Басты ақпарат

«Хаттама» деп қарекетсіз қалғанды қашан қоямыз?

Немесе денсаулық сақтау саласына іргелі өзгерістер керек

Жақында Премьер-министр Әлихан Смайылов денсаулық сақтау жүйе­сінің тиімділігін арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында Үкімет басшысы қазіргі басты міндеттің бірі тиімді денсаулық сақтау жүйе­сін қалыптастыру екенін алға тартып, ел бойынша ұсыныстар жинақталып жатқанын, бұл ұсыныстар 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарына енгізілетінін жеткізді. Демек, «Жаңа Қазақстан» құру ісінде еліміздің емдеу-­денсаулық сақтау саласында да үлкен өзгерістер болатыны белгілі. Осы орайда біз емдеу-денсау­лық сақтау саласында ұзақ уақыт қызмет істеп, көп тәжірибе жинаған белгілі маман Жеңіс ҚАЛИЯЗЫМҰЛЫН әңгімеге тартып, еліміздің емдеу-денсаулық саласын дамыту жөніндегі ойларымен бөлістік. 

[smartslider3 slider=2634]

– Жеңіс Қалиязымұлы, сіз Қытайда Шыңжаңдағы ең үлкен ауруханада қызмет істедіңіз. Қаншама адамға ота жасап, дертінен сауықтыр­дыңыз. Маман ретінде танылып, күрделі оталар жасадыңыз. Енді, міне, жоғары мәртебе, жоғары жалақыны тастап атажұртқа оралдыңыз. Кәсібіңіз қалай?  

– Рахмет, бауырым. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, әлемдегі әр қазақтың жалғыз отаны бар. Ол – Қазақстан. Бойын­да қазақтың қаны, санасында қазақтың қамы бар әрбір азамат түбінде атажұртына айналып келетіні анық. Шетелде жақсы тұрмыс, жоғары жалақы болғанымен, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп атам қазақ айтқандай,  ешбір жер ел өз еліңе жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда, әлемнің 40-тан астам еліне тарыдай шашылған қазақтың басы қосылатын жер – осы Қазақстан. Шетелден келген қазақпен бірге қазақтың тілі келеді, мәдениеті келеді,  шетелдің озық білімі де келеді. Біз қазір тілге тиек етіп отырған медицина саласы да бұдан тысқары емес, әрине.

– Қазір «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатырмыз. Алайда «Жаңа Қазақстанды» ескі идея­мен құра алмаймыз. Дамыған «Жаңа Қазақстанда» еліміздің барлық саласы өркендеуі керек. Сізше, Қазақстанның емдеу­-денсаулық сақтау саласының дамуы қалай?

– Пандемия кезінде біздің емдеу-денсаулық саласы тосын жағдайларға дайын емес екені бірден байқалды. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде дәрі-дәрмек жетіспей, беттұмша тапшылығы туылды. Дәрігерлердің өзі абдырап, емханалардың, денсаулық сақтау саласының шұғыл жағдайға төтеп беру жүйесінің әлсіз екенін көзіміз көрді. Көп емхана, ауруханаларда жұқпалы ауруларды емдеудің өлшемді жүйесі қалыптаспаған. Бас қаламызда жағдай осындай болғанда, басқа өңірлерге өкпе жоқ. Қазір індеттің беті қайтты. Бірақ біз бұдан қандай сабақ алдық? Мәселе осында. Тосын жағдайларға төтеп беру қуатымызды арттырмай, бұрынғы жолмен кете берсек, халықтың денсаулығын қорғай алмаймыз. Жұқпалы аурулардың алдын алуға кейбір емдеу орындарының инфрақұрылымдары жарамайды. Мұны өзгерту керек.

Ал емдеу жағына келсек, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде кейбір сырқаттарды әлі күнге дейін осыдан 5-10 жыл бұрынғы әдіспен емдеп жүргенін көзіміз көрді

– Айтқаныңыз орынды. Ал емдеу жағында қандай олқылықтар бар? 

