Елордада – елшілер

Хонг-сок Ку: Екі халықты ұқсас мәдениеті мен ұлттық құндылықтары біріктіреді

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хонг-сок Ку мыр­за­мен екі елдің қарым-қатынастары, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, ел астаналарының ұқсастықтары төңірегінде сұхбаттастық. Сүйсінерлік жайттың бірі, Хонг-сок Ку елшілік қызметі кезінде қазақ тілін үйренуге, қазақ халқының салт-дәстүрлерін білуге деген зор ықыласы барын жеткізді.

[smartslider3 slider=1296]

– Құрметті елші мырза, 30 жылдағы тәуелсіз Қазақстанның даму жолына, өзгерістерге қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен экономикалық жағынан көптеген жетістіктерге жетті. Нарық экономикасына көшу және шетелден инвестиция тартудың қарқын алуы Қазақстанның 30 жылдағы табысының бірі деп атап едім. Қазақстанның мұндай экономикалық жолды таңдауы Орталық Азиядағы басқа елдерге үлгі болды. Қазақстанның өз алдына тәуелсіз ел болған соң, әлемдегі көлемі жөнінен төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы және ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдауы халықаралық қауымдастықтағы беделін өсірді. Қазір Қазақстан ядролық қарусыздану бойынша пікірталастарда жетекші рөл атқарады. Мемлекеттің ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы Солтүстік Кореяны денуклеаризациялау міндетін алдына қойған Оңтүстік Корея Үкіметі үшін маңызды. Мен 1992 жылы Елбасының «Болашақ» бағдарламасын іске қосып, елде әлемдік деңгейдегі университет ашып, жас көшбасшыларды дайындауға ерекше көңіл бөлгенін тамаша шешім деп санаймын. Қазақстанда тұратын корей диаспорасы жөнінде бірер сөз. Қазір Қазақстанда 1008000 корей тұрады, олар – 1937 жылы Қиыр Шығыстан күшпен көшірілген корейлердің ұрпақтары. Корей диаспорасының өкілдері Корея мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынас­тарды дамытуда көпір ретінде маңызды рөл атқаруда. Мәселен, Қазақстанның тарихында алғаш рет Парламент Мәжілісінің 7-шақырылымына сайлау өткенде, екі корей азаматы депутат болып сайланды. Ел Үкіметі жүргізіп отырған көпұлттық келісім сая­саты жергілікті корейлердің бақуатты өмір сүріп, биік белес­терге көтерілуіне жол ашты. Бұл елдегі этникалық азшылықтың өзі ешқандай кемсітушіліксіз табысқа жететінін дәлелдеп отыр. Меніңше, төзімділік деген негізгі фактор Қазақстанның қарыштап дамуына септігін тигізді.

– Екі елдің қарым-қатынасы қандай деңгейге көтерілді? Алдағы уақытта қандай салалардағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру қажет деп санайсыз?

