Әлеумет

Игілікті істің иесі

Жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде әлеуметтік қызмет көрсететін маман болу оңай шаруа емес. Оған жүктелер міндет көп, жауапкершілік жоғары.

Соған қарамастан, тағдырдың жазуымен қартайған шағында жалғыз қалған қариялар мен дерті жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі балаларға жанының жылуын сыйлап, үнемі игілікті істің басы-қасында жүретін жандар жоқ емес арамызда. Солардың бірі – елордалық Динара Тахарова.

Оның бұл салаға келуі де тегіннен-тегін емес. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезінде анасынан, колледждің бірінші курсын тәмамдар тұста әкесінен айырылып, тағдырдың тауқыметіне тап болған қаршадай қыз ата-анасына көзі тірісінде оларға көрсете алмаған қамқорлықты бүгінде қараусыз қалған қарияларға сыйлап, қарт адамдарға қарайласуды мақсат етеді. Сөйтіп, жалғызілікті жандармен сырласып, ақылдасып, бірге жұмыс істеуге бел буады.

– Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сол бойынша алдымен интернатта, кейін балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істедім. 2019 жылы отбасылық қиын жағдайға байланысты «Үміт» кризистік орталығына келіп, алты айдай осы жерде тұрып, психологтармен, әлеуметтік қызметкерлермен ашық сөйлесіп, пікірлескеннен кейін сол кісілердің көмегімен Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» орталығына жұмысқа орналастым. Содан бері әлеуметтік салаға үлесімді қосып, қаламыздағы тыл еңбеккерлері мен жалғызілікті зейнеткерлерге қамқорлық жасап келемін, – деді Д.Тахарова.

Расында да, қарттарға қамқорлық көрсетіп, көмектесудің өзі – үлкен ізгілікті іс. Олар да балалар сияқты күтімді қажет етеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, оң қабақ танытып, жылы сөйлессең, соған мәз болады. Кейбір қызмет алушы әжейлер үйлерінде гүл өсіргенді жақсы көреді. Соларды бірге күтіп-баптайды. Жаралы жандарына титтей де болса үміт отын сыйлап, ертеңіне сенім отын жағады. Қысқасы, әлеуметтік қызметкерлер таңның атысы, кештің батысы бір тыным таппайды. Орталықта істейтін бір әлеуметтік қызметкерге сегіз адамнан бөлініп берілген. Динара Аяпбергенқызы қамқорлығындағы әр адамға аптасына екі рет барады. Бір күнде төрт адамның үйіне барып, әр үйде 1,5-2 сағаттай болып, әрқайсысына жеке-жеке әлеуметтік қызмет көрсетеді. Ол тек үй тіршілігіне ғана емес, сондай-ақ өзінің қамқорлығындағы үлкен кісілерге моральдық-психологиялық жағынан да көмек көрсетуге тырысады.

– Әлеуметтік қызметкер болу үшін адам күйзеліске төзімді, жан-жақты, мейірімді, өз жұмысын жақсы көретін, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға шын мәнінде жаны ашитын, кең жүректі, күйзеліске төзімді болу керек. Өзім бұл жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, әр қызмет алушының көзінен кішкентай үміт сәулесін көрудің өзі – мен үшін үлкен бақыт. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қарттарға көмектесе жүріп, кейде білмегеніммен бөлісіп, тәжірибе жинап келемін. Қамқорлығымдағы адамдарға бөгде адамға есік ашпауын айтамын. Қай үйге қашан баратынымды алдын ала қоңырау шалып, ескертіп қоямын. Олар да мені сол уақытта күтіп отырады, – деді әлеуметтік қызметкер.

Иә, ол қандай жағдай болмасын қызмет алушыларының жанынан табылуға, қолдау көрсетіп, көмектесіп қана қоймай, қажет болған кезде олармен сырласуға, ақылдасуға тырысады. Тіпті олар үшін уайымдайтын, өміріне алаңдайтын кезі де болады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button