– Емдеу саласына өтірік мақтанның түк те керегі жоқ, нақты нәтиже керек. Өйткені бұл – адам өмірімен қатысты сала. Қазақстанда ең бастысы, дәрігерлердің жалақысы төмен, жалақысы төмен дәрігерлер науқасты емдеуден бұрын өзіне қосымша табыс түсіруді көбірек ойлайтыны белгілі. Сондықтан дәрігерлердің жалақысын көтертіп, емдеу саласына бағытталған заңды қатайту керек ойлаймын. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде үлкен ауруханаларда істейтін дәрігерлердің көбі түске дейін ауруханада қызмет істесе, түс­тен кейін жеке емханаларға барып науқас қабылдайды екен. Ауруханаға келген науқасты дұрыстап тексермей, түстен кейін «пәлен жерге бар» деп жеке емханалардың мекенжайын беретін жағдайды да кезіктірдік. Міне, дәрігерлердің жалақысының төмендігінен олар осындай қадамға барады.

Ал емдеу жағына келсек, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде кейбір сырқаттарды әлі күнге дейін осыдан 5-10 жыл бұрынғы әдіспен емдеп жүргенін көзіміз көрді. Мәселен, жоғары лауазымды ағамыздың бір туысы астанадағы белгілі бір емханада өкпесіне су жиналып емделіп жатыр екен, бір апта емделсе де, дерттің беті қайтпаған соң, әлгі туысы мені ертіп барды. Барсам, өкпенің тұсынан тесіп, іштегі суды ағызу үшін түтікше өткізіпті. Бірақ түтікшенің аузы жоғары қарап тұр, түтікше іші де тазаланбағанын көріп таң қалдым. Шынын айтайын, еліміздегі ең мықты аурухананың жағдайы мынау болғанда қарапайым халық мына дәрігерлерге қалай сенеді деп ойладым. Әдетте жарақаттың тез бітуінде ақбелок (Альбумины) айырықша маңызды рөл атқарады. Егер адам денесіндегі ақбелоктың мөлшері 35 г/л төмен болса, жарақат оңай бітпейді. Ал әлгі сырқаттың қанындағы ақбелоктың мөлшері 25 г/л  ғана екен. Дәрігерлер мұны мүлде ескермеген. «20%-тік 100 миллилитерлік ақбелоктан күніне 2 құтыдан система арқылы салсаңыздар, 5 күнде әрең толықтануы мүмкін» деп кеңес бердім, бірақ олар «Біздің емдеу хаттамамызда мұндай әдіс жоқ» деп мұнымен келіспеді, бірақ кейін бәрібір менің айтуым бойынша емдеді. Ана кісі құлан-таза дертінен сауығып шықты. Мен мұны өзімнің білімді екенімді көрсетейін деп айтып отырғаным жоқ, керісінше, әрқандай ауруханада осындай кішкентай түйіндерге дейін ден қойылуы керек.

Мәселен, Нұр-­Сұлтан қаласының өзінде үлкен ауруханаларда істейтін дәрігерлердің көбі түске дейін ауруханада қызмет істесе, түс­тен кейін жеке емханаларға барып науқас қабылдайды екен. Ауруханаға келген науқасты дұрыстап тексермей, түстен кейін «пәлен жерге бар» деп жеке емханалардың мекенжайын беретін жағдайды да кезіктірдік

– Емханаларда науқастың жағдайына қарай емес, хаттамаға қарайтын болғаны ма?

– Хаттама қатып қалған нәрсе емес, әр науқастың емдеу тәртібі әртүрлі болады. Бірақ науқастың жағдайына қарай қосымша емдеулер де қажет. Хаттама деп қарап отыруға келмейді. Біздің мақсат – адам өмірін құтқару, қағаздағы сызық бойынша жүру емес. Тағы бір мысал айтайын, өңеш рагы болған адамға ота жасағанда тіккен жердің (өңештің жалғаған жері) ажырап кетпеуі үшін мұрын қуысы арқылы асқазанға және ішекке уақытша екі түтікше салып қояды. Еуропада да, Қытайда да, Жапония да солай. Бірақ Қазақстанда олай емес, яғни ішекке азықтық құйылатын түтікшені қоймайды. Жақында маған бір науқас келді, ол да өңештегі қатерлі ісікпен ауырып, ота жасатқан, бірақ сақтық үшін қосымша түтікше салынбаған. Сонымен жауапты дәрігеріне айтып, жағдайды түсіндіріп едім, ол кісі де пікірімді қабылдамады. «Ондай емдеу біздің хаттамада жоқ» деп қысқа қайырды. Көп өтпей әлгі адамның қайтыс болғанын естідім. Мүмкін ажал келген шығар,  бірақ Қытайдағы сияқ­ты емдесе, жазылып кетер ме еді деген өкініш бар. Тек мен ғана емес, осы астананың өзінде Қытайдан келген 10 шақты дәрігер бар,  солар да айтып жүр мұндай мәселелердің көп екенін. Демек, хаттама қатып қалған нәрсе емес, оны осы замандық тәсілге бейімдеп, жыл сайын ұдайы жаңартып отыру керек.

