазақстанның дамуына орасан зор ықпалын тигізді. 1997 жылы желтоқсанның 10-ы күні Ақмолаға көшкен Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Сондықтан бірнеше жыл қатарынан10 маусым Астана күні ретінде тойланып келді. Ал 2008 жылдан бері бұл мереке 6 шілдеге ауыстырылды. Бір сөзбен айтқанда, Астана – қазақ халқының береке-бірлігінің ұйысқан ортасы. Біздің ұлттық идеологиямыздың ошағы. Өз Отаныңның ордасы қонған осындай қаланың болғаны қазақтың мерейін күннен-күнге аспандатпаса, аласартпайтыны анық.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button