– 2009 жылы стратегиялық әріптестік байланыстар орнаған кезден бастап ынтымақтастық пен алмасудың арқасында Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай дамыды. Соның нәтижесінде Қазақстан Кореяның Орталық Азия аймағындағы ірі сауда және инвестициялық әріптесіне және «Жаңа Солтүстік саясаттағы» шешуші серіктесіне айналды. Одан әрі екіжақты қатынастар мемлекет басшыларының арасындағы сенімге негізделген байланыстар арқылы дамыды. Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің 2019 жылы сәуірде Қазақстанға ресми сапарының және «Самал жел» атты экономикалық ынтымақтастық бастамасын қабылдау нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық едәуір нығайды. Биыл тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея­ға мемлекеттік сапармен баруы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге жол ашты. Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында Корея тарапынан салынған инвестициялар көлемі бойынша бірінші орында тұрған ел. 2021 жылғы наурыздағы мәлімет бойынша Кореяның Қазақстанға салынған инвестиция­ларының көлемі 5,9 млрд АҚШ долларын (бұл – Орталық Азия елдеріндегі инвестициялардың жалпы көлемінің 70 пайызы) құрады. 2019 жылы Корея мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда (корей тарапының статис­тикасы бойынша) рекордтық деңгей 4,2 млрд долларға жетті. Samsung, LG, Hyundai Motor, Lotte сияқты ірі компаниялардан бөлек, жалпы саны шамамен 320 корей компаниялары құрылыста, өндірісте өз филиалын ашып, Қазақстанда жұмыс істеуде. Соңғы жылдары корей компаниялары табиғи ресурстарды өндіру, қайта өңдеу, өндіріс, құрылыс саласындағы ынтымақтастықты автокөлік шығару, цифрлық технология­лар, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларын әртараптандырды. COVID-19 пандемиясы әсерінен өзара кездесулер және адамдармен алмасу уақытша тоқтағанына қарамастан, Кореяға (2014 жылы екі ел арасында визасыз тәртіп енгізу туралы келісім жасалды) баратын қазақстандықтардың саны үздіксіз өсуде. Мысалға, 2014 жылы Кореяға 22000 Қазақстан азаматы барса, 2019 жылы бұл сан 53000-ға көбейді. Тамыз айындағы мемлекет басшылары кездесуінде Кореяның екінші үлкен қаласы – Пусанда Қазақстан Республикасының бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта екі ел арасындағы азаматтар алмасу одан әрі жандана түсері анық. Мұның бәрі – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейге көтерілгенінің белгісі. Бұл жерде қандай да бір салаға басымдық беруге болмайды. Корея Республикасы өзінің технологиясы және қауіпсіздігі арқасында ядролық энергияны тиімді пайдаланатын халықаралық деңгейдегі жетекші ел ретінде мойындалды. Бұл сөзіме елдегі АЭС-ті пайдаланудың көпжылдық тәжірибесі және БАӘ-дегі АЭС-ті салу мысалы дәлел болады. ­Президент Қ.Тоқаев 1 қыркүйек­тегі халыққа Жолдауында ­Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігі халық пікірін ескере отырып қарастырылатынын айтты. Егер Қазақстан АЭС салу жобасын іске асыратын болса, менің ойымша, екі ел арасындағы бұл бағыттағы ынтымақтастықтың келешегі зор болмақ.

– Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Сіздің елдің қарапайым тұрғыны Қазақстан туралы біле ме? Елімізге алғаш келген кездегі әсеріңіз қандай болды?

– Мен Қазақстанға елші болып 2020 жылы маусым айында, COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған кезде келдім. Содан бері 1 жыл 5 ай уақыт өтіпті. Індеттің әсерінен Сеул-Нұр-Сұлтан тікелей рейсі тоқтап қалған соң, елордаға Алматы арқылы ұшып келдім. Әуежайдан Алатауды алғаш көріп таң-тамаша болдым. «Эйр Астана» әуекомпаниясы және әуежай қызметкерлерінің өзіме және отбасыма ерекше ілтипатпен және ізгілікпен қарағаны әлі есімде. Осынау жылышырайлы, жағымды әсер Қазақстанда одан әрі жалғасты. Қазақ халқы шетелдіктерге, соның ішінде Корея азаматтарына айрықша ықыласпен қарайды. Корей тілін білетін, менімен өз ана тілімде сөйлескен қазақстандықтар көп болды. Корея азаматтары үшін Қазақстан өзінің ұлан-байтақ жерімен, әсем табиғатымен, бай ресурсымен танымал. Сонау 1937 жылы Кеңес Одағының ұйғарымымен Қиыр Шығыстан корейлерді күшпен көшірген кезде қазақ халқы құшағын жайып қарсы алды. Көпшілік мұны жақсы біледі. Тамыз айындағы Президент Қ.Тоқаевтың сапарына орай Кореяның тәуелсіздігі жолында күресіп, Қызылорда қаласында жерленген генерал Хон Бом Доның күлі отанына қайтарылды. Осынау айтулы оқиғаның аясында Корея азаматтары корей диаспорасының тарихы, бастан кешкен қиыншылықтары туралы және қазақ халқының қонақжайлығы, бейбітшіліксүйгіштігі, жомарттығы жөнінде көбірек білуге ұмтылды. Қазақтардың асқан қонақжайлығы корей мәдениетімен ұқсас. Бұдан бөлек, екі халықты үлкенді құрметтеу, сыпайылық, ата-ананы ардақтау, отбасы құндылықтары сияқты бір-біріне ұқсайтын дәстүрлері мен құндылықтары біріктіреді.