– Қытайда қалай? Хаттама жиі өзгертіле ме?

– Қытайда ауруханалар арасындағы қарым-қатынас өте күшті. Әсіресе,  дәрігерлер апта сайын онлайн кеңес өткізіп, өздері кездескен мәселелер мен емдеу әдістерін ортаға салып отырады, оған Бейжің, Шанхай сияқты ірі қалалардағы мықты ауруханалардың дәрігерлері де қатысады, өз ұсыныстарын ортаға салады, аурудың жаңа түрі байқалса, бәрі бірге зерттеп, қалай ота жасаудың жолын ақылдасады. Онымен ғана шектелмей, бір айда бір, бір жылда екі рет үлкен жиналыс өткізіп, жетістіктер мен ағаттықтарды қорытындылайды. Бұл жақта да мұндай барыс-келіс бар шығар, бірақ тым күшті емес сияқты. Астанадағы дәрігерлердің өзі кейбір емдеу тәсілінен бейхабар болғанына қарағанда, басқа өңірлер туралы бірдеңе айту қиын ғой. Бұл – емханалардың ғана кінәсі емес, Денсаулық сақтау министрлігінің де кемшілігі. Емханалар арасындағы селбес­тік дамымай, дәрігерлер арасындағы байланыс күшеймей, емдеу жүйеміз де дамымайды.

Қытайда да хаттамаға бағынады, бірақ дәрігерлер нау­қастың жағдайына қарай емдеу жүргізеді, хаттамада жоқ деп қарап отырмайды,  себебі дәрігер сол адамның өміріне жауапты болғаны үшін барлық амалдарды қолданады.

– Сіз омырау өспесін, қалқанша без өспесін көп зерттедіңіз. Осы аурулар бойынша күрделі оталар да жасадыңыз. Бұл жағында да ұқсамастықтар бар сияқты ма? 

– Омырау рагына душар болған адамға, ота жасалып болғаннан кейін, науқастың жағдайы қалыпты, ота дұрыс жасалған, науқас емдеуді көтере алатын жағдайда алтыншы күннен бастап химия терапиямен емдеуді бастайды. Әлемдік тәжірибе осындай. Ал Қазақстанда бұл бір-екі айға дейін созылып кететін жағдай да болады екен, тіпті, химиятерапия жасайтын маман еңбек демалысына кетіп қалса, науқастар ол келгенше күтетін жағдай да жоқ емес. Меніңше, бұл дұрыс емес, бұл емдеуді де халықаралық стандартқа сәйкестіру керек. Екіншіден, омырау рагына ота жасағанда, қолтықтағы қарауыл бездерді де тексеру керек, егер қарауылдағы бездер таза болса, оның арғы жағындағы қолтықтағы бездерді алудың керегі жоқ. Бұл ота Қытайда ең алдымен, Шанхайда жасалған. Мен соны Шанхайда бір жыл тұрып үйрендім. Қытайда жүрген кезімде Қазақстаннан барған талай адамға осындай ота жасадым, осында келген соң да іздеп келген адамдар болды, бұл жақтағы мен көрген науқастардың бірде-біреуіне осындай ота істелмеген. Бұл да үлкен кемшілік деп ойлаймын.

Мен әлі күнге дейін Қытай­дағы және Еуропадағы әріптестеріммен байланыс жасап отырамын, көбі менен Қазақстандағы емдеу жағдайын сұрайды. Мен Қазақстанға келгелі бірқанша ірі ауруханада ұсыныспен ота жасадым. Ал өз клиникамда ота жасайтын шарт-жағдай жоқ, ауруханаларға барсам, орыс тілін білмейсің деп бір, біздің хаттама бойынша жүресің деп екі кеудеңнен итереді. Қалай мен «Хаттамамен жүрем» деп 10-15 жыл бұрынғы әдіспен ота жасаймын. Бұл науқасқа қиянат қой.

