Мәдениет

Хас шеберлер шеруі

Елордада «Жастар» сарайында еліміздің ең үздік қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған «Хас шеберлер» фестивалі тұңғыш рет ұйымдастырылды. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Он саусағынан өнер тамған хас шеберлердің қолынан шыққан жасыл ту еліміздің ең мықтылары ғана енетін КИнЭС рекордтар кітабына жазылды.

          Ел тарихында бұрын-соңды болмаған, жүздеген ең үздік қолөнер шеберлерінің қолымен тігілген жасыл түсті тудың атауы – «Бірлік, Береке, Мейірімділік» деп аталады. Ол –табиғатқа, болашаққа талпынуды білдіреді.

– Бұл фестиваль – қолөнер шеберлерінің көптен күткен еңбегінің нәтижесі, күні-түні жасаған жұмысының жемісі. Себебі, біраздан бері осы іс-шараны өткізуге мұқият дайындалдық, осы ауқымды фестиваль биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Жалпы бұған дейін 2019 жылы Астанадағы Байқоңыр ауданының әкімдігімен қолөнершілер іс-шарасы алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Мақсаты – креативті индустрияны дамыту, отандық өнімді қолдау, болашаққа қолөнер бұйымдарын, шеберлік сабақтарын насихаттау. Өздеріңізге белгілі, қазір креативті экономика еліміздің нарығында перспективалы бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Маңызды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық нағыз өз ісінің шеберлері келді. Фестивальға үлкендер жағы ғана емес, қолынан іс келетін жастар, жасөспірімдер де қатысуда. Ұлттық киім киініп, әшекейлер таққан шеберлер өз өнімдерін сату арқылы қаржылық сауатын арттырып, қомақты табысқа ие бола алады. Табан ақы, маңдай терімен еңбекпен жасалған дүниелерін  сату арқылы келешегіне сеніммен қарауына мүмкіндік беру. Қауымдастық осы демалыстағы мереке күндері көрме-жәрмеңке өткізу арқылы қолөнер шеберлерінің өздері жасаған дүниелерін насихаттап, отандық өнімді қолдайды, сондай-ақ шеберлердің қолынан шыққан жасыл түсті туды Қазақстанның рекордтар кітабы КИнЭС-ке енгізілді. Бізді қолдап, елорданың қақ ортасынан ғимарат, орын берген Астана қаласының әкімдігіне, қала әкімінің орынбасары Есет Байкенге, тағы басқа қолдаған адамдарға алғысымыз шексіз,-дейді Қазақстанның «Хас шеберлер» отандық өнімдерді дамыту қауымдастығының төрағасы, фестивальді ұйымдастырушылардың бірі – Зиуар Жұманова.

Еңбек адамының ерекше туындыларын ұсынған фестиваль, көрме-жәрмеңке үш күн бойы «Жастар» сарайында таңғы оннан бастап кешке дейін жалғасты. Алдағы екі күн бойы қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылған көрме-жәрмеңкеде қолөнер шеберлері жұдырықтай жұмылып, табиғатты құрметтеп, салт-дәстүрімізді, ұлттық бұйымдарды қадірлеу арқылы халқымыздың ынтымақ-бірлікке, елдікке аңсар пейілін айқын таныта түсті. Әсіресе, ерекше жандардың, ерекше балалардың қолымен жасалған кәдесыйлар, тігілген, тоқылған бұйымдар, салынған суреттер,  жарқыраған туындылар келушілерді толқытты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме-жәрмеңкеден түскен қаражаттың 10%-ы Қарттар Үйіне беріледі. Ісмер мамандар шеберлік сабақтарын өткізіп, ұмыт болған салт-дәстүрлер бойынша ұлттық танымдық, қызықты ойындар ұйымдастырды. Елордадағы шеберлер басқосуында Астана қаласы мектептері оқушыларының қолөнер бұйымдарыда  көрмеге қойылды.

Астанадағы жалпы білім беретін  Халифа ибн Зайд әл Нахаян атындағы № 84 мектеп-лицейінің оқушысы 15 жастағы Сымбат Әділханның (жетекшісі – Нұржамал Мусина) қазақ қызының аппақ қос етек көйлегіне жасаған әшекейлері – күмістен жасалған зергерлік бұйымдары таңдай қаққызды. Орындау техникасы бойынша ол бұйымдар фольгамен жасалған екен.

Еліміздің барлық өңірінен келген шеберлердің Астанадағы тамаша көрмесі, сән-fashion  жанрындағы көркем дүниелер көрген жанды тәнті етті. Әсіресе, Абай, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, тағы басқа өңірлерден келген хас шеберлер қолымен жасаған туындыларын көпшілікке ұсынды.

Халықаралық қолөнер шеберлері байқауының жеңімпазы Бұлбұлқан Серғазы апамыздың тіккен кимешектері сонадайдан көз тартады. Сәнді сәукеле мен киелі кимешек шеберлер байқауында бас жүлдені иемденген шебер аналардың ақ кимешегін дәріптеп, оны асыл тастармен, түрлі моншақ әшекейлермен көркемдеген екен.

Жүннен тоқылған орамал, шәйі матаға кестеленіп басылған жүн, кеудешелерді, сөмкенің оюланған безендірілуі керемет әсер етті. Өнімдерді жүннен тоқыған әулеттің үшінші ұрпағымыз деген Гүлнар шебердің қолынан шыққан дүниелер нағыз бабалардың өзіндей, көненің көзіндей айрықша әсер қалдырғаны рас.

– Мен жасымнан киіз үйдің ішінде, киіздің үстінде өстім. Ақмола облысының  ауылындағы балалығым аттың үстінде, жүн тоқып, киіз басумен өтті. Әкем тігінші болды, туысқандарым шетінен өнерлі, суретші, ісмер болды. Мен хореография мамандығын бітірсем де, қазір осы ата кәсіпті жалғастыруды мақсат еттім дейді ол.

Оның әсіресе, шәйі матаның үстіне жүннен ояу басқан шебердің өнері таңқалдырды, бұл өнімді шетелге отандық бренд ретінде ұсынып, шағын кәсіпорындар ашып, елімізде жаңа жұмыс орындарын ашуға болар еді.

– Сүйектен, теріден, киізден, бағалы тастардан, металдардан жасалатын ата-бабаларымыздың хас өнерін дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру, ұлттық бұйымдардың жасалу жолдарын жастарға мирас етіп қалдыру – басты мақсатымыз. Өзіміздің өнімдерді қолдау арқылы ішкі нарықты, экономикамызды қолдау, Балалардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдары әртүрлі жарқыраған түстерді пайдалану арқылы көркем көрінетінін байқаған боларсыздар, бұл – халқымыздың, болашақ ұрпағымыздың жеріміздің, еліміздің айрықша табиғатын, сан қырлы өнерін, кәсібін өте талантты талабын көрсетеді, -дейді «Хас шеберлер» Қауымдастығының вице-президенті Құралай Әсемқұлова.

Қолдарына көк ту ұстап, Әнұранды шырқап, айналасына шуақ шашып, келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлаған шеберлердің фестивалі шынында да Тәуелсіздік күнін тойлаған елордалықтар мен қала қонақтарына нағыз халықтық мерекені сезіндірді, айрықша атмосфера сыйлады.

Фестивальдің соңғы күнінде 19 желтоқсанда қолөнершілер Қызыл кілеммен жүріп өтіп, хас шеберлер шеруін көрсетті, сөйтіп, еліміздің КИнЭС рекордтар кітабына енді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button