– Елордамыз сізге несімен ерекшеленеді? Сіздің елдің астанасынан не үйренуге болады? Бас қаламызды дамытуда нені ескерген жөн деп ойлайсыз?

– Нұр-Сұлтан Кореяның астанасы – Сеулге ұқсайды, бірақ оның арнайы әкімшілік қаламыз – Седжонгпен ұқсастығы көп. Бұл қала үйлесімді ұлттық даму және Сеулдегі халық тығыздығы мәселесін шешу мақсатында 2012 жылы салынды. Сеулде жұмыс істеп жүріп, Седжонгқа жолым түскенде байқағаным, Нұр-Сұлтан мен Седжонг – нақты жобамен салынған, қажетті инфрақұрылымы бар қауіпсіз қалалар. Екеуінде де білім беру мекемелері көп. Бір қынжылатыным, Нұр-­Сұлтанда далада спортпен айналысуға шектеу қоятыны ғана. Мен спортпен айналысқанды ұнатамын. Бірақ қыстыгүні бұл қиын, індеттің кесірінен жабық бөлмелерде де еркін айналысуға тыйым салынды. Алайда COVID-19-дың бірте-бірте тұрақталуына қарай ахуал өзгереді деп сенемін. Қала тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдетуге көшедегі қарды уақытында тазалап, ұзаққа созылатын қыс мезгілінде әртүрлі ойын-сауық нысандарын салғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне алғыс айтамын. Мысалы, Сеулдің жазы ыстық, қысы суық. Суық күндері далада көп жүре алмайсың. Бұл мәселені шешу үшін көптеген нысандар мен ғимараттар арасына жер асты арқылы жол салынған. Кеңседе жұмыс істеп болған соң, ойын-сауық нысанына жерастындағы метро немесе жерасты өтпелі арқылы бара аласың. Сеулдегі дипломаттар мұның өте қолайлы екенін айтып жүр. Нұр-Сұлтанда да осы тәсілді қолдануға болады.

– Қаланың қай жерінде демалғанды ұнатасыз?

– Демалыс күндері таза ауада серуендегенді, кітап оқығанды ұнатамын. Сондай-ақ өзімнің әріптестеріммен, басқа елдердің дипломаттарымен гольф ойнаймыз.

– Өз еліңізді және Қазақстанды бір ауыз пікірмен, сөзбен қалай сипаттар едіңіз?

– Кореяны бір ауыз сөзбен «динамизм» деп сипаттар едім. Корея тәуелсіздігін алған соң, соғысты басынан кешірді. Бірақ жарты ғасырда әлемдегі көлемі жөнінен 10-ыншы экономикаға, ашық және демократиялық елге айналды. Қазіргі Корея – цифрлық технологиялар, медицина, машина жасау және тағы басқа тұрақты өзгерістерді талап ететін салаларда жетекші мемлекет. Қазақстанды бір ауыз сөзбен «төзімді адамдар елі» деп атар едім, себебі қазақтардың ақжарқын мінезі дарқан даласына ұқсайды. Көпұлтты Қазақстанның басты байлығы – мұнда өмір сүретін қазақ ұлты мен этностардың татулығы, бірлігі, үйлесімдігі. Корея үкіметі көпұлттық келісім саясатына қызығушылықпен қарайды.