Қытайда бір науқасқа ота жасасаң, ол өспе қатерлі ме, қатерсіз бе, ота үстінде бір сағатқа жетпей анықтап береді, яғни біз ота жасап жатқанда,  зертхана да жедел тексеру жасайды. Ал Қазақстанда бұл жағы өте кенже. Тіпті кейбір анализдерді Алматыға жіберіп немесе бірнеше күннен кейін анықтап жатады. Бұл дұрыс емес. Демек, Қазақстанның емдеу-денсаулық сақтау саласына қарасты зерттеу орындарын дамыту керек. Нау­қастардың тексерілуіне де өте көп уақыт кетеді. Кейбір анализ шыққанша кейде жарты айдан артық уақыт кетеді екен. Бұл шұғыл, тез асқынатын аурулар үшін өте қатерлі. СТ-ның өзі көп жерде бір күннен кейін, ең тез болғанда жарты күнде шығады екен. Ал Қытайда жарты сағатта дайын болады.

– Қытайда науқасқа ота жасаудан бұрын оған отаның барлық жағдайын түсіндіріп, онымен келіссе, қол қойдырып, мақұлдығын алатын еді. Бұл жақта қол қойғызғанын көргем жоқ. Сізше бұл дұрыс па?  

– Дұрыс айтасың, Қазақстанда адамға ота жасағанда оның заңды туысына (күйеуіне, әкесіне немесе жақын туыс-туғандарына) қол қойғыз­бай-ақ, «адам құтқару маңызды» деп ота жасай береді екен. Жақында маған бір жас келіншек келді, босанғаннан кейін қан тоқтамай, дәрігерлер «Адамды құтқару үшін» деп жатырын алып тастаған. Келіншектің де, күйеуінің де рұқсатын алмаған, ота қағазына қол да қойдырмаған. Ал келіншек болса,  бала сүйе алмасам, бұл өмірдің маған не қызығы қалды деп қан жылап отыр. Меніңше, бұл – дәрігерлердің жауапсыздығы әрі «біз білеміз» деп менменсуі. Меніңше, сол отаны жасаған дәрігер қан тоқтату әдісін білмейді, білсе жатырды бірақ кесіп тастамас еді. Қытайда, әсірелеп айтқанда, қолыңа тікен кіріп кетсе де, ота жасау үшін науқастың өзіне отаның жағдайын түсіндіреді әрі туыс-туғандарына қол қойдырып, мақұлдығын алады, ота үстінде ойламаған жағдай туылса, дер кезінде туыстарына хабар беріледі. Ол – жауапкершілік. Босанатын әйелдің өзіне қол қойдырады. Ал біздің елдегі сияқты дәрігерлер өзі біліп кесіп алып тастай берсе, науқастардың өміріне кім жауап береді?! Бұған сөзсіз өзгеріс енгізу керек. Емдеу саласына да ашықтық қажет.

– Сізше, еліміздің емдеу-­денсаулық сақтау саласы қайткенде дамиды? Біздегі науқастар қашан Қытайға, Израильге, Германияға бармай-ақ Қазақстанда емделеді?

– Қазақстан медицинасын дамытудың мүмкіндігі мол. Шетелде, АҚШ-та, Ұлыбыританияда, Жапонияда, Еуропаның дамыған елдерінде, Қытайда жүрген қазақ дәрігерлері де аз емес. Соларды маман ретінде шақырып,  тәжірибе алмасуға әбден болады. Тіпті, олардың арасында еңбек демалысымыз кезінде Қазақстанның емхана, ауруханаларына барып, тегін сабақ беріп, өз білгенімізді бөлісейік деп жүрген азаматтар да бар. Қазақстанда да шетелден оқып келген мамандар аз емес, бірақ олар Кеңес одағы кезіндегі бұғаудан шыға алды ма, мәселе сонда. Қысқасы, емдеу саласын дамыту үшін да санаға сілкініс керек. Іргеміздегі Ресейге жалтақтап,  Кеңес одағынан қалған тәсілмен адам емдеуді өзгертіп, жаңаша емдеуге бет алу керек. Ол үшін емханалардың, ауруханалардың, емдеу орталықтарының емдеу жүйесіне үлкен өзгеріс керек. Бұл жақтағы әріптес­терімізге күнде көріп жүрген соң байқалмауы мүмкін, бірақ шетелден келгенде емдеу саласындағы кемшіліктеріміз бірден көзге ұрады. «Сырт көз сыншы»  дегендей, мен мұның бәрін өз елімді сынап-мінеу үшін емес, шынайы күйінген соң айтып отырмын. Себебі бұл – менің Отаным. Мен де «Қазақстанның емдеу деңгейі дүниенің алдыңғы қатарына» өткен күнді көргім келеді. Ол – бар қазақ үшін де мақтаныш.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button