Жаңалықтар

Хартия қабылданды

Елімізде сайлаудың әділ және адал өтуін бақылау туралы арнайы хартия қабылданды.

«Бұл хартияда Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінің, Копенгаген кеңесінің құжатында көрініс тапқан ЕҚЫҰ принциптерінің, демократиялық сайлау стандарттары туралы конвенцияның, еліміздің Конституциясы мен ұлттық заңнаманы негізге ала отырып, сайлаудың маңызы мен рөлі көрсетілген. Біз сайлау процесіне қатысушы, яғни бақылау­шы ретінде азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етпекпіз» деді қоғам қайраткері, аталған хартия идеясының авторы Айгүл Соловьева кеше елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған хартия сайлау процесінің әділ өтуіне бақылау жүргізумен қатар, ішкі және халықаралық бақылаушылармен өзара ынтымақтасу мақсатын көздейді. «Осы хартия негізінде демократиялық, шынайы, еркін және әділ сайлау арқылы халықтың күші мен ерік-жігерін білдіру үшін сайлау процесін бақылауды ұйым­дастырамыз.
Сонымен қатар, бұл құжатта сайлау туралы заңнаманы талдау, сайлау алдындағы науқанға мониторинг жүргізу және сайлау кезінде орын алуы мүмкін заң бұзушылықтарды қадағалау және зерттеу мәселесі қарастырылған» деді А.Соловьева.
Хартия идеясы авторының пікірінше, сайлауға бақылау жүргізу кезінде ҚР Конституциясы, Сайлау туралы заң және сайлауда бақылауды жүзеге асыруға қатысты халықаралық актілер басшылыққа алынатын болады. Бұл іс-шараны елордадағы сайлауды бейпартиялық байқау орталығы ұйымдастырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button