Игілігі мол жоба
Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған Joltap жобасы қазір елордалықтар арасында кеңінен танылып отыр. Аталған жоба арқылы тегін курс оқып, кәсіби дағдысын табыс көзіне айналдырып жатқан тұрғындар көп.
Жобаның игілігін көргендердің бірі – астаналық Анжела Қожниязова. Ол Joltap жобасында үш бағыт бойынша қысқа мерзімді курс оқып, жаңа мамандықтарды игерді.
Joltap жобасының аясында «Freelance мүмкіндік» деп аталатын бағдарлама нарықта сұранысқа ие және танымал цифрлық дағдыларды оқытуға бағытталған. Бағдарламадан курс қатысушылары SMM, таргет, видеография, мобилография, графикалық дизайн, маркетплейс, сайттарды әзірлеу сияқты сегіз базалық біліктілікті игеріп шығады.
– Мен елордадағы жеке музыкалық мектептің басқарушысымын. Онда тұрғындар фортепиано, гитара, домбыра және вокал бойынша сабақ алады. Жүзеге асырылып жатқан жұмыстарымызды көпшілікке таныстырып, контент түсіру үшін маған мобилография дағдысы қажет болды. Ал таргетологты үйрену арқылы мектебімізге айына 300-ден астам тапсырыс түсірдік. Графикалық дизайнды білуімнің нәтижесінде әлеуметтік желіге оқырманға тартымды макеттер жасай бастадым. Мұның бәрі жұмысымыздың алға жылжуына әсер етті. Осылайша Joltap жобасынан үш бағыт бойынша қысқа мерзімді курс оқып шықтым, – деді Анжела Маратқызы.
Ол қала тұрғындарына осындай теңдессіз мүмкіндік беріп отырған жобаның тиімділігін жоғары бағалады. Сондай-ақ жоба ұйымдастырушыларына сапалы білім бергені үшін зор алғыс білдірді.
– Бұл білім арқылы шынайы өмірде шын табыс таба алатыныма сенімдімін. Сондықтан елордалықтарға осы курстарға жазылсаңыздар, өкінбейсіздер дегім келеді. Бұл – сөзсіз қажетті білім, – деді жоба қатысушысы.
Joltap жобасы аясында, жоғарыда аталған бағдарламадан бөлек, тігінші, кассир сияқты сауда, құрылыс және қызмет көрсету салаларына білікті жұмысшы мамандарды дайындайтын тегін қысқа мерзімді курстар да бар.
Көпшілік шоғырланатын жерлерде орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері азаматтарға тұрғын үй бағдарламалары, бизнес гранттары, әлеуметтік көмектер және жұмысқа орналасу туралы да ақпараттар береді.
Жалпы Joltap жобасы – елордада былтырдан бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік жоба. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған оның мақсаты – халықтың табысын арттыру мүмкіндіктерін таңдауға көмектесу. Оған кез келген жұмыссыз жандар; NEET санатындағы тәжірибесі мен білім-білігі жоқ адамдар және табысын арттыруға мүдделі жандар тегін қатыса алады. Сабақтар қажетті заттармен жабдықталған жеке оқу сыныптарында өтеді.
Қысқа мерзімді оқыту бағдарламасына 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары қатыса алады. Оларға көп жылдық тәжірибесі бар мамандар сабақ береді. Жоба аясында оқу мерзімі үш күннен бір айға дейін созылады. Қатысушылар оқуды толық аяқтап, емтиханды сәтті тапсырған соң, әрқайсысына сертификат беріледі.
Joltap жобасына қатысу үшін байланыс орталығының нөміріне хабарласу қажет. Сонымен қатар жобаның «Баршаға мүмкіндік» деп аталатын модульдік бекеттеріне барып жазылуға болады.
Тұрғындар қаланың бос жұмыс орындары бар Jumys Tap Telegram-ботын пайдаланып, jumystap.kz платформасында тіркеле алады. Сондай-ақ олардың шағын бизнес ашуға арналған несие беру бағдарламалары туралы қысқа мерзімді курстан өтуге мүмкіндігі бар. Толық ақпаратты call-орталықтың нөмірі бойынша білуге болады: 8-707-221-31-31.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