Жаңалықтар

Игілік ЖАЛБЫРОВ, Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы: АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІҢ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

ZAH_0120

Еліміз бойынша 5 сәуірде сайлау учаскелері өз жұмысын бастады. Осыған орай, электоралды кампания ғана емес, сайлаушылар да белсенділік танытуда. Кезектен тыс Президент сайлауында дауыс беретін азаматтардың құқы туралы дүйсенбі күні өткен тікелей тілдесу барысында қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров түсіндірді.

 

Әнуар Сырғабеков:

– Басқа қалада ұзақ мерзімді іссапарда жүруіме байланысты сайлауға қатыса аламын ба?

– Сайлауға отыз күн қалғанға дейін сайлау­шының тұрғылықты мекенжайы бойынша сайлауға қатыса алмайтыны белгілі болған жағдайда, ол өзінің аты-жөнін сайлау­шылардың сәйкес тізіміне енгізу жөнінде іссапарда жүрген елдімекендегі жергілікті атқарушы органға жазбаша түрде өтініш беріп, хабарласуға құқылы. Содан кейін жергілікті атқарушы орган сізді тұрғылықты мекенжай бойынша сайлау­шылар тізімінен алып тастайды. Егер сіз бұл мүмкіндікті пайдаланбасаңыз, онда 10 сәуірден бастап  сіз сол учаскедеден шығу куәлігін алып, сол арқылы өзіңіз іссапарда жүрген елдімекенде дауыс беру құқығына ие боласыз.

 

Лариса Петровна:

– Жолдасым  мүгедек, денсаулық жағ­дайына байланысты   сайлау учаскесіне келе алмайды. Ол қалай дауыс береді?

– Денсаулық жағдайына байланысты сайлау орнына келе алмайтын азаматтардың үйде дауыс беруі де қарастырылған.  Егер азамат денсаулық жағдайына байланысты немесе аса ауыр халдегі науқасқа күтім жасауына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын болса, онда ол алдын ала учаскелік сайлау комиссиясына,  үй жағдайында дауыс беру жөнінде өтініш қалдыруға құқылы.  Өтініш 26 сәуір күні сағат 12-ден кешіктірілмей берілуі керек. Өтініш жазылғаннан кейін жолдасыңыз үйде дауыс бере алады. Учаскелік комиссияда өтініштің үлгілері көрсетілген. Қажет болған жағдайда сайлау күні комиссия мүшесі бюллетень тастайтын көшпелі жәшікті үйіңізге алып келу де қарастырылған.

 

Әлия:

– Игілік Иманбайұлы, айтыңызшы, сайлаушылар тізімінен өз аты-жөнімді алдын ала көруіме бола ма?

– Бүгінгі таңда учаскелік сайлау комиссияларында сайлаушылар тізімі жасалуда. Ол азаматтардың танысуы үшін 10 сәуірден кешіктірілмей барлық учаскелерге беріледі. Сондықтан, сіз сайлаушы ретінде көрсетілген мерзімнен кейін учаскелік сайлау комиссиясына барып, өз аты-жөніңізді сол жерден алдын ала көре аласыз. Сонымен бірге учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылар тізімін нақтылайды. Сайлаушылар тізімін толық құру мақсатында учаскелік сайлау комиссиялары халыққа қызмет көрсету орталықтарымен бірлесе жұмыс істеуде. Ескертетін бір жәйт, сайлау күні сайлау комиссиясының мүшелері әр сайлаушыға жеке басын растайтын куәлігін, уақытша куәлігін, паспортын немесе әскери билетін көрсеткен жағдайда тек бір ғана бюллетень береді.

 

Дмитрий Сухарев:

– Басқа қалада тіркеудемін. Бірақ, Астанадағы жоғары оқу орнында оқып жүрмін. Мен сайлауға қатыса аламын ба?

– Жалпы 10 сәуірден бастап азаматтардың танысуы үшін барлық сайлау учаскелеріне сайлаушылардың тізімдері беріледі. Осы уақыттан бастап 25 сәуірге дейінгі мерзімде сіз оқып жүрген білім ордасының мекенжайы бойынша есептен шығару куәлігін алуыңызға болады. Сайлау өтетін күні сол куәлік арқылы дауыс беруіңізге әбден болады. Ал, егер сіз жатақханада тұратын, күндізгі оқу бөлімінің студенті болсаңыз, сіздің аты-жөніңіз сол жатақхана орналасқан мекенжайдағы сайлау­шылар тізіміне енгізіледі.

Валентина Петрова:

– Әжем ауруханада жатыр. Бірақ ол әлеуметтік жағынан өте белсенді адам. Сондықтан сайлауға бара алам ба, қатыса алмай қалам ба деп әлден уайымдап жүр. Ол кісі қалай дауыс береді?

– Қаладағы емдеу мекемелерінде де сайлау учаскелері ұйымдастырылған. Сайлау қарсаңында сайлаушылардың тізімі емдеу мекемесінің бас дәрігерімен келісіле отырып бекітіледі. Сондықтан емделушілер де сайлауға қатыса алады. Тек, олардың дауыс беруі үшін өздерімен бірге жеке бастарын растайтын куәліктерінің болуы шарт.

 

Рамазан:

– Өткен сайлауда менің аты-жөнім сайлау­шылар тізімінде болмай шықты. Биыл да дауыс беруге барғанда дәл осындай жағдай орын алса не істеуім керек?

– Азаматтар тіркеуде тұрған мекенжайы бойынша дауыс бере алады. Егер сіздің аты-жөніңіз сайлаушылардың тізімінде болмай шықса, онда сіз Астанада тіркелгендігіңізді растайтын тиісті құжатыңызды көрсету арқылы дауыс бере аласыз. Сонымен бірге сайлау комиссиясының мүшелері сіздің келісіміңізбен халыққа қызмет көрсету орталықтарынан Астанада тіркелгендігіңізді растайтын құжатты алдыруға құқылы. Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар тіркеу туралы құжатыңызды растаса, сол сәтте-ақ комиссия мүшелері сізді сайлаушылар тізіміне енгізеді.

Дайындаған:

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button