– Екі ел арасындағы мәдени, рухани және басқа да салалардағы байланыстар жақсы дамып келеді. Соның бірі – білім беру. Қазір Кореяда қанша қазақ жастары оқиды және Қазақстанда қанша корей жастары білім алуда? Екі мемлекеттің білім беру саласындағы артықшылығы қандай?

– Кореяда оқитын қазақстандық студенттердің саны үнемі артып келеді. Бұл көрсеткіш 8 жылда үш есеге дейін өсті: мысалы, 2011 жылы 276 студент болса, 2019 жылы 1034-ке жетті. 2020 жылы індеттің әсерінен Кореяда оқитын студенттер саны 945-ке кеміді. Өткен жылы сәуір айынан бастап визасыз тәртіп туралы келісімнің күші уақытша тоқталып, студенттерге виза беруге шектеу қойылды. Алайда пандемияға қатысты ахуал жақсарған соң, Кореяға баратын студенттер саны қайта өседі деп ойлаймын. Меніңше, мұндай қызығушылықтың туындауына корей фильмдері, телетоптамалары және веб-комикстері сияқты корей мәдениетінің танымалдығы жағымды әсер етеді. Қазір жұрттың көбі корейлік BTS тобын, «Паразит» фильмін және «Кальмар ойыны» топтамасын жақсы біледі. Қазақстан аумағында 14 университетте қазір корейтану факультеті бар, корей тілі курсы оқытылады, 21 орта мектепте корей тілі сабағы жүргізіледі. Пандемия корейлік студенттердің Қазақстанға оқуға келуіне біршама кедергі болғаны анық.

– Біздің газет арқылы астаналықтарға қандай тілек айтасыз?

– Елшілік қызметіме кіріскен соң қалаға жиі-жиі серуенге шығатын болдым. Сонда бір қуанғаным, мені таныған тұрғындардың кейбірі корей тілінде амандасып, танысқанына ризашылық білдірді. Бір кемшілігім, елші болып тағайындалған соң, жұмыс кестесінің тығыздығынан, қазақ және орыс тілдерін үйренуге мұршам болмай кетті. Соған қатты өкініп жүрмін. Корей және қазақ тілінің грамматикасы ұқсас дегенді естідім. Демек, екі ел азаматтарына тіл үйрену жеңіл болмақ. Сондықтан елшілік қыз­метімді атқарған кезеңде қазақ тілін үйренемін деген үмітім бар, сөйтіп, өзіме ана тілімде амандасқан адамдарға қазақша жауап бергім келеді. Қазақстан әркез Кореяның жақын досы және сенімді серігі болып келеді. Қ.Тоқаевтың Кореяға барған сапарынан кейін екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік кеңейе түсетініне сенімім мол. Айтпақшы, 2022 жылы Корея мен Қазақстанның арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы датаны атап өту үшін 2021 жылы тамыз айында екі мемлекеттің басшылары 2022 жылды «Өзара мәдени байланыстар жылы» деп жариялады. Біздің елшілік қазақстандықтарды корей мәдениетінің әртүрлі жағымен таныстыру үшін көптеген іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Астаналықтарды осы шараларға белсенді қатысуға шақырамын! Елорда тұрғындарына зор денсау­лық, баянды бақыт және ұзақ өмір тілеймін!

Қысқаша өмірдерек:

Хонг-сок Ку 1968 жылы 21 тамызда Сеул­де туған. Ёнсе университетін саясаттану және халықаралық қатынас­тар, шет тілдер және ұлттық қауіпсіздік мамандығы бойынша бітірді. Жапониядағы Кэйо университетінің заң факультетін, АҚШ-тағы Калифорния университетінің жоғары мектебін бітірген. 1993 жылдан бері Корея Республикасының дипломатиялық қызметінде еңбек етеді. Әр жылдары елшілікте әртүрлі қызмет атқарды. Кореяның Жапониядағы, Брунейдегі, Қытайдағы елшіліктерінде жұмыс істеді. Үйленген, бір қызы, бір ұлы бар. Ағылшын, жапон, қытай тілдерін біледі.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button